Алдымен Семейдегі Абай атындағы театрда «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылды. Оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли аралап көрді.

Қызылорда облыстық тарихи-өлке­тану музейі қорындағы құнды жәдігер­лерден жасақталған көрме 3 бөлімнен тұрады. Ондағы «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» археологиялық рекон­струк­циялары археологиялық-этнография­лық экспедициялар кезінде табылған жәдігерлерді негізге алып жасалған.

Келушілер назарына археология­лық алтындар коллекциясы, атап айтқанда Шірік Рабат және Бәбіш мола қалашықтарынан табылған алтын жапсырмалар, Сығанақ қала­шығынан табылған алтын сыр­ғалар, тұмар, түймелер және мар­жан моншақтардың түпнұсқа коллек­циясы ұсынылды. Жанкент, Асанас, Қышқала, Сығанақтан т.б. табылған терракоталар, глазурлі қаптамалар, қыш ыдыстар және Бидайық­асар қалашығынан табылған қоссаз дом­быра көшірмесі де Абай елі тұрғын­дарының қызығушылығын туғызды.

Көрмеге қойылған зергерлік бұйым­дар коллекциясының тарихы бай. Сыр бойының қазақ әйелдері тағынған күміс әшекейлердің, яғни өңіржиек, жырға, алқаның, тұтынған ағаш жиһаздарының, ыдыстардың, тері бұйымдарының, ер қаруы болған қылыш, айбалта, семсер, шоқпар, найза, қалқан, жебенің құндылығы жайын­да білгісі келетіндер қатары көп болды.

Сондай-ақ, түркі дүниесінің ұлы абызы Қорқыт атаның «Деде Қорқыт» кітабының Дрезден нұсқасы, нар қобыз, ЮНЕСКО сертификаты, кәде­сый­лар, үш жүздің пірі болған Марал ишан­нан жеткен көк аса, Марал баба­ның оққағары болған Тәжіге тиесілі Керей ерінің түпнұсқасы, Қалқай ишан, Сердалы Бекшорин, Ер Сейтпенбет, Бұқарбай батыр пайдаланған мөрлер­дің көшірмелері де көрме төрінен орын алған.

Семейліктер Абайдың 1922 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының, Қызылорданың Қазақ АКСР-інің аста­насы болғанына 100 жыл толуына орай фото және архивтік құжаттардың қыр-сырына қанықты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған