Мемлекет басшысына Қызылорда облысына сапары барысында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы да таныстырылды. Онда облыс басшысы жаңа әуежайдың 80 пайыз жұмысы аяқталғанын және келер жылдың мамыр айында ел игілігі үшін пайдалануға берілетінін алға тартты. Демек, біздегі әуежай көлемі жағынан ғана емес, рейстерімен де кеңейіп, жолаушылар үшін жақсы жағдай жасалмақ.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

– Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізіледі. Жоба құны – 20 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.

Тақырыпқа тұздық болсын, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың 118 жылдық тарихы бар темір жол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқанын баяндап айтты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған