Қызылордада «Руханият жылы» аясында аймақ басшысының қолдауымен ұйымдастырылған «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты Халықаралық суретшілер симпозиумы өтті.
Симпозиумда Халық суретшісі Ә.Қастеев бастаған қылқалам шеберлерінің картиналары жас ұрпаққа насихатталып, мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтау, бейнелеу өнерінің қазіргі бағыты мен дамуы туралы айтылды.
Салтанатты шарада Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов суретшілерге алғыс білдірді.
Халықаралық жиынға Өзбекстан, Қырғызстаннан, сондай-ақ республикаға танымал қылқалам шеберлері мен жергілікті суретшілер қатысты.
Қылқалам шеберлері Сыр өңірінің тарихымен танысып, көрнекті жерлерін аралап, қаланың ескі келбетін және қазіргі өзгерістерді композицияға бейнеледі.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні «Өнер орталығында» өтетін мерекелік салтанатты шарада ұйымдастырылатын көрмемен симпозиум жұмысы қорытындыланды.