Жаңа Қазақстанның етегіне ескіні жұқтырмауға тырысып-ақ жатырмыз. Дегенмен де “Жаңа басшыны жарылқап, ескіні есіркеп жатқандаймыз”. Нұрсұлтан Назарбаевты “Тұңғыш президент” атағынан айырғаны белгілі. Бұл біздің экс-президент еңбегін еш еткеніміз болып есептелмейді ме? Өзгертілген заң жаңылыс қабылданбады ма?
Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңды қабылдады. «Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасы болып табылады». Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғаннан кейін күшін жоятын Конституциялық заңның алғашқы бабында осылай көрсетілген. Қол қойылмай тұрып-ақ, Парламент шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев “Тұңғыш президент” мәртебесінен айырылып, тек “Экс-президент” ретінде есептелмек. Мәртебесінен айырғанмен, тиісуге әлі де болмайды. “Тұңғыш президент” болмағанымен, оның есепсіз дүниесін есептеуге елге тыйым салынған. Ал, Назарбаевтың туыстарынан бұл иммунитет алынады. Бұл тұңғыш президенттің “ерен еңбегін” дұрыс бағалау ма, әлде шалыс басудан шошыну ма? Жеке күзет, дербес автокөлігі мен жүргізушісі, мемлекеттік саяжайы өзгеріссіз қалса, оған өмір бойы президент лауазымдық жалақысының 80% мөлшерінде зейнетақы төленіп, ел ішінде жүріп-тұру мен медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметі тегін көрсетілмек. Бұл мүмкіндіктер экс-мемлекет басшысында бұрыннан болған. Бірақ та тұңғыш президенттің отбасынан бұл мәртебелер алынып тасталмақ. Бұл дегеніміз – олардың есепшоттарына бұғат салып, мал-мүлкін тәркілеуге мүмкіндік бар, мемлекеттік күзеттің қарауынсыз, өмір бойына берілетін жәрдемақысыз қалмақ. Нақтырақ айтсақ, “Тұңғыш Президент – Елбасы туралы” Конституциялық заңда жазылған мына нормалар күшін жойды:
“Назарбаевпен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке мүлкіне, олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға тиісуге болмайды;
Тұңғыш президентке – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды;
Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі;
Елбасымен бірге тұратын немесе онымен бірге еріп жүретін отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі;
бірге тұратын отбасы мүшелеріне қызметтік автокөлікті пайдалану құқығы беріледі;
тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады;
Тұңғыш президентпен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге дейін Қазақстан заңдарында белгіленген қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.”
Бұл мүмкіндіктердің бәрі енді мүмкін емес. Құзіреттің бәрінің заңмен күші жойылды.
Тұңғыш президент жайлы заң жобаларына қатысты бірқатар сұрақтарға Әділет министрі Азамат Есқараев жауап берді. Назарбаевтың мүлкі жайлы тізімнің жасалмағандығын, экс-президентке қатысты барлық кепіл сақталатындығын айтып өтті. Дегенмен, Н. Әбішұлы мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда заңнамамен көзделген жазаға тартылуы мүмкіндігін де ескертті. Минист Азамат экс-президенттің жалақысы жайлы сұраққа жауап бере алмайтындығын айтып, заң жүзінде дұрыс шешім қабылданды деп есептейтінін қоса айтты.
“Тұңғыш президент” атағы алынып тасталғанымен де, Нұрсұлтан Назарбаев қашан да елдің есінде. Еткен еңбек пен төккен тер, өмірінің 30 жыл ғұмырын сарп етіп, қатардағы қызметкерден елдің басшысы болу – екінің бірінің қолынан келмейтіні бәрімізге аян. Ж. Аймауытов айтқандай, тұңғыш президентіміз – өз елінің тәрбиелі тұтқасы бола білді. Барды жоқ қылу қаншалықты оңай болса, жоқтан барды жасау соншалықты қиын. Елдің іргесін қалау, егемендікті еңселі алып жүру еріккеннің ермегі емес-ті.
Мұхаммедшах КАЮП
(Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар)