Өңірде мәдениет пен спорт саласында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, 7 мың орынға арналған Орталық стадион, сондай-ақ жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде.
«Аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 дене шынықтыру кешені салынды. 1,5 млрд теңгеге салынған Отбасы орталығы өз қызметіне кіріссе, 3,7 млрд теңгенің Өнер орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Келесі жылы 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады.
Сондай-ақ, Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды.