Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты қолдауы негізінде және облыс әкімінің ұтымды үйлестіруімен өңірде, оның ішінде қаламызда қарқынды жұмыстар атқарылуда.

Жасампаз жобалар мен ілкімді істер жер­лес­теріміздің өмір сүру сапасын арттырып қана қой­май, кемел келешекке деген сенімін еселей түсті.

Аймақта жүзеге асқан табысты жұмыстардың 80 пайызға жуығы қаланың үлесінде. Соңғы үш жылда бой көтерген озық үлгідегі әлеуметтік нысандар, халық сұранысына сай ашылған кәсіпорындар, өңір әлеуетін арттырар ірі инвестициялық жобалар туған өлкеміздің дамуына тың серпін берді.

Оған қоса «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының игілігімен Қызылорда еліміздегі ең таза қалаға айналып, тұрғындарымыздың тазалық этикасы мен ортақ мүддеге жанашырлық көзқарасы қалыптасты.

Осындай батыл бастамалары мен ынтымаққа ұйысқан халқы бар Алаштың анасы – Сыр елінің сәулеті асып, дәулеті тасыды. Аймақтар ара­сында айбары асқақ алғашқы астананың даму үлгісімен танысу үшін әр өңірден делегациялар Қызылордамызға жиі ат басын бұратын болды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының баста­масымен облысымызда халықаралық деңгейдегі форумдар, республика дәрежесіндегі семинарлар, ұйымдық жиындар өтіп, іс-тәжірибеміздің тағы­лымы тарады.

Қызылорда қаласында өткен Халықаралық «Урбан Фест – 2025» және «Аналар» форумы, мәслихат төрағалары мен облыс әкімдерінің орын­басарлары бас қосқан жиындар, Абай мен Жамбыл облыстары делегациясының сапарлары, республикалық Ардагерлер кеңесінің көшпелі мәжілісі сияқты ірі шаралар арқылы өңірдің бүгіні мен болашағы сараланды. Келген мәртебелі меймандар қасиетті елдің құтты қадамына тілек­тестіктерін білдірді.

Өңір өміріндегі тарихи күн – 2025 жылдың 30 қазанында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы облысымызға жұмыс сапарымен келді.

Ел Президенті жұмыс сапарында бірқатар нысанның жұмысымен танысып, Қызылорданың даму қарқынына көңілі толды. Және «облыс жалпы, жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны бар, жоғары. Әкімге мен ризашылығымды айттым. Сондықтан бірге әрі қарай жұмыс жасай береміз», – деп, облыста атқарылған жұмыстарға, сонымен қатар Нұрлыбек Машбекұлының іскерлік, ұйым­дастырушылық қасиеті мен қажырлы қызметіне оң бағасын берді.

Әрине, Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен және аймақ басшысының тегеурінді талабымен барлық жұмыс үйлесімін тауып, өсім қалыптасты.

Облыс бюджеті 3 жылда 364 млрд. теңгеден 851,3 млрд .теңгеге дейін өсті. Ал, қала бюджеті болса, 174,7 млрд. теңгеге жетті. Жыл соңына дейін әлі уақыт бар. Біз қала кірісін әлі де толықтыру үшін қажетті шараларды жүзеге асыратын боламыз.

Облыс орталығының барлық саласында оң динамика қалыптасуда. Аймақ басшысының қолдауымен қала жолдары жөнделіп, көшелеріміздің аясы кеңіді. Бұл салаға 20 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды.

Абаттандыру ісінде де нәтиже жетерлік. Бұл жобаларға 33 млрд. 341 млн. теңге бөлінді.

Халықты баспанамен қамтуда республикада алдыңғы орындамыз. Яғни, көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен сатып алу үшін 42 млрд.206 млн. теңге жұмсалды.

Тұрғындарымыз 100 пайыз сапа­лы ауыз сумен қамтылып, бөлінген 6 млрд. 413 млн теңгеге қосымша жұмыстар атқарылды.

Сонымен қатар газ желісі жетпеген елді­мекендерге және қала аумағында қалып қойған аумақтарға көгілдір отын тартуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат берілді.

Алда жоспарлы жұмыстарымыз жетерлік. Жыл соңында қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағын пайдалануға беретін боламыз.

Ал, саябақ ішінде жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерінің және Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы көктем шыға аяқталып, ел игілігіне табысталады.

Биыл Бурабай төрінде өткен Ұлттық Құрылтай­да Мемлекет басшысы ауқымды тақырыптарды қамтып, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар өзекті  мәселелерге тоқталғаны белгілі.

Президент өз сөзінде: «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуда. Осы ретте  Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деген болатын.

Расында биылғы жылды тарихи тағылымға толы жыл ретінде атап өтсек, келер жылдың жауапкершілігі мұнан да жоғары. Өйткені, тағдыршешті мәселе көтерілетін алқалы жиын – Ұлттық Құрылтайдың отырысы Сырдың бас шаһарында белгіленіп отыр.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған