Әкімдіктегі басшыларға, тіпті әкімнің өз қабылдауына жазылып кіре алмай, жүздесе алмай жүрген жұрттың қарасы қалың. Бұрындағы кей тұрғындар әкімнің қабылдауына жылдар бойы кіре алмаса керек. Бұндай сөзді талай жұрттың аузынан өзіміз де естідік. Қалалықтар өз мәселесін қала әкіміне айтпай кімге айтады?
Мемлекет басшысы айқындап берген «Жаңа Қазақстанның» лебі соқты ма, әйтеуір біраз салада өзгешелік байқалуда. Оның ішінде жергілікті әкімдіктердің де, әкімнің де жұмыс форматы ауысып, халыққа жақынырақ бола бастаған. Соның бірі Қызылорда қаласының әкімі А.Шәменов.
Оның жұмыстан тыс уақытта қаланың орталығында, шетінде, күні-түні жүріп, тексеріс жасап, қоқыс жинатып, сынғанды түзетіп, құлағанды көтеріп жүргенін талай жұрт көрген. Өзіміз де бір-екі рет куә болдық. Содан болар, жергілікті жұрт, ақсақалдар мен ақжаулықты аналар, кезінде оның (әкімнің) әкесімен қызметтес болған кісілер әкім Шәменовті тәрбиесі бар, қарапайым азамат деп айтып жатады.
Сол қарапайымдылығының тағы бір дәлелі, қаланың біраз аумағын кешегі аралауы болды. Жәй аралау болса үндемеуге де болады. Бірақ, қаладағы біраз көшенің тұрғындары бірігіп, ұжымдық арыз жазып, әкімге жеке кіргісі келген-ді. Әйтсе де, Шәменов ойлана келе, «тұрғындар маған емес, мен тұрғындарға барайын» деп шешсе керек. Соның бірі, Саяхат шағын ауданының тұрғындарымен жолығуы.
О баста жергілікті жұрт әкімді сағат оннан бастап тосып тұра-тұра аяқтары талып, кейбірі жұмысына асығып, қайтып кетіпті. Араға бір сағат сала, шұғыл жиналысынан шығып барған қала әкімін жергілікті зейнеткерлер, үй шаруасымен отырған апаларымыз күтіп алды.
Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойымен жүре келе, жол бойынан басталатын жер үстіндегі үлкен жылу құбырын көруге болады. Сол құбырдың басындағы қотыр-қотыр қысқа жол – Саяхаттың кіре беріс қақпасы саналады. Бір аяқ жолға түсіп, тар көшеде көлігің селкілдей отыра Саяхат 22 көшесіне тап боласың. Мәселе де жеткілікті. Байқағанымыздай жолдың жоқтығын ешқалай да жасыра алмайсың. Сол Саяхат 22 көшесінің өзінде біраз жыл бұрын су құбыры жүргізіліп, жүргізілгенде де шала-пұла ісі бітіп, жергілікті жұрттың сөзі ескерілмей, шала істен біреуінде су болса, екіншісінде суы жоқ халге келіп тіреліпті. Басында-ақ, жобасы дұрыс сызылмаса, жасалмаса керек. Мердігерлер ешкімнің сөзін тыңдамай тайып тұрды дейді көше тұрғындары.
Аталған көшеге бұрындары тас төселген. Талай-талай көлік өте, нөсер-нөсер жаңбыр жауа, тас пен құмы араласып, қатып қалған. Жазда жақсы болғанымен күз бен қыста шалшықтан қиналатын тағы сол халық.
Ортаға коммуналдық сала басшысы Қайназаров Ғалымжан шығып, осы шағын аудандағы төрт көшеге, оның ішінде осы көшеге де асфальт төсеу жоспарға енді дегені сол еді, жергілікті тұрғындар марқайып қалды.
Жолдан бөлек, осы Саяхат пен Сәулет тұрғындарының өте үлкен мәселесі бар екені анық болды. Бұл жақтағы балалардың барлығы түгелдей нөмірі 264 мектепке қатынап оқиды. Ал сол мектепке баратын тура көлік жоқ. Екі ортада оқушылар қиналып, он бірінші бағытқа мінгенімен, «Ақмешіт Сырдария» мешітінің маңынан қалып, әрі қарай жаяу қатынап жүр. Сондықтан ата-аналардың барлығы Саяхат пен Сәулеттен сол мектепке тура баратын қоғамдық көлік сұрауда.
– Шыны керек, қазір бұрынғы заман емес. Кезінде бір бағытпен бірнеше жерге барып, өзімізге ыңғайластырып алып жүретінбіз. Әлемнің ірі елдерінде мұндай жағдай бұрын да жасалмаған. Жұмысына, мектебіне баратындар бірнеше бағыт ауыстырып барады. Қазіргі заңдылық осылай,-деді қала әкімі.
Негізі 2018 жылы Саяхат №10,31 көшелеріне 8,4 шақырымды құрайтын 411 учаскеге 201,0 млн. теңгеге ауыз су желілері жүргізілген. 2018 – 2019 жылдары Саяхат мөлтек ауданына жалпы құны 909,2 млн. теңгеге 7,6 шақырым электр желілері тартылған. Сол кезден қалғаны болар, біз барған Саяхат 22 көшесінде орнатылған ағаш бөренелерге көз түсті. Олар бос тұр. Түрлері аса қатты ескі емес. Сол ағаш бөренелерді жергілікті жұрт жауапты мамандардың алып кетуін ұсынды.
Жолға келер болсақ Саяхат тұрғын ауданында барлығы 43 көше бар. Бұл әкімдіктің есебі бойынша. Тұрғындар болса қазір олардың саны 54-ке жетті дейді. Сол көшелердің 5 көшесі асфальтталған және 38 көшесіне қиыршық тас төселген. Бұл жаққа 2018 – 2020 жылдары облыстық бүйжеттен бөлінген 432,5 млн. теңгеге 21,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Саяхат-1 ауданы бойынша: 1,2,3, 4,5,6,7,8,9,10,11,11а,12,13,14,15,22,22а,26,32, Бейбарыс көшелері; Саяхат-2 ауданы бойынша: 14,15,17,18,19,23,24,29,29а,30 көшелері; Саяхат-3 ауданы бойынша: 10,17,18,19,23,24, 29, 29а, 30, 7 көшелері бар.
Енді аталған көше тұрғындары асфальт сұрауда. Тұрғындардың тілегі қабыл болып, алдағы уақытта облыстық бүйжеттен Саяхат мөлтек ауданындағы 4 көшеге (Саяхат-6,15,17,22) орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 144,4 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда мердігер мекемелермен келісім шарт жасалуда. Құрылыс монтаждау жұмыстары қыркүйек айының аяғына жоспарланып отыр.
Бұны естіген көше тұрғындарының қуанышында шек болмады.
– Асылбек Өмірбекұлы, біз мәселелерімізді айтып жатырмыз. Дегенмен, қазіргі күйіміз бұрынғыға қарағанда жақсы. Оған алғыс білдіреміз. Бірақ, шағын ауданымызда балалар ойын алаңы жоқ. Біздің көше бойынша бос жатқан жерлер бар. Сол жерлерді өзіңіз де көрсеңіз болады. Балаларымыз алаңда ойнаса екен деген тілегіміз бар,-дейді жергілікті тұрғын.
Бұл жақтағы кездесуді аяқтаған қала әкімі СПМК-70 шағын ауданындағы Бименді Баймаханов көшесін жөндеу жұмыстарымен танысты.
– Асфальттың құрамы жақсы болсын. Жолды қабылдап аларда толықтай тексеріп аламыз, сапаға мән беріңіздер, – деді қала әкімі мердігерлерге.
Артынша облыстық әкімдік ғимараты жанындағы Бекшораұлы көшесінің жөндеу жұмысымен танысты. Ұзындығы бір жарым шақырымға жуық көше 19-шы қыркүйекте пайдалануға беріледі дегенді мердігердің өз аузынан естідік.
Алайда, 19-шы қыркүйек күні қайта барып бақылағанымызда, жол бойы әлі де жабық екенін байқадық. Бәлкім, кешке дейін жұмысы аяқталып қалар.
– Тағы да айтамын. Асфальттың құрамы жақсы болсын. Бір салынған жол ұзақ жылдар бойы қызмет етуі керек. Сіздер жыл сайын бір көшені жөндеуге қаржы бөле береді деп ойламаңыздар. Талапқа сай болмаса қайтадан жөндейсіздер,-деді қала әкімі.
Бұдан кейін Байсейітова көшесі бойындағы көппәтерлі тұрғын үй аулаларындағы салынып жатқан ойын алаңының жұмысымен танысқан қала әкімі жергілікті тұрғындармен тілдесті. Аймақта демеушілер есебінен салынып жатқан 80 ойын алаңының бірі осы пәтер тұрғындарына табысталмақ.
– Осындай ойын алаңы көптен бері керек болатын. Әйтпесе балаларымыз гараждың үстіне мініп, көрінген жерде ойнап жүретін. Бізге де серуендейтін, жаттығатын спорт алаңы салынуда. Сізге алғыс айтамыз. Алдағы уақытта кездесулерді көптеп ұйымдастырып тұрсаңыз деген өтінішіміз бар,-дейді шағын аудан тұрғыны.
Қазіргі таңда қала бойынша салынбақ 50 ойын алаңының 16-сы жақын арада пайдалануға берілмек. Қалған 34 ойын алаңдарының орны белгіленіп, жақын арала құрылысы басталмақ.
Д.АМАНГЕЛДІ