Ақордада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен салтанатты іс-шара өткен болатын. Көктем мерекесі қарсаңында Астанадан жеткен тағы бір ақжолтай жаңалық Сыр өңіріндегі өнерсүйер жұртшылықты қуанышқа кенелтті.
Салтанатты шарада жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Жеңіс Ысқақова Мемлекет басшымыздың қолынан «Парасат» орденін алды.
Сырдария топырағынан түлеп ұшқан Жеңіс Ермағамбетқызы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк студиясын бітірген, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Лаки Кесоглудың шәкірті.
Өнердегі жеңісті жолы 1987 жылы Юрмалада өткен Бүкілодақтық эстрада орындаушылары байқауында «Көрермен көзайымы» аталымын иеленген кезде басталған. Сол жылы тағы да «Жаңа есім– 87» бүкілодақтық байқауында лауреат атанды. Мәскеуде өткен «Виват, Виктория» халықаралық конкурсының гран-приін иеленді.
Жеңіс Ермағанбетқызы бүгінде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік бірлестігінің әртісі, Ж.Елебеков атындағы республикалық колледждің ұстазы. Қазақстанның мәдениет күндері сапарымен әлемнің 20-ға жуық мемлекетінде ән шырқаған ерекше дарын иесі. Оның орындауындағы «Сыр сұлуы» әні Сыр өңірінің еңбеккер қыздарының даңқын асқақтатып әлі де талай жылдар бойы шырқала беретініне сенемін.
Туған жердің дарынды перзенті Жеңіс Ермағанбетқызын мемлекеттік марапатымен барша жерлестерінің атынан құттықтаймын! Өнеріңіз өрлей берсін!