Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Қызылорда қаласындағы филиалының 26 түлегі Отан алдында әскери ант берді.

Әскери-техникалық мектептің түлектері қырық күндей жоспарға сай кәсіби даярлықтардан өтті. Бұл биылғы жылы осы мектепті тәмамдап отырған түлектердің соңғы жетінші легі. Әскери ант беру рәсімі оқу процесі аяқталғаннан кейін өтетіні белгілі. Олар осы уақыт аралығында теориялық, тактикалық дайындықтарды меңгерумен қатар, «Тереңөзек» оқу-жаттығу полигонында екі мәрте қарудан оқ атып үлгерді. Білікті мамандардың арқасында нағыз әскери тәртіпті бойларына сіңіре білді.

– Оқу барысында тактикалық, жауынгерлік және атысқа дайындықтың ерекшеліктері мен әскери өмірдің қыр-сырын меңгердік. Әскери-техникалық мектебінің ұстаздар қауымына алғысымыз шексіз. Темірдей тәртіпке баулып, нағыз жауынгер қандай болу керектігін үйретті. Әрбір азаматқа Отан алдындағы борышын өтеу міндеті екенін ескере келе алдағы уақытта әскери қызметке бет бұрсам деген ойым бар, – дейді әскери-техникалық мектебінің түлегі Айсұлтан Насрадинов.

Әскери-техникалық мектептерге іріктеу жергілікті әскери басқару органдары өкілдерімен жылына 7 рет өткізіледі. Осы жылы Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебіне шамамен 180-ге жуық азматтар оқуға қабылданып, бітіріп шықты.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

лейтенант Мұхит Қонаров

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған