Еліміздің бірқатар аймағында орын алған су тасқынының зардабы әлі де сейілер емес. Салдарынан талай отбасы баспанасыз қалып, қиындықтың қамытын киді. Мемлекет тарапынан елді есеңгіреткен табиғи апатты ауыздықтау шаралары атқарылып жатқанымен, жағдай күн санап күрделеніп келеді.

Тасқынға тас-түйін дайынбыз ба?

Табиғаттың алапат апатынан Сыр халқы да секемденіп отырғаны жасырын емес. Тасқынға қатысты арнайы өткізілген республикалық штаб отырысында Мемлекет басшысы су құрсауында қалған халықты қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беруді шегелеп тапсырған болатын. Осы жиында әрбір облыс тасқынға тосқын болуға тас-түйін дайындық жүргізу қажеттігі де айтылды.

Соңғы мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге облыс аумағына 339 текше метр көлемінде су түсіп жатыр. Өткен жылдың есепті кезеңінде 314 текшеметрді көрсеткен. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы су деңгейі қатаң бақыланып, өңірдегі су қоймалары транзиттік режимде жұмыс жасап тұр.

Тасқын қаупін болдырмау бойынша Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ахуалды өз бақылауына ұстап отыр.

Облыста қауіп жоқ

Жауапты сала мамандары бүгінде облыста ахуал тұрақты екенін алға тартады. Сыр өңіріне су тасқынынан қауіп жоқ. Дей тұрғанмен, бақылау жасау, тасқынның алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп келеді.

 – «Су тасқынының дайындық шаралары күнделікті бақылауда. Қазіргі уақытта су деңгейі бірқалыпты. Тасқын судың қаупі жоқ. Бүгінде тасқынға жол бермеу мақсатында тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.

Инспекцияның мәліметіне сәйкес, нақты уақытта Шардара су қоймасында 4 млрд. 705 млн текше метр су бар. Ал Көксарайда 1 млрд. 473 млн. текше метр су жиналған. Оның ішінде Шардарадан секундына 200, Көксарайдан 100 текше метр су Қызылорда облысына құйылып жатыр.

Бірлігіміз сыналар шақ

Табиғи апаттың аранында қалған аймақтарға еліміздің әр аумағынан шама-шарқынша көмек көрсетіліп келеді. Мұндай қолдаудан Сыр өңірі де қалыс емес.

Бұған дейін су тасқыны болған аймақтарға 296 қызылордалық құтқарушы аттанып, 135 техника жіберілді. Бұдан өзге тасқынның зардабын тартқан өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қала және аудан әкімдіктері «Күшіміз – бірлікте» акциясын ұйымдастырды. Акцияға облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер өз үлесін қосуда. Бүгінде аталмыш акция аясында арнайы жинақтау пункттері де ашылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Осы пункттер арқылы апат аймақтарына су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілген.

Сонымен қатар қызылорлалықтар атынан апат орын алған аймақтарға арнайы техникалар жіберуге шешім қабылданды. Соның негізінде Батыс Қазақстанға Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 106 арнайы техника жөнелтілді. Техникалар қажеттілігіне қарай бір тәулік ішінде әзірленіп, теміржол арқылы тасымалданды.

Оралдық оқушылар «Қамбаш» лагерінде оқиды

Су тасқынын, әсіресе батыстық ағайын қатты сезінді. Соның ішінде Орал қаласындағы ахуал әлі де алаңдатарлық күйде тұр. Талай тұрғын тұрағынан айырылып, балалардың білімін жалғастыруға мүмкіндік қалмай барады. Соған орай Орал өңірінің бір топ оқушылары Қызылордаға жеткізілді. Енді Сыр топырағына табаны тиген балғындар Арал ауданына қарасты «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығында білімін жалғастыратын болады.

Оралдық өрендерді Арал аудандық білім бөлімі көршілес Қазалы ауданындағы темір жол бекетінен сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні күтіп алды. Орталыққа 5-9 сынып оқитын 103 бала орналастырылды.

Қызылорда облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, Батыс Қазақстандық бүлдіршіндер бүгіннен бастап 10 күн бойы аталған орталықта білім мен тәрбие алады. Сондай-ақ, түрлі мәдени-сауықтыру шараларына қатысады. Ауданның тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасайды.

– «Сыр өңіріне келген оқушылар 10 күн бойы Арал ауданы аумағындағы “Қамбаш” олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында оқып, демалатын болады. Лагерьде балалардың әр сағаты алдын ала жоспарланып қойған. Мәселен, түске дейін сабақ оқыса, сабақтан тыс уақытта түрлі мәдени-сауықтыру шараларға қатысады. Сондай-ақ, ауданның тарихи-мәдени орындарына, мұражайларға экскурсия жасайды. Балалар лагерьде бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Оқушыларға аудан мектептерінен арнайы дайындалған мұғалімдер сабақ береді. Ал бағаны “күнделік.кз” платформасына балалармен бірге келген жетекшілері қоятын болады», – деп түсіндірді бізге бұл жайында Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Жалпы мекемеде балаларға барлық қажетті жағдай жасалған. Білікті ұстаздардан офлайн оқу процесі арқылы білім алады. Сонымен қатар түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар өткізіліп тұратын болады.

Қорыта айтсақ, төтеншеліктер тасқынның бетін қайтаруға күш салып жатқан тұста, ел болып ағын судың аранында қалған ағайынға қолдау танытуымыз бірлігіміздің бекемдігін аңғартады.Ал тасқыннан қауіп жоқ деп тоқмейілсіп отырмай, аймақтағы ахуалды жіті назарда ұстап отырған өңірдегі су мамандарының қарекеті көңілге сенім ұялатады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған