Фото: Жасанды интеллект
Жақында Алматы облысындағы дерттен қаза болған малға жасалған қан талдау нәтижелері сібір жарасын растаған. Оларға қоса төрт адам ауырып, Үлкен Ақсу ауылында карантин жарияланды. Taspanews.kz тілшісі сібір жарасының таралу жолдары, жұқтырып алу қаупі және өлімге әкелу-әкелмеуі жайлы мәлімет сұрастырды.
Үй жануарларындағы сібір жарасы
Қазақ Ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, ветеринария ғылымдарының кандидаты Владислава Сущих Қазақстанда сібір жарасы 1935 жылдан бастап ресми түрде тіркеле бастағанын айтты. Сол уақытта дерт аса кең тараған екен.
«Еліміздегі сібір жарасы бойынша эпизоотиялық жағдайды көпжылдық талдау ауыл шаруашылық жануарларының барлық түрлері сібір жарасының қоздырғышына өте сезімтал екенін көрсетті»,– деді ол.
Сарапшының айтуынша, ауылшаруашылық жануарлары Сібір жарасының қоздырғышын топырақ арқылы жұқтырады. Жұқтырудың негізгі жолы – алиментарлы, инфекция ас қорыту жолдары қуысының шырышты қабаттары арқылы кіреді. Жануарлар көбінде бұл ауру түрін жазда жұқтырады.
Ауруға төтеп бере алмайтын жануарлар сібір жарасын жұқтырып, қырылады. Содан соң олар жатқан жер сібір жарасы спораларының бір ошағына айналады. Бұрынырақта эпизоотиялық ошақтар осылайша пайда болған, ал қазір елді мекенде сібір жарасы расталған кезде карантин енгізіліп, топырақ инфекциядан тазартылады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының дертті жұқтырудың жекелеген жағдайлары жыл бойы тіркеледі, алайда сәуір-мамыр айларында көрсеткіш артады. Маусым айында ауру саны орташа көрсеткіш көрсетсе, шілде-тамыз айларында ең жоғары дәрежеге жетеді – сібір жарасының көбеюі жайылымға шығару кезеңімен сәйкес келеді.
Ғылым докторы, С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Күләш Құрманова, бұл микроорганизмдер неліктен ұзақ уақыт бойы құрамын жоғалтпайтынын айтты. Вегетативті формалар жылы температурада, организмде ұзақ өмір сүрмейді, белсенділігі азаяды, ал сыртқы ортада споралар түзеді. Олар жылдар бойы топырақта сақталады.
«Сіз тайгада мұздықтардың ерігенінен бұғылар және жұмысшылар ауру жұқтырғанын естіген шығарсыз. Бұл споралар ондаған жылдар бойы сақталғанын көрсетеді. Ондағы шөпті жеген кезде жануарлар ауырады, ал адамдар ауруды осы жануарлардан жұқтырады»,– деді Күләш Құрманова.
Адамдардың сібір жарасын жұқтыруы
Адамдарда ауру инфекция қоздырғыштың өзімен тікелей байланыста болған кезде пайда болады, ол басқаларға ұқсайды.
«Бұл әдетте ауру жануар немесе оның мәйітімен тікелей қарым-қатынастан болады. Ауру жануарды кесу кезінде жұқтыру Қазақстанда 98-99%-ға шақ»– дейді сарапшы.
Күләш Құрманова тағы бір мүмкін жағдайды мысал етті.
«Өткен жылы бізде топырақпен жұмыс істейтін археолог ауырып қалды. Олар пайдалы қазбаларды іздеу кезінде сібір жарасын шаң арқылы жұқтырған, жел соғып, жер бетінен шаң көтерілген. Археологтың қабағына шаң кірген. Біраз уақыттан кейін ол адамнан Сібір жарасы анықталды»,– дейді Құрманова.
Ғылым докторы ауырған адам басынан не өткізетінін де атап өтті.
«Негізінен елімізде бұл аурудың терілік түрі 98-99% көрсеткішімен таралған. Басқа формалар өте сирек кездеседі, мысалы, шаң арқылы инфекцияның өкпеге өтуі және тағам арқылы өтетін ішек формасы дегендей. Бұл екі жағжай өте ауыр және әдетте өліммен аяқталады. Статистикаға сай, Сібір жарасынан өлім-жітім көрсеткіші Қазақстанда 1%-ы құрайды. Уақытылы емделе бастаса, жұқтырған адам жақсы болып кетеді»,– деп атап өтті Құрманова.
Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды, алайда оған шалдыққан науқас спораларды сыртқы ортаға шығарады. Сондықтан сібір жарасымен ауыратындар оқшаулауды қажет етеді, дейді маман.
«Науқастар міндетті түрде стационарлық жағдайда емделеді, олар міндетті түрде оқшауланады. Емделіп шыққаннан кейін оның ауруханадағы бөлмесі міндетті түрде дезинфекцияланады»,– деді Құрманова.
Көбінде сібір жарасымен ауыл тұрғындары ауырады, әсіресе ер адамдар инфекция ошағына жақын, себебі олар жануарлармен көбірек байланыста болады, дейді ғылым докторы. Мысалы, мал сою кезінде, жануарларды күтіп-баптау кезінде, жүнді, тіпті терісін өңдеу кезінде жұқтырады.
«Дүкен сөрелеріндегі еттен сібір жарасын жұқтырудан халық қорқады, алайда бұл өте сирек кездесетін жайт. Ресми мәліметтерге сәйкес, сібір жарасының ішек формасы жалпы көрсеткіштің 1% – ынан да аз кездеседі. Бұған қоса, әрине, ешкім шикі ет жемейді»,– деп атап өтті Құрманова.
Алдын алу
Владислава Сущихтің айтуы бойынша, инфекцияны Қазақстанда толық жою сібір жарасы микробының табиғи резервуарларының бар болуы — топырақта Bacillus anthracis қоздырғышының ұзақ сақталуына байланысты мүмкін болмайды.
Алайда жүйелі түрде жүргізілетін ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар инфекцияның жаңа ошақтарын азайтуға әкелуі ықтимал.
Владислава Сущихтің айтуынша, инфекция анықталған кезде мал сойылған немесе қырылған орын, сондай-ақ оның шөп жеген жері, төсеніші, тіпті жатқан жердің топырағын өртеу керек.
Ауруға шалдыққан малды күтуде қолданылған заттар — күректер, қырғыштар, шелектер арнайы дезинфекциялық құралдармен өңделеді, содан кейін тазарту қалай өткендігін бақылау міндетті түрде жүргізіледі.
Қазіргі уақытта сібір жарасын алдын алудың негізгі көрсеткіші вакцинациялау болып табылады.
«Біздің елде вакцинация жыл сайын ауруға шалдығуы мүмкін барлық үй жануарларына жасалады»,– деп атап өтті Владислава Сущих.
Жерлеу орындары
Сібір жарасы қоздырғышының топырақта ұзақ уақыт сақталуы, көбеюі және тұрақталуы бүкіл ел бойынша оның тұрақты ошақтарының пайда болуына әкеліп соқты. Бұл инфекцияның өршу қаупі әрдайым жоғары екенін көрсетеді.
Маманның статистикасына сәйкес, ел аумағында сібір жарасы бойынша 1,5 мыңнан астам стационарлық жағдайы нашар елді мекендер тіркелген — бұл бір кездері инфекция өршіп тұрған учаскелер болған, сондай-ақ екі мыңнан астам топырақтағы сібір жарасы ошақтарында ауруға шалдыққан мал жерленген.
Күләш Құрманова жерлеу орындары қауіпсіз екенін атап өтті.
«Олар өте терең орналасқан, жақсы жабылады, айналасында санитарлық аймақ жасалады. Яғни, егер жануар жайылымда, далада ауырып қалса, онда бұл жерлерде шөп өсуіне жол бермеу үшін бұталар егіледі. Жануарлар оларды споралармен бірге жұта алмайды»,– деді маман.
Алайда, олардың пайымдауынша, аурудың қайта пайда болуына бұрын-соңды ескерілмеген белгісіз жерлеу орындары,қараусыз қалған жерлеу орындары әсер ете алады. Ол аймақтар шаруашылық мақсатта қолданалып жатады. Табиғи ландшафттық өзгерістер, жер қазу жұмыстары және табиғи апаттар нәтижесінде жер бетіне сібір жарасының жұқпалы споралары шығуы мүмкін.
Сарапшының пікірінше, белгілі немесе есепке алынбаған жерлеу орындары аумақтарында мал жаю, сондай-ақ ауруға шалдығу ықтималдылығы жоғары жануарлар арасында Bacillus anthracis тасымалдаушыларының болуы соңғы уақытта елдің мал шаруашылықтарында аурудың спорадикалық жағдайларының пайда болуы мен таралуына едәуір әсер етеді.
» 1996 жылдан бастап Қазақстанда сібір жарасынан қырылған үй жануарларының мәйіттерін көмуге қатаң тыйым салынғанын атап өткен жөн», – деп атап өтті Владислава Сущих.
Маман ауруды жұқтырған жануарлардың барлық мәйіттері мен қалдықтары арнайы инсинераторлық қондырғыларда өртеу арқылы жойылатынын айтты.
Республикалық эпизоотияға қарсы отрядында қауіпті және аса қауіпті инфекциялар, оның ішінде сібір жарасы пайда болған жағдайда, ошақ орнына шығып, ауру жануарлардың мәйіттерін, сондай-ақ оларды мәжбүрлі сою кезінде алынған өнімдерді өртейтін «Hurikan 3000» жылжымалы инсинераторлық қондырғылары бар.
Дезинфекциядан кейін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жануар жатқан топырақтың жоғарғы қабатын 20-25 см тереңдікке дейін өртейді.
Сібір жарасы бойынша бұрынғы деректер
Владислава Сущихтің жинаған деректеріне сәйкес, сібір жарасымен ауырған жануарлар мен адам санының едәуір бөлігі 1960-1980 жылдар аралығында байқалды. Содан кейін 1996 жылға дейін сібір жарасы бойынша эпизоотиялық және эпидемиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақталып, жыл сайын 13-тен 25 жағдайға дейін ғана тіркелді. Күрт нашарлау 1997 жылы республикада бірден 66 адам сібір жарасымен ауырған кезде байқалды.
2021-2023 жылдар аралығында Қазақстан Республикасында сібір жарасының 18 жағдайы тіркелген, 2021 жылы — 6, 2022 жылы — 4 және 2023 жылы — 8. Осы кезеңде республика аумағында 78 жануардан – оның ішінде 55 ірі қара мал (70,5%), 19 жылқы (24,3%) және 4 бас ұсақ малдан (5,1%) сібір жарасы анықталды.
Қазақстанда сібір жарасын жұқтыру тұрақты көрсеткіш көрсетеді. Соңғы онжылдықтың жыл сайынғы есебінде осы ауруға шалдыққан жануарлар саны 10-нан аспайды.
Жыл сайынғы жүйелі вакцинациялау аурудың алдын алудың тиімді құралына айналды және оны жүргізу жануарлардың аурушаңдығын жекелеген жағдайларға дейін азайтты.