Жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналып жатқан байқаулардың бірі – «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» жобалары. Бір жыл уақыт ішінде облысқа қарасты аудандар мен ауылдардағы әр бағыттағы ілгерілеу көрсеткіштері сарапқа салынады. Азаматтық қоғам өкілдерінен құралған комиссия мүшелерінің қатысуымен және іріктеуімен екінші рет ұйымдастырылған конкурстың биылғы жылдың екінші жартысыныңжеңімпаздары да анықталды.
Сонымен, «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үшінші орынды Жаңақорған ауданы Жаманбай батыр ауылдық округіндегі Бесарық ауылына, екінші орынды Қармақшы ауданы Жаңажол ауылдық округіндегі Дүр Оңғар ауылы, ал бірінші орын Сырдария ауданындағы Бесарық ауылына бұйырды. Сондай-ақ, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша үшінші орын Арал қаласына, екінші орын Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіне, бірінші орын Шиелі кентіне бұйырды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үздік аудандар мен ауылдардың әкімдерін марапаттап, қажетті техникаларды тарту етті.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
– Президент бастамасымен жыл сайын елімізде «Бірге:Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Биыл акцияға облыстың 11 мыңнан астам тұрғыны ерікті түрде қатысып, туған жердің тазалығына үлес қосты. Осы ретте ауыл-аймақты көркейтуге, көгалдандыруға белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыруды қолға алдық. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттап, «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастырдық. Биылғы бірінші жартыжылдықта өткен конкурсқа аймақ халқы белсенді қатысып, жеңімпаз 6 елді мекенге күнделікті тұрмысқа ең қажетті деген заманауи үлгідегі 14 арнайы техника берілді. Қызылордалықтардың белсенділігін ескере келе конкурсты күзде екінші мәрте ұйымдастырдық. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы аудан орталықтары мен ауылдар арасында дәстүрлі түрде жалғасады. Бүгін тапсырылған техникалар мен автокөліктер тұрғындардың қызметіне жарасын.
Сонымен қатар «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне құны 200 млн теңге болатын 16 автокөлік және «Қызылорда тазалығы» ЖШС-на 434,5 млн. теңгенің 7 аралас жол көлігінің сертификаты берілді. Бұл жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін беріліп жатқан алғашқы техникалар легі емес. Мәселен, бүгінге дейін мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 45 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, құқық қорғау органдарына 92 және ветеринария мамандарына 30 қызметтік автокөлік үлестірілген болатын.