ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ӘУЕЖАЙ ТЕРМИНАЛЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге жаңа әуежайдың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр еліне деген қолдауымен аймақта берекелі істер атқарылуда. Облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын айшықтай түсетін бірқатар зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, әлеуметтік нысандарды салу сәтті жүзеге асуда. Өздеріңізге белгілі әуе қатынасы – өзінің ерекшелігімен үлкен сұранысқа ие, серпінді дамып келе жатқан саланың бірі. Жолаушылар және жүк ағымын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту үшін әуежайдың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа терминал Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен салынуда.
Әкімдік әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіріп, терминал аумағын абаттандыратын болады. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Аталған жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге, авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге, жаңа әуе бағыттарының ашылуына мүмкіндік артады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ежелгі Сыр жеріндегі заманауи әуе айлағы әрі Қызылорданы көріктендіре түсетін тағы бір айтулы нысан болатынына сенімдіміз», – деді аймақ басшысы.
Іс-шара барысында қоғам қайраткері, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандары және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Биғали Қаюпов жерлестерін жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады. Қоғам қайраткері, Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ибрагим Әбибуллаев жұртшылыққа бата берді.
Айта кетейік жаңа әуежай ғимаратының жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрден астам, жалпы құны 31 млн. АҚШ долларын құрайды. Нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есе артпақ. Қазір жылына 1400 рейс орындалса, 2025 жылға қарай рейс саны 3000-ға жетеді деп күтілуде. Тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғаяды. Ал, жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп межеленуде.
Құрылыс кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылады, аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар