Шиелі ауданы-көптеген тұлғаларды дүниеге әкеліп, мықты дарындардың қанатын қақтырған өнеге тұнған өлке. «Киелі мекен-Шиелім екен» демекші шежірелі тарихы ғасырлар қойнауында жатқан, ән мен күй, мәдениеті, салт-дәстүрі бәрі бір-бірімен тоғысқан мекен- Шиелі екені бәрімізге мәлім. Сыр елінің шырайын кіргізіп, өсіп дамуына үлкен септігін тигізіп жатқан өңір Шиелі жері деп ауыз толтырып айтсақ болады.
Өткен аптаның жұмасы күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Шиелі ауданы бойынша 2023 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баяндама жасады.
Жалпы биылғы жартыжылдықта Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтиже бар деп айтуға болады. Атап айтқанда, есепті кезеңде аудан бюджетінің кірісі 5 млрд 438 млн теңгеге артып, 112,7 пайызға орындалған. Сонымен қатар экономиканың негізгі тірегі саналатын маңызды салалардың бірі – өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 36,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызға өскенін көрсетеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 15,9 млрд теңгенің өнімін өндірген.
– Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд 754 млн теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде бюджеттің өз кірісі – 4 млрд 298 млн теңге. Шиеліде экспорт көлемі де артып келеді. Мәселен, ірі кәсіпорындардың бірі – «Фирма Балауса» ЖШС-ның «Баласауысқандық кенішінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы. Осы кәсіпорыннан шығарылған 190 630 тонна өнім Ресей, Ұлыбритания, Австрия елдеріне экспортталды. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» бірінші жартыжылдықта Өзбекстанға 81 579 тонна цемент жөнелтті. Жалпы негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 16 млрд теңгені құрап, 2,2 есеге артты. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5,5 млрд теңгеге орындалды. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 31 567 шаршы метрді құрап отыр, – деді аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы саласында 6 млрд 431 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан. Сондай-ақ аудан бойынша 31 702 гектарға егін егілген. Соның ішінде негізгі дақыл – күріштің үлесі 13 189 гектарды құрап отыр.
– Ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан техникалар алып, ауданға 506 млн теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 5405 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылды. Ал күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды. Сапалы өнім алу үшін судың мол болуы керегін ескеріп, қазіргідей су тапшылығы орын алған тұста егіс алқаптарына 59 жерге насос қойылды. Сондай-ақ, «Олжа Агро» ЖШС 1200 бас асыл тұқымды ірі қара малының тауарлы-сүт фермасын ашу бағытында серіктестік басшыларымен келісімге келіп отырмыз. Ферма құрылысын «Алғабас» ауылынан салу жоспарлануда. Жем-шөп қорын дайындау мақсатында серіктестікке Диірментаудан жер телімі әзірленіп, бүгінде таңдалған жер телімінің топырақ зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ферма ашылғанда кемінде 80 адам жаңа жұмыс орнымен, жем-шөп дайындағанда тағы 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жоба аясында өңірімізге 10 млрд теңге инветиция тартылатын болады,– деді Нұржан Ахатов.
Сонымен қатар, аудан басшысы азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін Шиелі ауданында кемінде екі өнім сақтайтын қойма салу көзделіп отырғанын атап өтті.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың өзін-өзі азық түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл жоспардан тыс 1520 гектар қосымша жер дайындалып, 1390 отбасына үлестіріліп, оның ішінде 520 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы көкөніс бақша егу жұмыстары жүргізілді.
Сондай ақ, аудан бойынша экспорттың әлеуетін арттыру бағытында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тауарларын елдерге экспортқа жөнелту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанып айтып кетті.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы экспортының әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылы мамыр айында Қырғызстанға 20 тонна ақ күріш, Ресейге 420 тонна қарбыз, 275 тонна қауын, 330 тонна қызанақ экспортталды. Ал, еліміздің басқа да облыстары мен қалаларына 18 500 тонна ақ күріш, 1 200 тонна қарбыз, 13 400 мың тонна қызанақ, 3 800 тонна қауын және 22 000 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілген.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында 1,6 млрд теңгенің 409 жобасы ұсынылып отыр. Жалпы ауданда 7523 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның 7254-і жұмыс істеп тұр. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 114,9 пайызды құрап отыр.
– Ауданда сауда-саттық және туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның құрылысы басталып, бүгінде 2 нысан пайдалануға берілді. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жыл соңына дейін қалған жобалар іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, есепті кезеңде мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 687 млн теңгені құрайтын 225 жоба шағын несие және грант қаражатын алып, 350 жаңа жұмыс орны ашылды. Оған қоса, 20 жасқа 2,5 пайыздық шағын несие беру жоспарланған. Бүгінде 22 жоба өңірлік комиссияның оң қорытындысын алып, 7 жоба 31,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Қалған оң қорытынды алған 15 жобаны 67,5 млн теңгеге қаржыландыру күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Жалпыұлттық жобалар аясында биыл ауданда өндіріс бағытында 24,8 млрд теңгені құрайтын 5 жеке инвестициялық жоба іске асырылуда, олар толық іске қосылған кезде 590 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалпы ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда, – деді аудан әкімі.
Биыл Шиелі ауданына қарасты 6 елді мекенге республикалық бюджеттен 1 млрд 531 млн теңге бөлініп, газ желілері жүргізілетін болады. Бұл елді мекендер толықтай газға қосылған жағдайда ауданның 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылмақ.
-Аудан бойынша Шиелі кенті және Ы. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары толық «көгілдір отынға» қосылған. Осыған сәйкес, аудан халқының 68 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылып отыр. Ендігі кезекте Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Досбол Датқа, Бестам ауылдарына газ құбырын тарту жүргізілуде. Жалпы, Шиелі ауданы бойынша «көгілдір отынға» қосылмаған 16 елді мекен бар. Осы елді мекендерге газ желілерін тарту үшін ең алдымен Тартоғайдағы автоматтандырылған газ реттеу стансасын орната отырып, «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбыры жобасын жүзеге асыру қажет. Одан кейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң, ауданымыздағы «көгілдір отынға» қосылмаған ауылдарға жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, кезең-кезеңімен газ беріледі. Сонымен қатар, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында мектептердің қазандық ғимараттарын салуға барлығы 85,0 млн теңге бөлінді, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.
Ауданда аяқсу, ауызсу, жол, құрылыс бағыттары бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп құрылысы жоспарлануда. «Байсын» елді мекеніндегі жобалық құны 853,4 млн теңге болатын 250 орындық мектеп биылғы оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Келер жылы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық заманауи мектеп құрылысы басталады.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар