Биыл Қызылорда қаласында 92 жоба жүзеге асуда. Сол жобаның бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту. Осы бағытта бюджеттің барлық көздерінен 6 млрд. теңге қаралған. Осыған орай биыл біраз ауқымды жұмыс қолға алынған. Қала аумағында жөндеуден өтетін көшелер мен мердігер мекемелер анықталып, тиісті қаржы бөлінген. Тіпті қызу жұмыстың нәтижесі сезілуде.

– Жол-көлік инфрақұрылымы бойынша қалада ауқымды іс атқарылып жатыр. Тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін шаһарға кіретін күре тамыр жолдардың барлығына мән беріліп жатыр. Осы ретте әуежай жолы мен Шиелі ауданынан кіре беріс жолдарға кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда, – деді, қала әкімі Нұржан Ахатов өзінің берген бір сұхбатында.

Еліміздің бас қаласы Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар қаланың магистралды Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақтыға кеңейтілуде.

Оған қоса Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылып, 96 көшеге күрделі, 34 көшеге орташа жол жөндеу және жаңа жол құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. Айталық, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралықта жаңа жол құрылысы салынды. Сонымен бірге Сырдария жағалауының бойынан ескі базар мен «Мерей» шағын ауданы аралығына жаңа жол салу жоспарда бар.

Ал жаяу жүргінші жолдары бойынша биыл 2,3 млрд. теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Олардың 40-ы қалада, Тасбөгет кентінен – 6, Белкөлден – 1, Қарауылтөбе ауылынан – 7 жаяу жүргінші жолы. Сондай-ақ жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қала көлемінде 81 көшені жарықтандыруға 1,4 млрд теңге бөлінді. Оның 54-і – қалада, 6-ы – Тасбөгетте, 15-і – Сабалақта, 5-і – Белкөл кентінде,1-і – Ақжарма ауылдық округінде қолға алынды.

ЖАППАСБАЙ БАТЫР ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Жобаның мердігері – «УАД» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Тараз-Технопроект». Төрт жолақты жолдың ұзындығы – 3,3 шақырым. Жобада жаяу жүргіншілер жолын және жарықшамдар орнату қарастырылған. Жаппасбай батыр көшесі – қаладағы магистральды көшенің бірі.

Бүгінде осы көшемен көліктер зулап жүріп жатыр. Ал тұрғындар болса, тек алғысын айтуда. Соның бірі – Жаппасбай батыр көшесінің тұрғыны Ибрагим Меңлібаев.

– Шыны керек, қалада тұрғын үй, көше жөндеу болсын, қарқынды жұмыс жүруде. Сенесіз бе, біздің қаланың көшелерін басқа облыс орталығымен салыстырсаңыз, біздікі сапалы әрі түзу көшелер екендігі көңіл қуантады. Сырттан келген адамдардың өздері Қызылорданың көшесін мақтап жатады. Ол рас! Нәтиже бар, – дейді, қала тұрғыны.

ЯССАУИ КЕҢЕЙТІЛІП ЖАТЫР

Аймақ басшысының қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар басталды. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналады. Яғни ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақтыға ауыстырылады. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, толығымен жарықтандырылады. Аталған жоба бойынша құрылыс монтаж жұмыстары 6 наурыздан бастап «Қыран» ЖШС-мен жүргізілуде. Жоспар бойынша қайта жаңғырту жұмысы күз соңына аяқталады. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абаттандырылады.

Көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн. теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл көше халыққа қолайлы болуымен қатар, Қызылордаға жеткен пойыз жолаушыларының қаланың көркі, тазалығы туралы алғашқы жақсы ойын қалыптастырады. Осылайша қаланың орталық көшелері ғана емес, шет аймақтағы көшелер де кеңейтіліп, көркейтіледі.

АВТОЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ДА ҚАРҚЫНДЫ

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Самара-Шымкент-Қызылорда» аудандық маңызы бар автожолын жаңғырту жобасы жүзеге асуда.

Оңтүстік өңірден қалаға кірер айналма көпір мен аспалы көпірдің арасын жалғайтын жолдың жаңғырту жобасын «УАД» ЖШС атқаруда. Екі ортадағы 4 жолаққа негізделген бұл жолдың ұзындығы 8434 метрді құрайды.

Аймақ басшысының қолдауымен қаладағы басты жолдар мен көшелердің аясы кеңейтілуде. Соның бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылындағы қайта жаңғырту жұмысы. Бұл ауқымды жоба 27-і тамыздан басталды. Ұзындығы 6 711 метрді құрайтын даңғыл екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстырылады. Дәл осы кезде автожолдың да, даңғылдың да жұмысы қарқынды жүруде.

СЫРТ КӨЗ – СЫНШЫ

Расында, қалаға сырттан келетін меймандар сыншы келеді. Бірақ кейінгі кезде шаһардың шырайлы жерлерін, кеңейтілген, түзу көшелерін көргендер жоғары бағасын беруде. Соның бірі – Ахмет Байболұлы. Ол – Шымкент қаласының тұрғыны.

– Өзім Қызылорда қаласына тойға келгенмін. Шыны керек, қаланы танымай қалдым. Қатты өзгеріп кеткен, көшелеріне тәнті болдым. Қызылорданың көшелері тақтайдай тегіс, түп-түзу, жап-жарық. Көпке үлгі боларлықтай қалаға айналуда, – дейді ол.

«ҮЗДІК АУЛА – 2024» КІМ ЖЕҢІМПАЗ БОЛДЫ?

Қызылорда қаласында қала күнін мерекелеу аясында «Үздік аула» байқауын өткізу дәстүрге айналған үрдіс. Биыл бұл байқау жетінші мәрте өткізілді. Шаһарымызды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға жанашыр тұрғындары үлестерін қосып келеді. Сондай белсенділерді ынталандыру үшін «Үздік аула» байқауы жарияланып, шілде-тамыз айлары аралығында тұрғындардан «Үздік аула» байқауына өтінім қабылданған еді.

Байқау қалай өтті?

 Байқау шарты бойынша жасыл желекті көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ғана емес, жеке тұрғын үйдің сыртқы аумағын көгалдандырған қала тұрғындары қатысты. Байқау шарты қарапайым. Ол үшін инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы #Qzo, #Qyzylorda, #Үздікаула2024 хэштегтерін міндетті түрде пайдалана отырып, «Сүйікті қалам – Қызылорда» тақырыбында жылы лебізін жолдап, көгалдандырудағы тәжірибесімен бөлісіп, өз парақшасында сапалы суреттер мен видеоны жариялау қажет.

Қала күні аясында байқауға қатысуға өтінім берген 13 үміткердің ішінен комиссия мүшелері жеңімпаздарды анықтады. Бұған дейін жүлде қоры ретінде ауланы көгалдандыруға қажетті құрал-саймандар жиынтығы табысталса, 2022 жылдан бастап байқауды өткізуге арнайы қаржы қаралып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, яғни «Үздік аула» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылуда. Ал 2023 жылдан бастап байқауға өтінімдер жасыл желекті көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ғана емес, жеке тұрғын үйдің сыртқы аумағын да көгалдандырған қала тұрғындарынан қабылданды.

Қала күні мерекесі аясында өткен «Алтын күз» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде дәстүрлі «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған байқаудың жеңімпаздарына қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов қала әкімінің Дипломын және қаржылай сыйақы табыстады.

Биыл жетінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға 13 аула тұрғыны өтінім білдіріпті. Байқау үздіктерінің ішінен көпқабатты тұрғын үйдің барлық ауласын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген «Сырдария» шағын ауданы, №4 а үй тұрғыны Марат Төлепбаевтың ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. ІІ орынды 10 жылдан астам уақыт көше бетті көгалдандырумен айналысып келе жатқан Сайыпназар Ахун көшесі, №7 үй тұрғыны Бірлік Рахметов иемденсе, ал ІІІ-ші орын «Ақмешіт» шағын ауданы, №30 үй тұрғыны Болат Сарсаевқа бұйырды.

«Бірлігі жарасқан аула» номинациясымен «Титов» шағын ауданы, №28 үй тұрғыны Сауранкүл Ағыбаева, «Еңбекқор бағбан» номинациясымен «Астана-2» шағын ауданы, №50 А үй тұрғыны Серік Ерімбетов және «Әсем аула» номинациясымен «Ақмешіт» шағын ауданы, №7 үй тұрғыны Мөлдір Есмахан марапатталды.

Шара барысында қала тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, қала әкімінің «Алғыс хаты» мен қаржылай сыйақылары табысталды. Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2024» тақтайшасы орнатылды.

Бұл тұрғын байқауға атсалысқан. Қаланың «Шанхай» бетіндегі Сайыпназар Ахун көшесі №7- ші үйдің тұрғыны Бірлік Рахметов 10 жыл көлемінде үйдің көше бетін көгалдандырумен айналысып келеді. Үйдің сыртқы аумағына әр түрлі жеміс ағаштары, одан бөлек, сән ағашы үйеңкі, ерен, сыр талы, қаратал ағашын отырғызған.

Жұмыстан кейінгі бос уақытын көгалдандыру ісіне арнаған қала тұрғыны сенбі күні тазалық акциясына да атсалысады.

– Көшемізді таза ұстап, көгалдандырып отырсақ, қаламыздың көркеюіне қосқан үлесім деп ойлаймын. Жылдан-жылға көркейіп жатқан қаламыз әрі қарай да көркейіп, гүлдене берсін, – деген Бірлік Жоштайұлы әр қала тұрғынын қаланың тазалығы мен көгалдануына үлес қосуға шақырды

Лайым, жасыл-желекке, гүлзарларға қызыға қарайтын, айналасын әсемдеуге құштар тұрғындар саны жыл сайын арта берсе екен…

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған