Жыл сайын егін жинау науқаны кезінде дәстүрлі түрде жанар-жағар май тапшылыққа тап болады. Дәл кешегі тосап қайнату науқанындағы қанттың қатқа айналып, бағасы екіүш есе қымбаттағаны сияқты, ауылдағы шаруа еккенін ысырапсыз жинап алуға жеткен тұста жанар-жағар май жетпей жатыр. Осы аптадағы Үкімет жиналысында Энергетика министрі Б.Ақшолақов “22 тамыздағы жағдай бойынша мұнай базаларындағы және жолдағы АИ-92 бензинінің жиынтық қоры 180,0 мың тоннаны құрайды, бұл қажеттілікті 14 күнге жабады. Дизель отынының қоры 220,8 мың тоннаны құрайды, бұл 13 күнге жетеді” деді.
Демек, жанар-жағар май жетіспеушілігі, сөзсіз орын алады. Тағы да министр сөзіне ден қойсақ, “жүргізуші куәлігі болған жағдайда лимит тәулігіне қолданыстағы бағасы 230-260 теңге болатын 100 литр дизель отынын құрайтын болады, жүргізуші куәлігі мен техпаспорт болған кезде жүк көлігі үшін лимит тәулігіне 300 литр болады. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемдерден жоғары дизель отыны 450 теңгеден беріледі” – деді. Әрине, бұл мәселенің түпкілікті шешімі емес.
Негізі мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағар май жеткілікті мөлшерде өндірілуде, сондай-ақ, олардың жеткілікті қорлары да бар. Алайда мұнай өнімдерін жеткізуде бос вагонцистерналардың жетіспеушілігі, сондай-ақ вагондарды жеткізу бекеттеріне дейін жеткізу мерзімдерінің, ұзақтығы жанар-жағар май тапшылығына әкеліп отыр. Тапшы зат қатқа айналса, қаттың қымбаттайтыны да анық.
Ал, жанар-жағар май қымбаттаса бүкіл дүние қымбаттайды. Содан да болар облыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімі Н.Нәлібаев тиісті сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне күзгі дала жұмыстары мен егін орағына үкімет тарапынан кепілді бағамен бөлінген жағар-жанар майдың облысқа белгіленген кестеге сай жеткізілуін және зауыттардан тиісті уақытта тиелуін бақылауға алуды тапсырды.