Биылғы қоян жылының шілдесінің 19-ы күні Қызылорда қаласы әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен қала әкімдігінің аппарат мәжілісі өтті. Қала әкімі мәжілісті бастамас бұрын жаңадан сайланған Ақсуат ауылдық округінің әкімін таныстырды.

– Қалалық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 9-ы шілдедегі шешімімен Ақсуат ауылдық округінің әкімі болып Бақытов Нұрболат Бақытұлы сайланды.

Мұнан кейін қала басшысы мәжіліске қатысушыларға су жаңа әкімнің өмірбаянын оқып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аппарат мәжілісіндегі күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе мемлекеттік сатып алу жұмыстарының барысы туралы. Ол туралы қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Роза Жүнісова баяндама жасап, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жүргізілген мониторинг нәтижесін баяндады.

 – Құрметті Асылбек Өмірбекұлы, қалалық экономика және қаржы бөлімімен мемлекеттік сатып алудың мониторингі мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы және онда қамтылған ақпарат негізінде күнделікті жүзеге асырылады. Осы ретте 2023 жылғы 18 шілде күні мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алулар бойынша мониторинг жүргізілді.

Мониторинг нәтижесінде қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің өтінімдері бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен Қызылорда қалалық әкімдікке қарасты барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен кент және ауылдық округ әкімдіктерінің 2023 жылға қаралған қаржыларына сәйкес бірыңғай ұйымдастырушымен жалпы сомасы 32 697,9 млн. теңгені құрайтын 360 конкурс жарияланды. Оның ішінде: Жалпы құны 30 204, 2 млн. теңгені құрайтын 335 конкурс бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, әлеуетті өнім берушілер мен мердігер мекемелер анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Үнемделген қаржы 1 893,9 млн. теңге.

Жалпы құны 1 591,2 млн. теңгені құрайтын 16 конкурс бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2 мемлекеттік сатып алуы және Қосшынырау ауылдық округінің 1 мемлекеттік сатып алу конкурсы шағымдану негізінде техникалық құжаттары уәкілетті органда қаралуда.

Жалпы құны 18,9 млн. теңгені құрайтын 4 конкурс бойынша тапсырыс берушілердің өтінімдерінде құқық бұзушылықтар анықталуына байланысты облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының тарапынан мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды.

Оның ішінде: 1. Қызылорда тазалығы мекемесі бойынша 15 263 040 теңгені құрайтын 2 мемлекеттік сатып алуы барысында мемлекеттік стандартты және сатып алу тәсілін таңдауда қате болғандықтан сатып алу тоқтатылды.

2. Тасбөгет кенті әкімдігі бойынша 693 839 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алуының техникалық құжаттамасында қате болғандықтан, конкурс тоқтатылды.

3. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бойынша 2 930 357 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу барысында сатып алу тәсілін дұрыс таңдамағандықтан, мемлекеттік сатып алу тоқтатылды.

Жалпы құны 171,4 млн. теңгені құрайтын 5 конкурс бойынша тапсырыс берушілердің өтінімдеріне әлеуетті өтінім берушілер қатыспауына байланысты конкурс өтпеді деп танылды. Оның ішінде 4 конкурс Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті және 1 конкурс құрылыс бөліміне қарасты.

Осыған байланысты тапсырыс беруші алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізуге немесе конкурстық құжаттаманы өзгерту және конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы шешім қабылдауы тиіс.

Сонымен қатар Қызылорда қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 маусымдағы қалалық мәслихат сессиясының шешімімен бөлінген 5 670,2 млн. теңге облыстық трансферт бойынша 14 мемлекеттік сатып алу жарияланған болатын. Оның ішінде жалпы сомасы 2 787,0 млн. теңгені құрайтын 5 мемлекеттік сатып алу аяқталып, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Үнемделген қаржы 139,4 млн. теңге.

Мемлекеттік сатып алу бойынша мониторинг жүргізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғастырылады.

Баяндама аяқталғаннан соң Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев баяндамашыға сұрақ қойды.

– Өздеріңізге белгілі, қазір көптеген тендер қаржылары қаламыздың түйіткілді мәселесін шешуге жұмсалып жатыр. Алдағы уақытта конкурс нәтижесінде қаржы жағынан кемшіліктер болдырмау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Бұл сұраққа қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Роза Жүнісова былай жауап берді.

– Қаржыны уақытылы игеру және жұмысты сапалы жүргізу мақсатында қаржы бөлінген кезі ашық конкурс өтсе және біліктілікті алдын ала іріктеу тәртібімен жүргізілетін конкурс болса бірыңғай ұйымдастырушылар өтінімдерін беріп жұмыс жүргізілуі тиіс.

Ибадулла Құттықожаев тағы сұрақ қойды.

– Жылда қайталанатын мәселе, ол аяқсу мәселесі. Конкурс жеңімпаздарын күтіп жүретін болсақ аяқсуды мамыр, маусым айының аяғына дейін күтіп жүреміз. Алдағы уақытта конкурс жеңімпаздарын жылдың басында анықтап алу керекпіз. Сәуір айында аяқсу беріліп, көгалдандыру жұмыстарын бастап кетуіміз керек деп ой қосқым келеді.

Атқарылған жұмыстарға көңілі толмаған Асылбек Шаменов бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мамандардың жұмысын сынға алды. Себебі кеткен кемшіліктер жоқ емес. Сонымен қатар бір-біріне бағынышты бөлімдерде ақпарат екі түрлі. Бұған шамданған қала басшысы тиісті басшыларға, мамандарға қателіктерді түзету үшін 2 күн уақыт берді.

– Жылбасынан бері дербес бөлімдер мен, кент және ауылдық округтер тарапынан мемлекеттік сатып алу ұйымдастыру барысында мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 1,8 млрд. теңгені құрайтын 2294 конкурстың жоспарланғаны белгілі болды. Бүгінгі күні оның 420-сы орындалып, 1394 конкурс сатып алу бойынша аяқталып, шарт жасалғаны туралы баяндап өттіңіз. Ал қалған құны 15,4 млрд. теңгені құрайтын 480 конкурс аяқталмаған. Шарт жасалғандардың ішінде өз міндеттерін орындамаған мердігер мекемелер де бар. Ол жағдай сот арқылы қаралуда. Осы бекітілген жоспарды жыл аяғына дейін толық орындауға болады ма? Сіздер зерттеу жүргізіп көрдіңіздер ме?- деп қала басшысы баяндамашы Роза Жүнісоваға сұрақ қойды.

– Бұл жағдайды зерттеп, тексеретін боламыз,-деп қысқаша жауап берді қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

– Сізге 2 күн уақыт беремін. Ауылдық округ пен дербес бөлімдерге тексеру жүргізіп, зерттеу жасап, маған жеке баяндама жасаңыз,-деп тапсырма берді қала басшысы.

Кейбір бөлімдер тарапынан мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру барысында біршама кемшіліктер жіберіп, заң бұзушылыққа жол бергені байқалды. Одан бөлек кеңсе заттары мен бағдарламалық қызмет көрсету бойынша наурыз, мамыр айларында сатып алу жоспарланған. Бірақ әлі күнге дейін сатып алу жүргізілмеген. Қала басшысының бұл сөзімен келіспейтінін, мүмкін емес екендерін айтқан тиісті сала басшылары «ат тондарын ала қашты».

– Жиі қателіктерге жол берген «Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» 12 лот барлығы 1,9 млрд. теңге, «Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» 7 лот 1,4 млн. теңге, «Қалалық қоғамдық даму бөлімі» 5 лот барлығы 465 мың теңге. Жыл басынан бері мерзімді сатып алу ұйымдастырылмаған,-деп қала басшысы үш сала басшыларын орындарынан тұрғызып қойып, сұрақтың астына алды.

Ал сала басшылары сабаққа дайындалмай келген оқушылар ұқсап, бастарын жерге қаратып, үндемей тұра берді.

– Жиналыс болатынын білесіздер дайындалып келмейсіздер ме. Қайда келіп отырсыздар? Маған қонаққа келдіңіздер ме? концерт көруге келдіңіздер ме? Бұл бағытта жұмыс жасай алмайсыздар ма, айтыңыздар. Үш сала басшысына да ескерту жариялаймын,-деді қала басшысы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде сөз алған қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева мүгедектігі бар адамдармен жүргізілген жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

– «Құрметті Асылбек Өмірбекұлы, өздеріңізге белгілі 2023 жылдың 1-ші шілдесінен бастап «Қазақстан Республикасының «Әлеуметтік кодексі» қолданысқа енгізілді. «Әлеуметтік кодекс» еліміздегі жаңа әлеуметтік саясаттың ауқымды өзгерістерін қамтыған. Басты бағыты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың негізін қалыптастыру болып табылады.

Бүгінгі күн тәртібіндегі мүгедектігі бар адамдармен жыл басынан бері жүргізілген жұмыстар бойынша баяндасам: Қызылорда қаласында қазіргі таңда 11 135 мүгедектігі бар адамдар тұрады. Оның ішінде І-ші топ- 1269, ІІ-ші топ – 3316, ІІІ-ші топ – 3332және 3218-і мүгедектігі бар балалар. Жалпы бөлім арқылы берілетін әлеуметтік төлемдерге 2023 жылға бюджеттен 5 650 984,0 мың теңге бөлінсе, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бюджеттік бағдарламалар бойынша 2 046057,0 мың теңге қаралып, қазіргі таңда 940 123,3 мың теңгесі игерілді.

Бөлім арқылы бүгінгі күнге көрсетілетін 28 мемлекеттік қызметтің 8-і осы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мен қоғамдық өмірге интеграциялау бағытында бөлімге 2023 жылдың І-ші жартысында «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы 10 642 адамнан өтінім түсіп, 8 731 өтінім орындалды.

Бөліммен жүріп-тұруында қиындығы бар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілеріне ай сайынғы әлеуметтік төлемдер төленуде. Осы мақсатқа бөлінген 1 305 657,0 мың теңгеден бүгінгі күнге 1057-і адам жеке көмекшімен қамтылып, 541 178,0 мың теңгесі игерілді.

Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға кәсіби сурдоаударма жасау бойынша ымдау тілі мамандарының қызметтері оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Қазір қала бойынша естуінен мүгедектігі бар 184 адамға 17 ымдау тілі мамандары қызмет ұсынуда. Осы шығыстарға 69 485,0 мың теңге бөлініп, алты айдың қорытындысымен 34 598,5 мың теңге игерілді.

Қаладағы мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының өтініштері негізінде үйден тәрбиеленіп, оқытылатын 500 мүгедектігі бар балаға материалдық көмек төлеуге бюджеттен 46 575,0 мың теңге бөлініп, оның 26 444,0 мың теңгесі 536 балаға төленді.

2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында бес жылға арналған жоспарға сәйкес 178 мекемелер мен кәсіпорындардың тізімі бекітілген. Ағымдағы жылға 35 нысанды бейімдеу жоспарланып бүгінгі күнге оның 21-і стандартқа сәйкестендірілді және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Интерактивті қолжетімдік картасына» енгізілді». Осылай тізбектей баяндаған бөлім басшысы өзі басқарып отырған салаға қатысты мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

 – Құрметті Асылбек Өмірбекұлы, Әлеуметтік Кодекстің қолданысқа енгізілуі мен халықты әлеуметтік қолдау саласындағы өзгерістер негізінде келесідей ұсыныстарға қолдау көрсетуіңізді сұраймын:

1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жөргектер санын 2-ден 4 көбейту нормасы енгізілуіне байланысты қосымша 188 407,0 мың теңге; ымдау тілі маманының қызметімен қамтылуы тиіс мүгедектігі бар адамдар саны 160-тан 180-ге артуына байланысты 8 694,0 мың теңге; үйден оқытылатын мүгедектігі бар балалар санының 500-ден 550-ге артуына байланысты қосымша 3 080,0 мың теңге, барлығы 200 181,0 мың теңге қаржының мүгедектігі бар адамдарды қолдауға және Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасының табысын жан басына есептелінетін күнкөріс деңгейінің тоқсан сайын өсуіне байланысты ағымдағы жылға қаралған 2 738663,0 мың теңге қаржының жетпеуіне байланысты қосымша 1 225 990,1 мың теңгенің бөлінуіне қолдау көрсетуіңізді ұсынамын.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта тиісті деңгейде атқарылып, барлық салалық бөлімдер және мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе жүзеге асыру жалғасын таба береді.

Баяндаманы тыңдап болғаннан кейін қала басшысы бірқатар тапсырма берді.

– Қаламызда мүгедектігі бар адамдарға 450 сырғыма баспалдақ бар. Бірақ оның көбісі стандартқа сәйкес емес. Базар маңдары, сауда үйлері, тұрғындар көп жүретін жерде сырғыма баспалдақтар дұрыс орнатылмаған. Бұған қалай жауап бересіз?

 – «AMANAT» партиясы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ, рейд жұмыстарын жүргізіп, сырғыма баспалдақтар дұрыс орнатылмаған жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

 – Кенжегүл Құрақбайқызы, сізге тапсырма: сырғыма баспалдақтар дұрыс емес жерге өзіңіз барып, кемшіліктерді жойыңыз.

Сонымен қатар қала басшысы қалалық мәдени демалыс паркінде орналасқан сырғыма баспалдақтың жағдайы стандартқа сәйкес келмейтінін ескертті. Және оны дұрыстау үшін 1-і тамызға дейін уақыт берді.

– Қала тұрғындардың өмір сүруі үшін қолайлы болуы керек. Бұл ретте ерекше қажеттілігі бар жандарды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Осы мақсатта алдағы уақытта да бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр, – деген шаһар басшысы күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша орынбасарларына тапсырмалар жүктеді.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған