Елімізде белең алған инфляция әсері коммуналдық шығындарға да өзгеріс әкелуде. Бұған дейін газ бағасының өсуі халық тарапынан наразылық туғызғаны анық. Бірақ, электр энергиясы тарифіндегі болуы мүмкін өзгерістерді «Энергосервис» мекемесі егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Қаланың барлығын дерлік, одан қалса қалаға қарасты ауылдық округтерді, көрші аудандардың ауылдарына электр жеткізіп отырған «Энергосервис» мекемесі жергілікті нарықты түгел аузына қаратып отыр.
Өз тарифтеріндегі өзгерістерді табиғи монополия комитетіне ұсынып, кәсіпкерлік кодексіне сәйкес халық арасындағы талқылауға ұсынған болатын. Мекеме 2012 жылдан бері қала мен көршілес елді-мекендерге электр тасымалдап келеді. Сол жылдар аралығында жыл сайынғы жиналған шығындардың көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтаған. Оған қоса банк алдында да 600 миллионнан аса қарызы бар болып шықты.
Қазірде 95 769 адамды электрмен қамтып отырған мекемеде министрлік бекіткен нормаға сай 205 қызметкер жұмыс жасау керек болса, шын мәнінде қазіргі таңда ол жақта 118 адам жұмыс істеуде. Бұның да өзіндік шығыны болса керек. Содан болар, мекеме тариф бағасын сәл көтергісі келіп отыр.
Қоғам белсенділері тариф қымбаттар болса аталған мекемеге нарықтан мүлде кетуге кеңес берді. Бірақ амал бар ма? Аталған мекеменің жұмысын атқара алар бөлек мекемелер жоқтың қасы болып отыр. Э
лектр энергиясымен жабдықтау қызметінің жоспарланған бағасы 1 кВт.сағ ҚҚС-мен 23,23 теңгені құрайды.
Электр энергия тарифтерінің өзгеруінің негізгі себебтері Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы №226 бұйрығына сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құнының 0,1 пайыздан 6,6 пайызға дейін, электр энергиясын тасымалдау тарифінің «КЕГОК» АҚ-ның 1,8 пайызға және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 18,6 пайызға, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1 кВт.сағатқа 0,57 теңгеден 1,55 теңгеге артуы болып табылады.
Ал «Энергосервис» мекемесінің айтуына сенсек, электр өндіруші станциялардан тоқты алған соң оның тасымалы, өзге де шығындарынан кейін мекемеге қалатын пайда мүлде жоқ көрінеді. Бұл тұрғыда қоғам белсенділері пайда әкелмесе неліктен мекеме әлі күнге жұмыс жасауда деген сауал қоюда.
Осы мәселелердің ақ-қарасын ажыратып алу үшін де мекеме тарапы қоғам белсенділерімен, тиісті өкілдермен жолыққан болатын. Бірнеше мәселелер талқыланған соң әліптің артын бағудан басқа амал қалмады. Айта кету керек, аталған мәселелерді ескере отыра табиғи монополия комитеті соңғы, шешуші сөзін 21-ші қазан күні айтатын болады.