8 маусым 2023, 15:44

Алғашқы ақпарат:

Абай облысындағы «Семей орманы» аумағындағы орманды алқаптан тағы да өрт шықты, деп хабарлайды «Абай» облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Семей филиалының мәліметінше, Батпаев орманшылығының аумағында 0,3 га аумақта ағаштар жанған.

– «Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстарына Абай облысы ТЖД-дан 31 адам және 9 бірлік техника, орман шаруашылығынан 28 адам және 14 бірлік техника жұмылдырылған. Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында жедел штаб ұйымдастырылды», – дейді ресми ақпаратта.

ТЖД хабарлауынша, елді мекендерге қауіп жоқ. Облыстағы ауа райы 34 градус ыстық, солтүстіктен секундына 2 метр жылдамдықпен жел соғып жатыр.

Өрт сөндірушілер өртті сөндіру үшін барлық күштерін салып жатыр делінген төтенше жағдай департаменті ақпаратында.

Осыдан екі апта бұрын ғана Абай облысындағы орман өртенген болатын. Тілсіз жау 3500 га аумақ жалмап кетті.

Өрт 3500 га аумаққа жайылды

Бұдан біршама уақыт бұрын:

25 мамыр 2023, 21:48

Абай облысындағы өрт 3500 гектар аумаққа жайылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі. Өртті сөндіруге 10 тікұшақ жұмылдырылды.

– «Орман өртін сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен 5, қорғаныс министрлігінен 3, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен 2, барлығы 10 тікұшақ жұмылдырылды. Бүгінгі таңда 52 рет 130 тонна су ағызылды. Жалпы барлығы 298 рет 745 тонна су себілді» – делінген ресми ақпаратта.

Өртті сөндіруге жеке құрамның 800 астам адамы, 200 астам техника, 1 ҚТЖ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Тілсіз жау 3500 га аумаққа жайылды.

22 мамырда Абай облысының орманында өрт шықты. Салдарынан аймақта төтенше жағдай жарияланған.

Қаза тапқан орманшылардың отбасымен кездесуге келді

11 маусым 2023, 11:24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.

Сонымен қатар өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қазір облыстағы 5 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған Төтенше жағдайлар министрлігі, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінен 1500 жуық адам, 290 астам техника жұмылдырылған.

Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 486 рет жалпы көлемі 1 000 жуық тонна су ағызылды.

3 млн теңгеден береді

11.06.2023 12:53

Halyk Bank Абай облысында өрттен қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді.

– «Абай облысында өртті сөндіру кезінде қаза тапқандардың отбасыларына Halyk-тан 3 миллион теңгеден беріледі. Сонымен қатар өрттен қаза тапқан азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің Halyk Bank-тегі несиелері есептен шығарылады», – делінген хабарламада.

Әдейі өрт қойды деген болжам тексеріледі

12.06.2023 15:21

Құзырлы органдар Абай облысында әдейі өрт қойылуы мүмкін деген болжамды зерделеп жатыр. Әлеуметтік желіде Жерновка ауылынан келе жатқан көлік жүргізушісі түсірген видео тарады. Арғы жағында орман өртінің түтіні, ал жолдың жиегінде от іздері анық көрініп тұр.

– «Бізге орман өрті найзағайдан болды дейді. Бірақ бірнеше жерде от жағылғанын анық көруге болады. Бұтақтарды да әдейі жинап қойған. Барлығы сөніп қалған. Найзағай олай бір жерге соқпайды ғой. Біреу әдейі от қойған сияқты. Мына жердегісі ары қарай кетпеген, бірақ басқа жерде лаулап кете берген тәрізді. Содан орман өрті шықты», – дейді видео авторы.

Абай облысының әкімдігі видеоға қатысты түсіктеме берді.

– «Видео авторы найзағай емес, әдейі өрт қойды деген болжам жасап отыр. Алайда видеодағы өрт іздерінен оның ары қарай орманға таралмағаны көрініп тұр. Қазіргі кезде құзіретті органдар бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатыр. Тергеу кезінде өрт қоюы мүмкін адамды анықтау шаралары да жүргізіледі. Өрттің себебі сол болды ма, жоқ па, оны да анықтайды», – делінген ресми хабарламада.

Жаңа министр тексерді

12.06.2023 19:48

Төтенше жағдайлар министрі аэровизуалды тексеру және орман өртін сөндіруді үйлестіру бойынша кеңес өткізді.

Сырым Шәріпханов жедел штабтың кеңесін өткізді. Онда орман өртін сөндіру бойынша негізгі міндеттер тұжырымдалды. Сондай-ақ өңірдегі орман өрт жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар әзірленді.

– «Өртті сөндіру және залалды азайту, ең бастысы – халықты қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекші мамандар, жедел штаб жұмыс істейді», – деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ барлық қажетті күштер мен құралдар қойылған міндеттерді одан әрі орындауға дайын екенін атап өтті.

Орман өртін сөндіруге Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының ТЖД күштері мен құралдары және ТЖМ бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысып жатыр.

Отырыстан кейін министр орманды дала аймағының аумағына аэровизуалды зерттеу жүргізді. Ұшу қорытындысы бойынша өрт ошақтарына күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді. Сондай-ақ өрт учаскелерінде су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Орман өртін сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігі 1500-ге жуық адам және 300-ден астам техника жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері 14 тікұшақтың көмегімен жалпы көлемі 3039 тоннадан асатын 1017 су ағызу жүзеге асырылды.

Өртті сөндіру күрделі рельефті жерлер мен 17 м/с қатты екпінді желдің салдарынан қиынға соғып отыр.

«Өртті тоқтату және оқшаулау аса күрделі және көп еңбекті қажет етеді. Жер бедерінің жағдайы мен отпен күрестегі кедергілер ескерілуі керек», – деп атап өтті.

Қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасып жатыр. Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалай көмек көрсетуге болады?

12.06.2023 20:17

Абай облысының әкімдігі алапат өрттен зардап шеккен адамдарға көмек жинап жатыр. Бұдан бөлек, басқа да ұйымдар ақша және азық-түлік жинауға кірісті.

Қайырымдылық көмек арнайы есепшотқа түседі. Барлық ақша Абай облысында алапат өрттен зардап шеккендерге таратылады. Гуманитарлық көмекті жинауға тек мемлекеттік органдар мен партия ұйымдары ғана емес, кәсіпорындар, жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де атсалысып, жерлестеріне тұрақты түрде азық-түлік, дәрідәрмек және тағы басқа бірінші кезекте қажет заттарды жөнелтіп жатыр.

Барлық гуманитарлық көмек арнайы көліктерге тиеліп, өртпен белсенді түрде күрес жүргізіліп жатқан аумақтарға – Бородулиха-Жерновка мен ОзеркиТалицаға жөнелтіліп, жеткізілді.

Қазіргі кезде күн сайын 80-ге жуық жергілікті ерікті мен Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден астам адам өртті сөндіруге көмек көрсетіп жатыр. Оларды өзге де жанашыр азаматтар алмастырып отырады.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы тәуліктің ішінде 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс (картоп, пияз, сәбіз), 100 литрден астам май таратылды. Шаруа қожалықтарының басшылары азықтүлік жеткізу үшін екі көлік бөлді.

Бүгінде Бұлақ ауылының 80-ге жуық тұрғыны Семей қаласына эвакуацияланды. Қаладағы екі пунктте шамамен 150 адам орналастырылды. Соның ішінде Талица, Половинки мен Бұлақ ауылының тұрғындары бар. Жалпы Семейде 9 эвакуациялық пункт жасақталды.

Еріктілердің ұлттық желісі көмек жинап жатыр. Қазақстандағы еріктілердің ұлттық желісі эвакуациялық пунктерде орналасқан адамдарға және өрт сөндіріп жүргендерге гуманитарлық көмек жинауға кірісті.

Барлық ақша Семейдегі «Лидер» еріктілер қозғалысына аударылады. Олар қажетті тауарларды сатып алады да, төтенше жағдай болған жерге жеткізіп береді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, республикалық жастар ұйымдары Абай облысына аттанды. Олар зардап шеккендерге көмек көрсетеді.

Успенск, Озерка, Талица мен Бородулиха ауылдарында 300 адамға арналған ас ұйымдастырылды.

Бірнеше қалада гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. Абай облысындағы Amanat партиясының филиалы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Мекенжайы: Семей, Шайжүнісов көшесі, 138. Телефондар: + 7 702 758 07 24; +7 707 295 77 39; +7 776 127 76 61.

Астанадан «Жастар рухы» ұйымының еріктілері аттанды. Олар гуманитарлық пунктің жұмысымен айналысады.

– «Біз Семей қаласының тұрғындары жинап берген гуманитарлық көмекті Талица мен Қаштақ ауылдарына жеткізіп береміз. Өртке жақын аудандарда осы жердің еріктілері өрт сөндірушілерге екі күннен бері тамақ істеп жүр», – дейді ұйым өкілдері.

«Оса Семей» еріктілер бірлестігі де бизнес өкілдеріне үндеу тастап, көмек жинауға кірісті. Гуманитарлық пункт Семей қаласында Жұмабаев, 55 мекенжайы бойынша ашылды.

Алматының еріктілері де гуманитарлық көмек жинауға кіріскенін мәлімдеді. Ол жерде киім-кешек пен азық-түлік апаруға болады. Бірінше кезекте қажетті заттар бар: көрпе, төсек-қап; респираторлық бетперделер; термостар, қол шамдары, пауэрбанктер; памперстер, ылғалды майлықтар, жеке және әйелдерің гигиена құралдары; бірінші кезекте қажетті азық-түлік (консервілер, печенье және т.б.); бір реттік ыдыстар; су.

Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің мекенжайы:

Байтұрсынов көшесі, 22к1, 1-ші қабат (телефондар: +7 747 821 64 78; +7 747 540 01 40). Жұмыс уақыты: 10:00 – 19:00.

Ақшаны қайда жіберуге болады? Ақшалай көмекті бірнеше банктің қосым­шасы арқылы жіберуге болады. Мәсе­лен, Kaspi қосымшасында «Қайырым­дылық» деген бөлім бар. Сол жерде «Еріктілердің ұлттық желісін» таңдау қажет.

Halyk Homebank қосымшасында: «Барлық төлем» – «Қайырымдылық» – «Еріктілердің ұлттық желісі».

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры Абай облысында зардап шеккендерге 200 миллион теңге аударды. Ал қаза тапқандардың отбасыларына үш миллион теңгеден бөліп берді. Бұдан бөлек, отбасы мүшелерінің кредиті кешіріледі.

«Семей орманы» жалақысы өседі

13.06.2023 10:04

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова келесі айдан бастап «Семей орманы» резерваты орманшыларының жалақысы өседі деп уәде берді. Министрдің айтуынша, ведомствоның жоспарында жалпы орман шаруашылығы саласын қаржыландыруды біртіндеп ұлғайту көзделген. Экология министрлігінің басшысы төрт жыл ішінде арнайы техника паркі жаңартылып, өртті ерте анықтау жүйелері орнатылатынын атап өтті.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова:

– Үкіметте орман шаруашылығын материалдық қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Біз орманшылардың барлық қажеттіліктері бойынша жағдайды талдап, қосымша қаржы сұрайтын боламыз.

Прокуратура өртке жауаптыларды тексеріп жатыр

13 маусым 2023, 11:45

Прокуратура Абай облысындағы өртке жауаптыларды тексеріп жатыр. Премьерминистрдің бірінші орынбасары Роман Скляр:

– Оқиға орнында жағдайды дұрыс бағаламаған. Өрт тез өршіп кеткендіктен, осындай жағдай орын алып отыр. Біз үлкен өрттің алдын алуға болатын сәтті жіберіп алдық. Адам шығыны болды. Бұған төтенше жағдайлар министрлігі де, орман шаруашылығы қарайтын Экология және табиғи ресурстар министрлігі де кінәлі. Қазір прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр. Толық жауап береді.

Қандай көмек көрсетіледі?

13.06.2023 12:54

Премьер-министр Әлихан Смайылов Абай облысында орман өртінен қаза болған 14 орманшының отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты.

Аптаның әр сейсенбісінде өтетін үкіметтің кезекті отырысы өрттен қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет атынан марқұмдардың туыстарына көңіл айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов:

– Президенттің Абай облысындағы жедел штабтың отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондайақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленеді. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.

Сондай-ақ зардап шеккендердің отбасыларына көрсетілетін қолдау шаралары:

• отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы;

• отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемақы;

• қажетті жиһазбен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз ету;

• жерлеуге арналған біржолғы төлем.

• Бұған қоса, кредиттерді есептен шығару үшін қайтыс болған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің несиелік жүктемесі анықталады.

«Қазақстан халқына» қоры қаза тапқандардың балаларын білім беру гранттарымен қамтамасыз етеді.

«18 жасқа толмаған балаларға Эндаумент қорында арнайы шот ашылады, онда болашақта берілетін грант үшін әр балаға 4 млн теңгеге дейін жинақталады», – дейді қордың баспасөз қызметі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған