Алдағы 19 ақпаннан бастап НТК телеарнасында «Бұл – біздің Қызылорда» атты жаңа сериал жарыққа шығады. Жалпы 12 бөлімнен тұратын комедия – Қызылорда қаласы туралы түсірілген алғашқы туынды.
Оқиға желісі америкалық журналист-блогер Бернард Уэйннің төңірегінде өрбиді. Ол Қазақстанның тұңғыш астанасы туралы мақала жазу үшін Қызылорда қаласын зерттеуге келген. Бернардты жергілікті тұрғын Мақсат күтіп алады да, жол көрсетушісіне және жақын досына айналады.
Алайда, кейінірек Мақсат жол көрсетуші ғана емес, барлық қолайсыз оқиғалардың себепкері де болады. Ал сериал соңында Бернард Уэйннің Қызылордаға келудегі мақсаты мүлде басқа екені анықталады.
Жоба авторлары сериалға елімізге белгілі актерларды тартқан. Мәселен, басты рөлдегі Мақсатты Шерхан Пірназар ойнаса, америкалық журналист Бернадты блогер Дәулет Исраилов сомдайды. Сондай-ақ, актерлік құрамда танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов пен актриса Гүлшат Тұтова бар.
«Сенбейсіздер ме, онда Қызылордаға келіңіздер!» слоганын негізге алған туындыда әзілкеш Қанат Әлжапбаров, әнші Мадина Сәдуақасова, актриса Зухра Сайпи, әншілер Гүлнұр Оразымбетова, Серік Ибрагимов және т.б Қызылорда қаласында болған өз оқиғаларын айтып береді. Олардың оқиғасы арқылы режиссер көрерменге Сыр өңірінің табиғатымен, адамдарымен танысуға мүмкіндік берген.
«Бұл – біздің Қызылорда» сериалы 19 ақпаннан бастап дүйсенбі мен бейсенбі аралығында, сағат 17:00-де НТК арнасынан көрсетіледі.