Қызылорда облысында Отбасы күніне орай «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» атты мерекелік жиын өткізіліп, мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы «Алтын той» неке туралы арнайы мерейтойлық куәліктерді табыс етті.
50 жылдан астам бақытты және берік некеде тұрған облыстың 10 үлгілі отбасына «Алтын той» неке туралы арнайы куәліктері берілді. Құрметті куәліктерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Аида Әбибуллаева салтанатты түрде табыстады.
Бұл іс-шараның мақсаты жас ұрпаққа, жас отбасыларға отбасы құндылықтарын насихаттау болып табылады. Отбасылық құндылықтар – бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер. Бүгінгі ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыз қуаныш пен қайғыға және қиындықтарға қарамастан әрқашан бірге болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек екенін көрсетті, – деді Аида Ибрагимқызы.
Ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бір шаңырақ астында 50 жыл бойы парасатты ғұмырды бірге көріп келе жатқан жандардың бірі Құлмырзаевтар отбасы. Жұбайы Серік әскерден кейін Жосалы ауылында өзінің мансабын ДЕУ-50 мекемесінде қарапайым жұмысшы ретінде бастап, ауыл әкімінің орынбасарына дейін көтерілген. Бүгінде ол зейнет демалысына шығып, немерелеріне бағуда. 1974 жылы отау құрған Серік пен оның жұбайы Балкүл 7 бала өсіріп, бүгінде немерелерін тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, берік отбасының кепілі өзара түсіністік пен қолдау болып саналады дейді.
Отбасы апталығында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Адалдық, құрмет, өзара түсіністік – мұның барлығы берік және бақытты отбасының негізі. Мықты отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Осы тамаша мерекеде мен әр отбасына жақсылық, бейбітшілік пен амандық тілеймін, – деді Серік Құлмырзаев.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күні атап өтілуде. Әр күнге «отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру», «отбасын жоспарлау», «саналы ата – ана болу», «дені сау ұрпақ», «мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі», «отбасылық әл-ауқат», «отбасылық демалыс-бақытты болашаққа инвестиция» атты белгілі бір тақырып бөлінеді.