Сырдарияның сол жағалауында жаңадан ашылған «Syr Darya» коммуналдық базарының аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге Сыр диқандары мен жергілікті тауарөндірушілер 28 жүк автокөлігіне тиелген 60 тоннадан астам өнім әкелді. Қала тұрғындарына күріш, ет, балық және көкөніс пен жеміс-жидектер, бақша өнімдері, ас тұзы мен сүт өнімдері ұсынылды.

Сонымен қатар «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өңірлік тұрақтандыру қорынан алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да сатылды.

Жәрмеңкенің сол жағалауда ұйымдастырылу себебі – тұрғындарды жаңа форматтағы заманауи сауда орны – «Syr Darya» коммуналдық базарымен таныстыру. Бұл базар жергілікті өнімдерді делдалсыз тікелей нарыққа шығаруға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын сауда алаңының бірінші қабатында азық-түлік өнімдері, ал екінші қабатында киім-кешек бөлімдері жұмыс істейді. Қала тұрғындарының ыңғайы үшін әр сенбіде базарға қатынайтын қоғамдық көліктер тегін қатынауда.

Дәл осы аумақта құны 3 млрд. теңгені құрайтын көкөніс сақтау қоймасы мен 526 млн. теңгеге шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар аймақты сапалы жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге, шағын бизнесті дамытуға және салық түсімдерін арттыруға зор үлес қосады деп күтілуде.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған