Ана, ол – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі.

Қазақ халқының дәстүрінде әйел – анаға отбасы ошағының сақтаушысы, сұлулық пен адалдықтың белгісі ретінде сый-құрмет әрдайым ерекше болған.

Біз үшін жер де – Ана, ел де – Ана, табиғат та – Ана, Отан да – Ана, тіл де – Ана. Осының бәрі Ананың жүрек лүпілімен мәңгілік тұтастықта үйлесім тапқан.

«Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен» аналарымызды халқымыз құрмет тұтып, жұмақты ардақты ана табанының астынан іздеген.

Ұлы дала кеңістігінде өздерін кемел көшбасшы, ақылды ел билеуші, көрнекті қайраткер,ержүрек батыр ретінде танытқан әйелдер аз емес.

Барша қазақтың ортақ мақтанышы, сұлулық пен ерліктің, ізеттілік пен өрліктің символына айналған Тұмар ханым, Зарина патшайым, Бегім сұлу, Гүлбаршын, Домалақ ана, Құртқа, Айғаным мен Зеренің, ел басына іс түскен қиын кезеңдерде басын оққа байлаған Бопай ханым, Әлия, Мәншүк, Хиуаздың,ерен еңбектің үлгісі Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Балдырған Мұстафаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержановалардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалды.

Дана халқымыздың «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөзі ешқашан өзектілігін жоймайды.

Расында Ана баласына берген тәрбиесі арқылы жарқын болашақтың қалыптасуына ықпал етеді.

Өткен жылы өңірімізге іс сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығында болып, мұндай орталық жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратынын айтып,жоғары бағасын берді. Сонымен қатар өзге өңір аналарының басын қосатын тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру қажеттігін тапсырды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп, өткен жылдың қараша айында алғаш рет «Анаға тағзым» республикалық форумын ұйымдастырдық. Шара барысында бұл жиынды дәстүрлі ету ұсынылды.

Алашқа Ана болған қасиетті Сыр өңірінде шараның өз жалғасын табуы және дәстүрлі болуының өзіндік символдық мәні бар деп білеміз.

Ұлттық комиссиямен бірлесіп ұйымдастырылған форумның мақсаты, қоғамды – ананы ардақтау, үйдегі берекенің сақтаушысы, қоғамдық-саяси үдерістердің белсенді қатысушысы – әйелдің ерекше мәртебесін құрметтеу сияқты мызғымас дәстүрлі құндылықтардың төңірегіне топтастыру.

Ұлы Даланың ұлы аналары өткен ізгі жолды дәріптеп, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру. Өткен заманның тарихи-тағылымды істерін жаңа заманның талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің үлгілі бейнесін қалыптастыруға бағытталады.

Біз қай кезде де өткеннен өнеге алып, болашаққа сеніммен қарап, келешекке қызмет етуді парыз санаймыз.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында серпінді жобалар жүзеге асуда.

Экономиканың барлық негізгі саласындағы өсімнің нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен аймақтар арасында көшбасшылардың қатарынан көріндік.

ӘКІМ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Жылдағы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Анаға тағзым» орталығында өткен салтанатты іс-шарада аналар мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады. Оған ақ жаулықты әжелер мен көпбалалы аналар, түрлі сала өкілдері, аймақ дамуына үлес қосқан кәсіпкер, ғалым, спортшы арулар қатысты.

Аймақ басшысы Сыр өңірінде әйелдердің ғылым, кәсіпкерлік, креативтік, басқа да салалардағы бастамашылдығына, әсіресе, көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– «Былтыр өңірімізге іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығында болып, мұндағы жұмыстарға жоғары бағасын берді. Президентіміз осы орталықта бүкіл ел аналарының басын қосатын, салиқалы жиындар өткізетін тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Бірнеше күн бұрын дәстүрлі «Анаға тағзым» республикалық форумын өткіздік. Шараға Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, барлық өңірлерден делегаттар қатысты. Форум аясында мәдениет пен өнердің құтты шаңырағы – «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылды», – деді Н.Нәлібаев.

Кездесуде қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаева, 10 баланың анасы, 50 немере мен 20 шөберенің әжесі Келіс Мамыр[1]бай, еңбек ардагері, 9 немере мен 8 шөберенің әжесі Күлпаш Үкібаева, сарапшы журналист, ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева сөз сөйлеп, ақ тілектерін айтты. Сондай-ақ, Сыр өңірінде отбасы құндылықтарын насихаттап, отбасылық-демографиялық саясатты белсенді іске асырған асыл жандар Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен марапатталды.

Салтанатты шара көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлайтын концертпен жалғасты.

Қызылорда облысында 141 мыңнан астам отбасы, 48 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері. Статистикаға зер салсақ өңірдің 833 531 тұрғынының 415 243-і – әйелдер. Оның 188 639-ы қалада, 223 237-сі ауылдық жерлерде тұрады. Мемлекеттік қызметшілердің 37,4 пайызы, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтердің 78,3 пайызы, бюджет саласындағы қызметкерлердің 62 пайызы әйелдер.

2023 жылдың тамыз айынан бері республикада алғашқы үштіктеміз.

Өңірімізде отбасы саясаты бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Демеушілердің қолдауымен 1 млрд 700 млн теңгеге «Анаға тағзым» орталығы салынып, халық игілігіне берілді.

Құны 1 млрд 500 млн теңгені құрайтын Отбасы орталығы өз қызметін бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды.

Президентіміз «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады» – деп атады.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы саналған Наурыз айынан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялануда.

Аталған жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады.

Клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылады.

Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылады.

Сыр өңірінің руханият кеңістігіндегі бұл бастамаларымыз Президентіміздің әділетті мемлекет пен біртұтас қоғамның берік негізі саналған «Адал адам» тұжырымдамасын кеңінен жүзеге асыруға зор үлесін қосады.

(«Анаға тағзым» республикалық Аналар форумында сөйлеген сөзінен ықшамдалды)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған