Астанада Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог–платформасы өтті. Президент өз сөзінде ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін атап өтті. Cондай–ақ,еліміздің саяси және әлеуметтік–экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.
– «Бүгінгі жиынның мән–маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз. Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Үкіметке экономиканың тұрақты сапалы өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту, жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыруды тапсырды.
Диалог–платформа аясында «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» сессиясы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік басқарудың сапасын жергілікті деңгейде арттырудың заманауи тәсілдерін талқылау, мемлекеттік аппараттың жұмысында сервистік, клиентке бағдарланған үлгіні дамыту мәселелері талқыланды. Оған Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, «Жергілікті деңгейдегі көшбасшылық: ауыл әкімі – өзгерістердің агенті» тақырыбында баяндама жасады.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш рет республиканың барлық өңірлерінен келген ауыл әкімдерімен диалог-платформасында кездесті.
Жиында Президентіміз «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше», – деп, ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру жөнінде міндеттерді айқындап берді.
Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.
Президентіміздің бастамасымен жүргізілген конституциялық, әлеуметтік-экономикалық, мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалар Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды оқиға болды. Бұл мемлекеттің негізгі институттары арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы барынша әділ саяси жүйе құруға мүмкіндік беруде.
Ұлттық экономиканы дамыту ісі халықтың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін сақтауға, халықаралық беделін күшейтуге бағытталуда.
Кез келген жалпыұлттық реформа тек мазмұнымен ғана емес, өз кеңістігімен де мәнді. Себебі әрбір өзгерістердің негізі – еліміздің өңірлерінде. Өйткені мемлекет өңірлерден құралады. Сол жерде халық өмір сүреді, еңбектенеді, жаңа идеяларды жүзеге асырады. Реформалар да ауыл-аймақтардағы нақты іс пен нәтиже арқылы жүзеге асады.
Президентіміздің бастамасымен енгізілген саяси реформаның бірі қала, аудан, ауыл әкімдерін тікелей сайлау. Әкімдер халық таңдауымен сайланып, қызметке келуде.
Бұл бастама халықтың саяси белсенділігін арттырып, тұрғындарды жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тартуға мол мүмкіндік берді. Әкімдер енді тек тағайындалатын емес, халықтың сенім мандатын алған жауапты тұлға.
Осы бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында нәтижелі ұйымдастырылуда.
Бүгінде өңіріміздің 447 мың тұрғыны, негізі аймақтағы жалпы халық саны 845 мың адам, яғни халықтың 53 пайызы ауылдарда тұрады.
Өңірде барлығы 146 кент пен ауылдық округ бар. Оныңішінде 2-уі аудандық маңызы бар қала, 12-сі кент, 132-сі ауылдық округ.
Жаңа сайлау жүйесі қолданысқа енгізілгеннен бастап 205 әкімнің сайлауы өткізілді.
Қызылорда облысындағы барлық елді мекен әкімдері 100 пайыз жаңадан сайланды. Олардың 117-і «AMANAT» партиясынан ұсынылса, қалған 88 әкім өзін-өзі ұсынған.
2023 жылы пилоттық жоба аясында Шиелі, Сырдария аудандарының әкімдері сайланса, биыл Қазалы ауданының әкімі халық таңдауы арқылы қызметке келді.
Бұл елдегі демократиялық процестерді дамытуға, жергілікті билік органдарының ашықтығы мен есептілігін арттыруға елеулі серпін беріп, әкімдердің жауапкершілігін арттыруда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпы ұлттық дамуды елестету мүмкін емес» деген болатын.
Мемлекет басшымыз 2022 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең алғашқы Жарлығымен Үкіметке «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қабылдауды тапсырған болатын.
Президентіміздің ауылды дамыту, аймақтардың әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, оларды елдегі саяси-экономикалық процестерге белсене қатыстыру жөніндегі бастамалары стратегиялық маңызға ие.
Мемлекет тарапынан жасалған қолдауды тиімді әрі мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсартуды ұйымдастыру – әкімдердің негізгі міндеті.
Мемлекет басшымыз ұсынған «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты барлық өңірлерде өндіріс нысандары іске қосылып, шалғай елді мекендерге ауыз су, газ тартылып, жол мен замани әлеуметтік нысандар салынып, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.
Президентіміздің ауылдарды дамытуға жасаған қолдауын Қызылорда облысынан айқын көруге болады.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен биыл облыс бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгені құрап, 2021 жылдан бері 246 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды.
Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд. теңге болса, биыл 207 млрд. теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты.
Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.
Инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда биыл 233 пайызға артады. Жыл соңына дейін 720 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылады. Жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бекітілген арнайы әдістемеге сәйкес Сыр өңірінде 59 тірек, 43 спутник елді мекендер айқындалған.
2022-2024 жылдары жоба аясында 78 ауылдарда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған 31 млрд. 600 млн.теңгеге 343 жоба жүзеге асырылды.
Биыл 41 елді мекендерде 66 жобаны іске асыруға 15 млрд. 100 млн. теңге бөлінді. Таратып айтар болсақ республикалық бюджеттен 9,6 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 5,5 млрд. теңге.
2022-2025 жылдары 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд.теңгеге жуық қаржы қаралды. Биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.
Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес биыл барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Аймағымызда 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болатын. 2022 жылдан бастап 63 млрд. 600 млн.теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды.
Биыл облыстағы газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетеді.
Ауылдардағы1 310 шақырым электр желілерімен қондырғыларын қайта жаңғырту мақсатында 20 млрд. теңгеге 74 жоба жүзеге асырылды.
Адамдардың ауылдық жерде тұрақталуында білім саласының орны ерекше. Әрине, әрбір ата-ана өз баласының заман талабына сай білім алғанын қалайды. Осы бағытта өңірде Мемлекет басшымыздың қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын барынша азайту туралы тапсырмалары күн тәртібінен түспей, жүзеге асырылуда.
2022-2025 жылдары Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерінде 36 млрд.600 млн. теңгеге 26 білім нысаны салынып, ел игілігіне берілді.
Оның ішінде өңірде салынған 10 «Келешек мектептерінің» 5-уі ауылдарда ашылды.
Соңғы үш жылда 5 млрд. 300 млн.теңгеге 15 мектептің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауыл балаларын қосымша біліммен қамтамасыз ету мақсатында 3 млрд. теңгеден астам қаржыға облысымыздың Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынды.
Облыста ауыл халқына сапалы медициналық қызметтерді көрсетуге барлық жағдайлар жасалуда.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық аудандарында 10 млрд. 763 млн. теңгеге 28 медициналық нысан салынды.
Осылайша нормативке сәйкес ауылдық елді мекендердегі медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының ғимараттарын салу мәселесі толығымен шешілді.
9 млрд. 800 млн. теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа қосымша ғимараттар салынуда.
Шиелі, Арал аудандарында жұқпалы аурулар бөлімшелерінің ғимараттарын салуға 4 млрд. 500 млн. теңге бөлінді.
Шиелі ауданында жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Аралдағы нысан жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады.
Халық сұранысына сәйкес соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд. 400 млн. теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, барлық елді мекендер санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылды.
Президентіміздің «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өңіріміздегі барлық ауылдық мәдениет үйлерінде 7 бағыт бойынша «Адал адам – Мәдени-тәрбие орталығы» ашылды.
2022 жылдан бері өңірімізде жаңадан 19 мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Бұны да таратып айтар болсақ, 7 Руханият орталығы, 8 ауылдық клуб, Анаға тағзым, Өнер, Отбасы орталықтары, облыстық тарихи-өлкетану музейі көпшілік көзайымына айналып отыр.
Оның ішінде барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар, ардагерлер мен аналарға арнайы жабдықталған кабинеттері бар «Руханият» орталықтары салынып, пайдалануға берілді.
Өңірімізде ауыл спортын дамыту саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2022 жылдан бері 21 спорт кешендері ел игілігіне табысталып, материалдық базасы жетілдірілуде.
Бүгінде елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 ауылдық мәдениет үйлері мен 5 спорт кешендері салынуда.
2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 198 елді мекендерде 7 млрд. 700 млн.теңгеге 881 жоба жүзеге асырылды. Жаңадан 1 366 жұмыс орны ашылды.
2022 жылдан бері «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылға барған 1 304 маман тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 1 925 маман көтерме жәрдемақы алды.
Ауылдық аймақтағы кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау үшін 2022-2025 жылдары 11 592 жобаға 121 млрд. 300 млн. теңге берілген.
Ауыл бюджетінің өз кірістері 2022 жылы 1 млрд. 600 млн. теңге болса, 2025 жылдың 10 айында 5 млрд. 600 млн. теңгеге жетіп, 3,5 есеге артты.
Мемлекет басшымыздың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында облыс көлемінде көркейту-көгалдандыру, ауыл аймақтарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде.
Республикаға танымал Нағи Ілиясов ауылы секілді Бесарық, Таң ауылдары да көрші облыстардан келген әріптестерімізге үлгі болуда.
Өңірде 2023 жылдан бастап облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсы тұрақты түрде өткізілуде.
2023-2025 жылдар аралығында үлгілі ауылдарға облыстық бюджеттен 2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 67 арнайы техника табысталды. Бұл ауыл әкімдерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруына үлкен қолдау.
Аймақта қолға алынған әрбір жоба, халықтың шынайы қажеттілігін ескеріп салған жаңа нысандар – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында тұрғындардың жайлы,сапалы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жол ашты.
Бірлік бар да береке болады. Еңбек бар жерде өріс кеңейеді. Адалдық бар жерде халықтың ықыласы қалады.
Қазақ даналары «Елдің қуаты – бірлікте, жердің берекесі – еңбекте» деген. Еңбектің өзегі – ауылдан басталады. Себебі ауыл – біздің түптамырымыз. Ауыл – еңбек пен игілікті істердің мекені.