Өңірдің жол құрылысының тасы өрге домалап тұр. Әсіресе Қызылорда қаласында қызу жұмыс. Қызылорда қаласында жолды салу және жаңғырту бойынша тас, асфальт төселіп, күрделі жөндеу жүргізілуде. Инфрақұрылымды жақсарту және қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында асфальт төсеу, жиектерді орнату, жаяу жүргіншілерге арналған жол салу, жалпы қаланы абаттандыру және іргелес аумақтарды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Өткен аптада қаланың әр аумағында атқарылып жатқан жұмыс барысын көру үшін қала әкімі Серік Қожаниязов аралап шықты. Яссауи, Көшербаев, Сыр самалы және Нұрхабаев көшелеріндегі жөндеу жұмысын, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларының тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, мамандармен сөйлесіп, нақты тапсырма берді.
Биыл қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттің барлық көздерінен 21,5 млрд теңге қаралды. Жалпы құны 4,4 млрд теңгеге қала көлемінде ұзындығы 46,1 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жол жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар шаһардың негізгі көшелері саналатын Қожа Ахмет Яссауи, Е.Көшербаев, Жаппасбай батыр көшелерін кеңейтіп, 4 жолақтыға ауыстырылады. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 6,8 млрд теңге қаралған.
– Қала көшелері сәулетінің бірыңғай үлгісі жолға қойылып, ондағы әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың сыртқы қасбеті, түсі, көше бойындағы жарықшамдар, қыртастар пішіні және тағы басқа архитектуралық формалар бір стильде болады, – дейді қала басшысы.
Облыс әкімінің қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар басталды. Соның бірі Қожа Ахмет Яссауи көшесі қайта жаңғырады. Дәл қазіргі кезде маман сөзімен айтқандай, көшені асфальттауға дайындық басталды.
– Асфальт төсеуге дайындық басталады. Жалпы ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақты болып кеңейеді. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, толығымен жарықтандырылады. Оған қоса көшенің екі жағында аяқ суға арналған суағар орнатылады, – дейді учаске бастығы Марат Серкешбаев.
Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысын «Қыран» ЖШС жүргізуде. Жоспар бойынша қайта жаңғырту күзге дейін аяқталады. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абаттандырылады.
Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша темір жолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Сондай-ақ қаладағы Елеу Көшербаев атындағы көше де жөндеуден өтуде. Құны 434 миллион теңге болатын құрылыс аясында көше жөнделіп қана қоймайды. Жоба бойынша жаяу жүргіншілер жолы, аяқсу жүйесін жүргізу және жарық шамдарын орнату қарастырылған. Бұл жұмысты «УАД» мекемесі жүргізуде.
Учаске бастығы Самат Қарымсақовтың айтуынша, Көшербаев көшесі 4 жолаққа кеңейтілуде.
– Жолдың ені 14 метр болады. Мұның алдында 7 метр болған. Қазіргі таңда көшеге асфальт төселуде. Жоба аясында лотоктар ауыстырылады. Жарық шамдары жаңаланып, жаяу жүргіншілер жолы түседі, – дейді учаске бастығы. Бұл көше сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қалада қос даңғылды байланыстыратын көше салынбақ.
– Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейінгі аралыққа жол салынуда. Ол көше “Сыр самалы” деп аталады. Қазір қалада 35 көшеге орташа жөндеу, 15 көшеге қиыршық тас төсеу қолға алынды. Оған қоса бір көше жаңадан салынуда. Ал “Сыр самалы” көшесі салынып біткен соң оның айналасын да реттеу жұмысы жүргізіледі. Себебі көше жиегі күлқоқысқа толы және қамыс өскен. Жарық бағаналары да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ каналға жақын болғандықтан мал қора салып, мал өсіріп отырғандар да бар. Бірақ алдағы уақытта заңға сәйкес оның бәрі алынады, – дейді қала басшысы.
Расында, жұмыс қарқынды жүруде. Бұл жайлы Сыр самалы көшесіне жауапты учаске шебері Берік Мырзабасов мәлімдеді.
– Негізі бұл көшенің ұзындығы 2 км, 164 метрді құрайды. Көше екі жолақты болады. Жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолы қатар жүргізіледі. Сонымен қатар “Сыр самалы” сарқырамасына 54 метрлік жаңа су құбырын жаңғырту жұмысы да қолға алынды. Дәл осы кезде көшені жөндеуге 30 шақты адам жұмылдырылып, 10 техника жұмыс істеп тұр, – дейді учаске шебері.
Қаланы абаттандыру жұмысы басталды. Көпқабатты тұрғын үй ауласына жаңа алаңдар салынып, көркейту-көгалдандыру жұмысы да қарқын алуда. Қала әкімі аралаған келесі нысандағы мақсат осы болды.
Шаһар басшысы Төле би, Әйтеке би көшелеріндегі көпқабатты үйлердің ауласында салынып жатқан алаң жұмысымен танысты. Бұл жақта спорт және балалар ойын алаңы салынып жатыр.
– Соңғы жылдары қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысы қарқын алды. Әсіресе балалар ойын алаңы көптеп салынады. Оның бәріне қаржы бөлінген. Сондай-ақ біраз жылдан бергі жөндеу көрмеген ескі алаңдарды қайта жаңғырту жұмысы қолға алынуда. Биыл қала көшелерін, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 5,4 млрд теңге қаралған. Бүгінде тұрғындар спорт алаңының көлемі ұлғайтылса деген ұсыныс айтуда. Егер стандартқа сай болса, бұл ұсынысты қарастырамыз. Яғни кеңейтуге келсе, келісім береміз. Себебі әр тұрғынның айтқан ұсынысы жауапсыз, назарсыз қалмайды, – дейді қала әкімі.
Қала әкімі айтқандай, биыл қаланың әр аумағынан 25 алаңның құрылысы жүргізілуде, оған облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаралған. Сонымен қатар құрылысы өткен жылы бастау алған қаладағы 35 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 473,7 млн теңге бөлініп, мердігер «ДаренСтрой» ЖШС құрылысын бастады. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген 215,8 млн теңгеге 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Айта кету керек көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырын да жөндеу жұмысы назардан тыс қалмайды. Жөндеу жұмысына 697,1 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек демеушілік арқылы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қасбеттерін әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал Қожа Ахмет Яссауи көшесін абаттандыруға облыстық бюджеттен 725 млн. теңге қаралса, Н.Назарбаев даңғылын абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 262,9 млн. теңге бөлініп, мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен бірге меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігі және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Заманауи дизайнмен салынып жатқан орталық алаң жуық арада пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
P.S. Қала билігі мен құрылыс ұйымдарының күш-жігерінің арқасында Қызылорда қаласы біртіндеп өзгеріп, қалада тұру мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы әрі тартымды бола түсуде. Инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жайластыру жергілікті тұрғындармен тығыз өзара іс-қимылда жүретіні маңызды. Бұл қолайлы орта құруға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Мұхаммедшах Каюп