Биылғы жылы Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығы аяқталады. Наурыздың соңғы күндерінде Үкімет басшысыОлжас Бектенов осы қордың басқарма мүшелерімен кездесу өткізді.
Ресми дерек көздерінен тараған ақпарат бойынша кездесуге Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары – Министрлік жанындағы Су ресурстары қызметінің директоры Алмаз Жээналиев, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салалық министрліктері мен ведомство басшылары қатысқан.
Су шаруашылығы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, Қор қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ биылғы 22 сәуірде Астанада өтетін ХАҚҚ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері қаралған.
Кездесу барысында су есебін жүргізу мен басқаруды цифрландырудың маңыздылығы атап өтілген.
Үкімет басшысы О.Бектенов:
– Мұнда Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлу бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу туралы сөз болып отыр. Цифрландыру мен есепке алу су пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Сенімді деректердің болуы және бірлескен мониторинг мемлекеттер арасындағы сенімнің негізі болып саналады және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті.
Осы кездесуден соң Үкімет басшысы орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Аралды құтқару халықаралық қорының (АҚХҚ) басқарма отырысы өтті.
Бұл отырыс Қазақстан Республикасының АҚХҚ төрағалығының қорытынды кезеңінде Қорды құрған мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындықтың негізгі кезеңі болып саналады.
Үкімет басшысы орынбасары Қанат Бозымбаев:
– Елдеріміздің бірлескен жұмысы мен мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында трансшекаралық су ресурстарын басқару және Арал теңізі бассейніндегі жағдайды жақсартуға бағытталған өңірлік бастамаларды ілгерілету бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін сақтап қала алдық. Өткен кезеңде Қордың жүйелі жұмысын қамтамасыз етіп, сындарлы диалогті сақтауға және бірқатар маңызды бастаманы ілгерілетуге қол жеткіздік. Бүгінгі кездесу алдағы уақытта мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын негізгі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерге келуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді.
Отырыс қорытындысы бойынша бес бірлескен шешімге қол қойылған.
Оның ішінде өзіміз үшін маңызды тұсы: Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу, басқару және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарының жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2026-2036 жылдарды «Орталық Азияда суды ұтымды пайдалану бойынша практикалық іс-қимылдар онжылдығы» деп жариялау мәселелері қаралып, назарға алынған.
Негізі Қазақстан Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жоба аясында теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Соның нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд. текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған.
Министрлік сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал – Сырдария бассейнінің ирригациялық жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеуде. Бұл суды неғұрлым тиімді пайдалануға және үнемделген көлемді Солтүстік Аралға бағыттауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев:
Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.
Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет.
Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз.
(Ү-ші Құрылтайдан сөйлеген сөзінен)
Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу және мемлекетаралық уағдаластықтарды қатаң сақтау нәтижесінде соңғы үш жылда Солтүстік Аралға 6 млрд. текше метрден астам су келген. Соның арқасында Солтүстік Аралдағы су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд. текше метрден 2025 жылдың соңында 23 млрд. текше метрге дейін өскен.
Әрине бұған дейін де Аралды жақсартуға нәтижелі жұмыс жасалуда. Дегенмен сырбойылықтардың алдағы өтетін экология саммитінен үміті көп. Өйткені су – тіршілік көзі.