Кез-келгеннің маңдайына бақ, астына тақ болып бұйыра бермейтін облыстық білім басқармасына осыдан 15 жыл бұрын осы қызметтен басқа жаққа ауысқан М.Шермағанбеттің қайтадан басқарма басшысы болып келгеніне көп күн бола қойған жоқ.
Әлі күнге құттықтаушылар легі үзілмегенде болар. Кешегі өткен үкімет басшысы Ә.Смайылов төрағалық еткен жиында білім мәселесі қаралды. Білімді ұлт “Ұлттық жобасы” бойынша екі бірдей министр баяндама жасады. Министрлер жобаны іске асыру барысында өңірлердегі кемшіліктерді атап өтті. Ресми ақпарат бойынша: Оның ішінде көрсеткіштерге арнайы талдау жүргізді. Мәселен, Қызылорда облысы 2021 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарланған 6180 орынның тек 1 363-ін орындаған, яғни 21%.
Өткен жылдың көрсеткішіне сәйкес мектеп құрылысы жұмыстары бойынша да біздің аймақ жоспарланған көрсеткішке қол жеткізбей, соңғы қатардың бірінде орналасты. Нақты айтсақ, 2 мектеп құрылысы уақытылы жүргізілмей, 900 оқушы қамтылмай қалған.
Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша 17 облыстың ішінде Қызылорда 16 орында. Яғни, 2021 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 1240 орынға жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс кем жүргізілген.
Үкімет деңгейінде кемшіліктер аталып жатқанда аймақ басшысы қайдан қарап қалсын. Ресми ақпарат бойынша Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне кемшіліктерді талдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында облыс әкімі білім саласы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, бірінші басшылардың қызметін сынға алды.
– Өткен жылғы көрсеткіштерге сәйкес, Қызылорда облысы жоспарды орындамай, рейтингтің соңғы қатарында тұр. Бұл жұмысымызға үлкен сын.
Қазіргі таңда үш мектептің (Қармақшы №28, №85, Жаңақорған №55) күрделі жөндеуі жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалу қаупі бар. Бұл балалар үшін ыңғайсыздық тудыруда. Елді-мекенде мектеп болмай, көрші ауылға қатынап оқитын балалардың қауіпсіздігі алаңдатады. Сол себепті құрылыс жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау қажет. Сапаға ерекше мән беріңіздер, арнайы комиссия жіберіп тексеретін боламыз. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамаған мердігер мекемеге шара көру керек. Бұл жұмысқа облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармаларымен қатар аудан әкімдері тікелей жауапты, – депті Н.Нәлібаев.
Өңірде қазіргі таңда 6 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде. Тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы. Дегенмен, төрт мектептің (Қазалы – №250, Қызылорда – Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп, Жаңақорған ауданы – 300 орындық 2 мектеп) құрылысы мерзімінен кеш жүргізілуде.
Аймақ басшысы құрылыс жұмысының уақытылы аяқталмауы басшылардың салғырттығы екенін атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бізде әлі күнге дейін құрылысы 3 жылдан бері жалғасып келе жатқан мектептер бар. Пайдалануға беру мерзімі өтіп кетсе де, жауапты басшылар бұл жұмыстарды дұрыс қадағаламаған. Балаларға лайықты білім ошақтарында білім алуы қажет. Сондықтан мәселені шұғыл арада шешіңіздер,- деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда облыс әкімі тиісті көмек түрлерін алатын арнайы санаттағы балаларды киім-кешек, оқу құралдарымен қамтуға қаражаттың жетіспеушілігі бар екенін алға тартты. Білім басқармасының басшысына жұмысты дұрыс үйлестіруді, қала және аудан әкімдері де немқұрайлық танытпай, мүдделі болу керектігін қатаң тапсырды.
Мұнымен қоса «Мектепке жол» акциясын қала, аудандарда лайықты деңгейде жүргізу қажет деді.
P/S: Сонымен білім саласының осал тұстары Үкімет деңгейінде талқыға түсті. Көшбасында болмаса көш соңында жүруді өзіне ар санайтын Н.Нәлібаев облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбетке біраз міндет жүктеді. Басқармаға күні кеше басшы болып келгенімен оған өзіне дейінгі кезеңнің кемшіліктерін түзеп, аймақтың білім саласын көшбасына шығаруға тура келеді. Әйтпесе аймақ басшысы оның Шермағанбет екеніне қарамайды…
Толығырақ «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар