8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы, белгілі журналист Айнұр Нұрланқызы Тұңғышбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Ерен еңбегі үшін” медалін алды.
Бұл – біздің аймақ журналистикасына берілген жоғары баға.
Айнұр Нұрланқызы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері өңірдің ақпарат айдынында өзіндік орны бар басылымдарда қызмет етті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, заң, құқық тақырыбындағы салмақты сараптамалары оқырманнан оң бағасын алды.
Бүгінде көрерменнің көзайымына айналып, қызметі көпшіліктің көңілінен шыққан «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы қызметін атқарып келеді. Ақпарат саласының үздігі, сараптамалық бағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі.
Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді. Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте «нәзік жанды» деп атаймыз, бірақ шын мәнінде олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке парапар іс атқарады.
(Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықаралық әйелдер күніне
арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінен)
Айнұр Нұрланқызының қоғамның айнасы саналатын телеарнадағы еңбегі, кәсібилігі мен ақпаратты жеткізудегі ұстанымы, қоғам мүддесіне адал қызметі көпшілікке үлгі. Осындай тәжірибелі, сауатты, өз ісін жетік білетін мамандар барда дәстүрлі БАҚ медиакеңістіктегі орнын сақтап қалады деп сенеміз.
Еңбегі жоғары бағаланған Айнұр Нұрланқызына шығармашылық табыс тілейміз. Тың бастамалар, жаңа жетістіктер, ақжолтай жаңалықтар молынан болғай!