«Жалпы біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі: 8 айда жол апаттарының саны 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл – өте ауыр жағдай».
Кешегі өткен Үкімет жиынында Үкімет басшысы осылай деді. Сондай-ақ оның айтуынша, Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұр: дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. Елімізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениеті де өте төмен екенін атап өтті. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған.
Бұдан бөлек жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудырады. Автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді.
«Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені бизнеспен бірге қарауы тиіс», — деп Ә.Смайылов жергілікті әкімдерге тапсырма берді.
Көлік апаттарының негізгі себептері – жолдардың нашар жағдайын жақсартуды да аймақ басшыларына міндеттеді.
Үкімет жиынында жол көлік оқиғаларының көбеюіне орай баяндама жасаған М.Ахметжановтың айтуынша «Жол көлік оқиғасының 75%-ы және жаяу адамдарды қағып кету салдарынан болған өлімнің 28%-ы елді мекендерде орын алған. Жалпы жаяу кісілермен болған апаттардың ең көп үлесі – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында».
Министр пайымдауында бұл көбінесе, тротуардың, жаяу жүруге арналған жолдардың, жарықтың жоқтығына байланысты. Әкімдер тарапынан бұл мәселе тез арада шешілмесе, жағдай қиын болмақ.
Министрдің тағы бір айтқаны “Ел көлемінде автоматты камералардың саны әлі де жетіспейді. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда бар-жоғы 43 камера ғана бар. Павлодар облысында 58, Қызылорда облысында 65, Маңғыстау облысында 70, Ақмола облысында 82, Батыс Қазақстан облысында 94 және Түркістан облысында 100 камера бар – олардың саны 100-ден аспайды».
Үкімет отырысында жол көлік оқиғаларының алдын алу, апатты болдырмау үшін жергілікті әкімдерге біраз міндеттер жүктелді.
Үкімет тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімдігінде жиын жасаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол көлік оқиғаларына нақты талдау жүргізу, рейдтік шараларды қатаң қолға алуды тапсырды. Әсіресе, облыс аумағындағы трассаларда оқыс оқиғалары жиі көрініс табатындықтан, полиция департаментіне бақылау тетіктерін күшейтуді міндеттеді. Ал, көлік инспекциясына бақылау және тексеру жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды ескертті.
Себебі биылғы жылдың 8 айында Қызылорда өңірінде 247 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 91 адам қаза болып, 304 адам түрлі дене жарақатын алған.
Сондай-ақ, 8 айдың қорытындысымен республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автожолының бойында барлығы 68 жол көлік оқиғасы тіркелсе, оның басым бөлігі Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына қарай бағыттағы ІІ техникалық санаттағы жолда орын алған.
«Өкінішке қарай, көлікті масаң күйде жүргізу, жүргізушілердің түнгі уақытта жол үстінде қалғып кетуі салдарынан қайғылы оқиғалар жиі орын алуда. Қараусыз қалған сиыр, жылқылардың жол бойына шығып кетуі де жол көлік оқиғаларын азайтпай тұр. Кеше ғана Қармақшы ауданының тұсында жол үстінде ұйықтап кеткен жүргізушінің әрекетінен оқыс оқиға орын алып, бірнеше азамат көз жұмды. Қаншама отбасы үшін бұл ауыр соққы. Жолда көлік айдау жауапсыздықты, жүгенсіздікті көтермейді. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды,-деді Н.Нәлібаев.
Қала, аудандардағы жол көлік оқиғаларын саралаған аймақ басшысы иесіз жүрген малға қатысты пада ұйымдастыру, патрульдік нарядтардың жұмысын қайта жолға қою қажеттігін қатаң ескертті. Бұл ретте жүргізушілермен түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізу керек деді. Әсіресе, екінші санаттағы жолдарда туындайтын келеңсіздіктерге жете мән беріп, рейдтік шараларға жиірек шығуды тапсырды.
Жиында қала мен ауылға қатынайтын ауыр жүк көліктерінің де мәселесі қаралды. Егін жинау науқаны кезінде жүк көліктерінің шамадан тыс мөлшерде өнім тиеп, қатынауы жолдың сапасына да әсер етеді. Бұл ретте аймақ басшысы көлік тізгіндеген жүргізушілердің талапты сақтауы қатаң қадағаланатынын жеткізді.