Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынатын кітапхана мен драма театрдың құрылыс алаңына барды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қызылорда қаласында жаңа драма театр және тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана салу туралы айтқан болатын.

– «Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.

Заманауи, көпфункционалды кітапхана салуға инвестор есебінен 20 млрд. теңге қаралған. Бұл еліміздегі кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырмандарға қолжетімділікті арттыруға және өңірлерде ақпараттық мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған.

Жоба бойынша ғимараттың аумағы 13 000 шаршы метр, 1 миллионнан астам кітап қорын сақтауға арналған. Жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсетеді. Каталогтар, заманауи ашық форматтағы оқу залдары, 50 адамның цифрлық ресурстармен жұмыс істеуіне қолайлы электронды бөлме қарастырылады. Инновациялық бағыттағы медиа-лаб бөлмесі мен подкаст студиясы болады. Бұл бастама – халықтың білімге, мәдениетке және заманауи ақпарат көздеріне қолже­тімділігін арттыртын маңызды қадам.

Ал драма театрдың жаңа ғимаратының салынуы – қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын аймақтағы тұрақты көрермендер үшін зор қуаныш, үлкен сый. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр былтыр бір жылдың ішінде төрт бірдей халықаралық фестивальда топ жарды. Материалдық базасы барынша нығайып, мамандардың кәсіби тұрғыда жетілуіне жағдай жасалды, баспанамен қамтамасыз етілді.

Жаңа ғимарат артистердің дайындығына, түрлі сахналық көріністер мен ауқымды декорациялар құруға мүмкіндік береді, кең тынысты дыбыс жүйесі мен соңғы үлгідегі жабдықтар қойылым сапасын арттыра түседі.

* * *

Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордада салынатын жаңа емхана мен перинаталдық орталықтың құрылыс алаңына да барды.

Аймақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асуда. Бұл шаралардың басты мақсаты – халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру.

Облыс орталығында, нақтырақ айтқанда Президент паркі аумағында 48,5 млрд теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық пен сол жағалауда 14,78 млрд теңгеге 500 орындық емхананың құрылысы басталады. Болашақ перинаталдық орталық ана мен балаға мамандандырылған заманауи медициналық көмек көрсетеді. Орталықта қабылдау-қарау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдер болады. Сондай-ақ, жерасты өткелі арқылы байланысқан жеке зертхана ғимараты мен ас блогы қарастырылған.

Медициналық мекеме жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге арналған стационарлық бөлімдер, операциялық блок, реанимация, зертханалар және инженерлік-қызметтік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі. Жобалық шешімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен заманауи медициналық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Ал 500 орындық емхана – тұрғындарға амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық медициналық көмек көрсететін көпсалалы мекеме. Нысан сол жағалау аумағында бой көтереді. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері қарастырылған. Сондай-ақ 50 төсектік күндізгі стационар, дәрілік қамтамасыз ету, орталық стерилизация, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория, 200 орындық конференц-зал және инженерлік-техникалық инфрақұрылым бар.

Бұдан бөлек Қызылорда қаласындағы Титов мөлтек ауданында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың құрылысы басталады. Жаңа ғимаратта балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, күндізгі стационар, функционалдық диагностика, стоматология, әйелдер консультациясы, бейінді мамандар кабинеттері, әкімшілік және клиникалық-диагностикалық зертхана орналасады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған