Қызылордада «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ғылыми зерттеу институттарының өкілдері, су шаруашылығының ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдардың басшылары қатысты. Орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, шаруашылық ұйымдары бейнебайланыс арқылы қосылды.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға қатысушыларды мол тәжірибелерін ортаға салып, бөлісуге шақырды.
– «Су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Өңірдің басты су артериясы –Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85%-ы орналасқан және облыс халқының 93- %-дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген Сыр күріші аймақтың негізгі дақылы болып жылдар бойы қалыптасқан. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің сулылығына және Арал теңізіне тікелей байланысты», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы Сырдария суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келетінін, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасқанын атап өтті. Біріншіден, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғары ағыстағы мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына тәуелді. Екіншіден, өңірде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан, көп қаржы жұмсалатын, инженерлік жүйеге келтірілген мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін атап өтті. Айта кету керек, «Арал-Сырдария» бассейні мемлекеттері Сырдарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған міндеттемелерін әрдайым орындай бермейді. Мәселен, 2023-2024 жылдары мемлекетаралық үйлестіруші комиссияда «Шардара» су қоймасына 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың 1 ақпанына дейін 6,9 млрд. текше метр су түсетініне болжам жасалса, оның 76 %-ы ғана, яғни 5,3 млрд. текше метрі түсті. Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жинақталған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд. текше метрге аз. Арал теңізі мен маңындағы көлдер жүйесінің тартылуы – күрделі мәселе. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы 6,2 млрд. текше метрге азайып кеткен», – деп аймақ басшысы суармалы су тапшылығы мәселесін де алға тартты.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» 20 жыл бұрын қабылданғанын, су заңнамасын одан әрі жетілдіруді уақыт талап ететінін айтты. Жаңа «Су кодексінің» қабылдануы Сыр өңірінің экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
– «Мемлекет басшысы Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда, республикалық бюджет есебінен «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2022 жылы Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияда «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы қаралған болатын. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылған 4,3 млрд. теңгенің жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі іске асыруда», – деген аймақ басшысы.
Жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге екі арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылып, Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігінде су айналымы қалыптасқанын да айтты.
Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту үшін Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жүргізілді.
«Көкарал» бөгеті 2005 жылғы қараша айында пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы 13 шақырым. Тоспа салынғаннан кейін теңіздің құрғаған ұлтанының 870 шаршы метрі сумен жабылды. Теңіздегі су көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайып, балық түрлері артты және бекіре тұқымдас балықты өсіруге қолайлы жағдай жасалды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артты.
Былтыр 3 айда Кіші Аралға 1 млрд 200 млн текше метр су келді. Кейінгі жылдары Кіші Арал теңізіндегі су көлемі 8,5 млрд текше метрге дейін азайып кеткен еді. Жазда су тапшы, ал қыста көп болғанымен Аралға жетпей жатты. Былтыр қаңтар, ақпан, наурыз айларында су мол болып, оңтайлы мүмкіндікті барынша пайдалануға жұмыс жасалды. Нәтижесінде Аралға жылдық норма 3 айдың ішінде жіберілді.
«Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен «Суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Кешенді жоспарға құны 141 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба енгізілді. Ол бойынша 1 млрд. текше метр тасқын суды жинақтауға арналған «Қараөзек» су қоймасын салу жоспарлануда. Су қоймасы салынса Қазалы ауданындағы 31 мың гектар суармалы жерді, 120 мың гектар жайылым мен шабындықтарды және ең маңыздысы вегетациялық кезеңде Кіші Аралды суландыруға болады. Бұл жобалар іске асқанда суды үнемдеуге және үнемделген суды экологиялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік туады. Еліміздегі су тапшылығын жоюға және су үнемдеу технологияларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бүгінгі маңызды отырыста жаңа «Су кодексіне» оңтайлы ұсыныстар енгізіледі деп сенемін», – деп аймақ басшысы Н.Нәлібаев суармалы суды тиімді пайдаланудағы негізгі міндеттер туралы да айтты.
Жиында Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев баяндама жасады.