Сыр жұртшылығы «Біздің күшіміз бірлікте» республикалық акциясына үлес қосты. “Халықаралық отбасы күні” қарсаңында еліміздің барлық өңірінде «Біздің күшіміз бірлікте» республикалық акциясы басталды. Акцияны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия ұйымдастырды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының үйлестіруімен су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына 30 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Онда төсеніш, жастық, көрпе, гигиеналық заттар, балалар жөргектері, ересектер және балалар киімдері, тұрмыстық заттар, азық-түлік және т.б. әрбір отбасына керекті заттар бар. Гуманитарлық көмекті жинауға қаладағы барлық мекемелер мен тұрғындар атсалысты.
Арнайы іс-шараға қатысқан комиссия төрағасы, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов және комиссия мүшелері су басқан аймақтар халқына ізгі тілек білдірді.
Сыр жұртшылығы су тасқыны болған өңірлерге белсенді түрде көмек қолын созуда. Республикалық қайырымдылық акциясына облыстың барлық мемлекеттік мекемелерімен қатар ірі кәсіпорындар, компаниялар, меценаттар, партиялар және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдары, волонтерлер айрықша үлес қосуда.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қызылорда облысынан еліміздің Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарына 738 адам, 216 арнайы техника жіберіліп, көмек көрсетілуде. «Торғай Петролеум» мұнай компаниясы 50 млн. теңгенің гуманитарлық көмегін берсе, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері 100 тоннаға жуық ақ күрішпен қамтамасыз етті.
Қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер жұмылды. Жинақтау пункттері ашылып, су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн. теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілді.
Батыс Қазақстан өңірінен аймағымызға уақытша келген 103 оқушы мен олардың 10 жетекшісі «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналастырылып, 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Ал, Атырау облысының 100-ден аса тұрғыны Қызылорда қаласына орналастырылып, тиісті көмек көрсетілуде.