Апта басында шаһар әкімі болып тағайындалғанына жарты жылдың жүзі болған Серік Қожаниязов БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, алты айдың қорытындысымен бөлісті. Көрсеткіш көңіл қуантарлық. Жұмысын қала тұрғындарымен кездесу өткізуден бастаған ол бүгінде инфрақұрылымды дамытуды мықтап қолға алған. Президент тапсырмасына сәйкес әр тоқсан сайын тұрғындармен жүздесіп, олардың талап-тілегін тыңдап, толғандырған мәселелерді кезек күттірмей шешіп берді. «Пай, пай, қала ажарланып кетіпті. Сымдай тартылған түзу көшелер, жасыл желекке оранған гүлзар-бақ тынысыңды ашады. Бұрын соңды жүріп көрмеген құрылыс жұмыстары көңіл қуантып, көзді қызықтырады». Бұл сөздерді қазіргі кезде қала келбетінің сұлулана түскенін тұрғылықты жұртшылықпен қатар, сырттан келетін қала мейманының аузынан жиі естиміз. Білетініміздей, шырайлы шаһарда 33 аллея мен скверь бар. Осы аумақтарға жылдың белгілі мезгілінде мыңдаған көшет пен гүл отырғызылады. Уақыт талабына сай қала мәдениеті мен әсем шаһардың келбетін айшықтай түсуде жаңа демалыс орындары, түрлі саябақтар ел игілігіне берілуде. Бұл жұмыстардың жайын бұған дейінгі басылым беттерінде жарияладық. Сондықтан ақпарат алаңында айтылған жарты жылдық қорытынды есептің маңызды тұстарын жинақтап, ұсынып отырмыз.
Расында Қызылорда қаласының даму қарқыны ерекше байқалып, тұрғындардың өмір сапасы артты. Қала әкімінің көшбасшылығымен, облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған ауқымды жобалар нәтижесінде қала экономикасы мен инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілді. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында жүргізілген жұмыстар биліктің жобаларының тиімділігін айқындап, әкімдердің ұйымдастырушылық қабілеті мен жанашырлығы қаланың гүлденуіне үлкен ықпал етті. Сөзімізді дәлелдейтін статистикамен бөлісейік.
Шаһар – экономиканың барлық саласында өзгелерге үлгі. Ол жаңа бастама мен жаңа үдерістердің көшбасшысы. Жыл басында қала бюджеті 58,2 миллиард теңгемен бекітілген болатын. Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында және облыс әкімінің үйлестіруімен бүгінде оның көлемі 107,1 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаржыландыру қала кірісінің өсуімен байланысты болды, ол салық базасын ұлғайту және берешектерді өндіру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болды. 6 айдың қорытындысы бойынша қала бюджетінің өз кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Қала бюджетінен 30 миллиард теңге түсім жиналды. Жыл соңына дейін түсімді 40 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде.
Әңгімені құрылыс қарқынына бұрайық. Қалада негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 110,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 35,2% ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 36,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 27,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 7,3%-ға өсті. Бөлшек сауда көлемі 188,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға артты.
– Жалпы қалада 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 3139 пәтерлі 58 тұрғын үйі бюджет есебінен, ал 772 пәтерлі 16 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынды. Жыл басынан бері 763 пәтер пайдалануға беріліп, 2500 тұрғын жаңа баспанаға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 1685 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді қала әкімі.
Сонымен бірге, қалада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту саласында 348 миллиард теңге қаралып, 97 көшеге жол құрылысы, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала кіре берістерінің жолдарын кеңейту жұмыстары жүргізіліп, «Қызылорда Құмкөл» автомобиль жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Сонымен қатар, 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда және 81 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Шаһарды газдандыру және электрмен қамту мәселесі де тиісті деңгейде шешімін тауып келеді. Биыл Ақжарма елді мекенін 1,2 миллиард теңгеге, Сабалақ саяжайын 3,1 миллиард теңгеге, қаладағы шағын аудандарды 689,2 миллион теңгеге газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қызылөзек ауылдық округімен Бірқазан елді мекенін көгілдір отынмен қамту қолға алынды.
Электр энергиямен қамту бағытында құны 4,8 миллиард теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 64%-дан 62%-ға төмендейді.
– Қазіргі таңда Қызылорда қаласының тұрғындарына тәулігіне 72 мың текше метр ауыз су өндіріліп, таратылып отыр. Қала бойынша 85 131 тұтынушыға қызмет көрсетіледі. Қала тұрғындарының 100%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен толық қамтылған. Биыл «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 7,9 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылуда, – деді С.Қожаниязов.
Мұнан бөлек, қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 26,2 миллиард теңге қарастырылған. Биыл 187 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен 11 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қазан айында толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
Шынын айтайық, баспана – қай елде болмасын күйіп тұрған мәселе. Сол үшін де қазақ атамыз: «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп мәселенің алдын алып, баспанасыздыққа бейқамдық танытпаған. Жаңа инновация бірінші кезекте қала тұрғынының тұрмыс сапасын жақсарту, баспанамен қамтумен байланысты. Бүгінде қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алуда. Халықты баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші еселеп артуда. Бұл туралы да қала әкімі айтып өтті.
– Қала бойынша 68 тұрғын үй апаттық деп танылған. Қазіргі таңда аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегіне 673 отбасы тіркелген. Биыл 135 отбасыға жаңа пәтерлер табысталып, тұрғын үй кезегінен шығарылады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен апатты деп танылған тұрғын үйлердің санын азайтуға бағытталған,-деді шаһар башсысы.
Қызылорданы жасыл-желекке «бояу» ісінде серпін бар. Қалада көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, биылғы жылға жалпы жергілікті бюджеттен 702 миллион теңге бөлінді. Мекеме қаламызда орналасқан арық жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар қала аумағында ағаш бар жерлерге демалыс орындарын көбейту бағытында қажетті шаралар қабылдануда.
– Қала орталығында орналасқан 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылып, 77 көпқабатты тұрғын үйлер мен 2 әлеуметтік нысандардың қасбеттерін заманауи үлгіде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы өмір сүру үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындарды көбейту жұмыстары қолға алынды, – деп атап өтті Серік Салауатұлы.
Жалпы Қызылорда қаласының соңғы 6 айдағы даму қарқыны қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын көрсетеді. Қала әкімдігі мен облыс әкімінің үйлестіруімен жүзеге асырылған бұл жұмыстар қала тұрғындарының болашағына деген сенімін нығайта түседі. Қала әкімі Серік Қожаниязовтың айтуынша, алдағы уақытта да қаладағы инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.
Брифинг соңында Серік Қожаниязов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Келесі жылы Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толып отыр. Осы орайда дайындық қалай болып жатыр?
– 100 жылдық мереке тек қана қызылордалықтар үшін емес жалпы қазақстандықтар үшін айтулы мереке. Қаланың тарихын баяндайтын кітап шығарамыз деген жоспарда бар. Әлі де пысықталып, ақылдасатын жұмыстар бар,-деп жауап берді қала әкімі.
– Жыл басында қала әкімі болып тағайындалғаннан кейін бірнеше нысандарға бардыңыз. Солардың бірі ЦКЗ аталып кеткен зауыт орны. Сол кезде зауыт қаңқасын сүру бойынша жұмыстар жүргізіледі деп айттыңыз. Бұл жұмыс қашан басталады?
– ЦКЗ зауыты бойынша барлығын жақсы білемін. Жердің иесін сотқа беруге тура келді. Жердің иесі зауыт қаңқасын сүруге қаражатым жоқ деп айтты. Зауыт қаңқасын сүру үшін 200 млн. теңгенің көлемінде қаражат керек. Қазіргі таңда қаражатқа байланысты бұл жұмыстар тоқтап тұр,-деп жауап берді Серік Қожаниязов.
P.S. Журналистер тарапынан қала әкіміне көп сұрақ қойылмады…
Мұхаммедшах КАЮП