2023 – КЕЛІСІМ ЖЫЛЫ?
2022 жылдың 21 ақпанында Ресей Донецк пен Луганскі халық республикасының тәуелсіздігін таныды. Ақпанның 24-інде Ресей Президенті В.Путин Донбасста әскери операция бастағанын жариялап, Донецк пен Луганскіге әскер кіргізді. Ресей әскери күштері әскери инфрақұрылымдарды, шекара қорғаныс объектілерін, Украина аэродромдарын шабуылдады.
Қыркүйектің 30-ында Ресейге Запорожье, Херсон қосылатындығы тағы жария етілді. Әрине Украина өз аумағындағы бұл территорияларды қайтадан алу үшін аянбай соғысуда.
Ресей мен Украина арасындағы соғысқа бір жыл болып отыр. Әрине, бір жылдан бері жеңілмеген Украинаны жақтаушылар да, оған көмек беріп, жәрдем жасаушылар да аз емес. Дегенмен қайсыбір ел, қайсыбір мемлекет басшысы болмасын бейбіт өмірдің құндылығын сезініп отыр. Екі ел арасындағы соғыс өрті салдарынан, санкциялар арқылы құндылығы кеткен экономикалық қарым-қатынастар салдарынан талай елдің ішкі жалпы өнімі кеміп, өндірісі ыдырап, тұрғындары босқынға айналуда.
Бүгінде еуропалық елдер көшбасшылары арасында Ресей мен Украина арасы бітім жасап, ортақ келісімге келуі туралы ашық айтыла бастады. Әрине, бір жақ тізе бүгіп жеңілмейінше соғысты тоқтатпаймыз деп отырған Ресей Президенті Путиннің пәрмені мен 1991 жылғы шекараны қайтарып алмайынша кері қайтпаймыз деген Украина Президенті Зеленскийдің зілді талабынан екі жақтың жақын арада мәмілеге келе алмасы байқалып-ақ тұр. Дегенменен Германия Федералды Республикасының канцлері Олаф Шольц та, Франция Президенті Эмманюэль Макрон да екі жақтың қай-қайсының да қантөгіспен жеңіске жетпейтіндігін, келісімге келу уақытының алыс еместігін айтуда.
Ірі ақпарат құралдарының жазуынша Берлин, Париж, Лондон биылғы жылы Киевті Мәскеумен келісімге келуге көндірмекші. Бейбітшілік келісімі болған жағдайда олар Украинаға батыс әскери техникасына қолжетімді ететін, әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қорғаныс пакетін ұсынбақшы. Бұл қорғаныс пакетін тереңірек талдау шілдеге жоспарланған НАТО-ның жыл сайынғы кездесуінде өтпекші.
АҚШ ӘСКЕРИ КӨМЕКТЕН АЯНБАЙДЫ
Өткен жылдың қаңтар айынан бастап АҚШ Украинаға көмек ретінде 75,5 млрд доллар қаржы бөліпті. Бұдан бөлек Украинаның қауіпсіздігін, экономикасын қайта құру, энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға 45 млрд доллар бөлген. Сондай-ақ гуманитарлық көмекке 1,9 млрд доллар қаржы кеткен.
Қару-жарақпен қамтамасыз етуде бағаларға зер салсақ: PC3O HIMARS 4 млн, ал оған бір ракета 100 мың доллар екен. АҚШ Киевке оның 20-сын жіберген. Бұдан бөлек әлде де Украинаға біреуі 10 млн доллар тұратын үш Abrams танкісін жібереді. Танкіден бөлек Gavetin жүйесінің 8,5 мыңынан астамын, Ainger зенит комплексінің 1,6 мыңнан астамын, 13 мың гранатомед және атыс құралдарын, ПВО Patriot батареяларын, МИ-1720 тікұшағын, 700 Swit-Chblade дрондарын және 1,8 мыңнан астам Phaenix Chost дрондарын, 38 HIMARS жүйесін, 109 Bradley БМП-сын жеткізген.
Ақпанның 20-сында Киевке келген АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға тағы да 460 млн доллар әскери көмек берілетінін айтты. Ақпанның 24-індегі ақпарат бойынша Ақ үй тағы да 2 млрд доллар көмек жеткізілетінін мәлімдеді.
ЭСТОНИЯНЫҢ КӨМЕГІ
Эстония Украинаға автомат, пистолет, ұшақсыз ұшақтар, тепловизорлар, сондай- ақ генераторлар, қуаттағыш құралдар менен киімдер берді. Жалпы оның жаңа әскери көмегі 400 млн еуро, яғни елдің ішкі жалпы өнімінің 1%-дан астамы.
Биылғы жылдың ақпанының 26-сында Эстония Қорғаныс министрлігінің басшысы Киевте украиналық өз әріптесімен кездесуде жаңа әскери көмек жайын жария етті. Жаңа әскери көмектен бөлек Эстония Украинаға 15 млн еуро шамасында екі дала госпиталы мен дәрі-дәрмектер берді. Нидерланды, Норвегиямен бірлесіп, 7,8 млн еуро жұмсалған үшінші дала госпиталы жақын күндері пайдалануға беріледі.
Есесіне Эстония Еуроодақ бейбітшілік қорынан 156 млн еуро өтем алады екен.
САУД АРАБ ЕЛІ ДЕ СЫРТ ҚАЛМАДЫ
Сауд Араб елі де Украинаға көмек ретінде 400 млн доллар қаржы бөлген. Оның ішінде 100 млн доллары гуманитарлық көмек. Ал 300 млн доллар мұнай өнімдерін сатып алуға грант. Сондай-ақ екі ел арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған.