Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов және Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев пен партияның облыстық филиалының төрағасы төрағасы Наурызбай Байқадамов жұмыс сапарымен Қазалыда болып, ауданның экономикалық дамуы және партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енгізілген біршама нысандардың жұмысымен танысты.Алдымен Абай ауылын газдандыру, дәрігерлік амбулаторияның және ауданның автокөлік жолдарын салу жұмыстарымен танысты.
Бұл ауылда жақын күндері жалпы ұзындығы 15,090 шақырымды құрайтын газ құбыры арқылы 193 тұрғын үй және 8 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылмақ. Мұнан соң «Әйтеке би-Қазалы» аудандық маңызы бар автокөлік жолындағы қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Бас мердігер – «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жолды 4 жолақ етіп кеңейтіп, 2 темірбетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырды қайта жаңартады. Мұнан бөлек, Әйтеке би кентінің 14 , Қазалы қаласының 15 көшесі, Ү.Түктібаев елді мекенінің 6 және Ғ.Мұратбаев ауылының 1 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Жұмыс сапары барысында аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Айта кетейік, биыл ауданда апатты жағдайда деп танылған 1 мектептің мәселесі шешілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп бой көтермек. Мұнан бөлек, ұлттық жоба аясында кент пен қала ортасынан 600 орындық білім ошағының іргетасы қаланады.Әрі қарай халық қалаулылары Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Бас мердігер «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға бермек. Аудандағы сапар соңы Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепті күрделі жөндеу жұмыстарымен танысумен тәмамдалды. Мектеп жаңа оқу жылында шәкірттерді қарсы алуға дайын болады.
#AMANAT