Әрине, Парламенттің ел басқарудағы орны бөлек. Парламенттік реформа бойынша құрылған жұмысшы тобының алғашқы отырысында Қ.Тоқаев айтқандай “Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі”. Кім-кімге де. Мемлекет басшысы үшін де, қоғамның жәй бір мүшесі үшін де. Өйткені баршамыздың бар тағдырымыз байланған заңдар осы Парламентте қабылданады. Мәжіліс қабылдайды, Сенат бекітеді. Содан да Парламентпен Президенттен бастап барлық билік өкілдері санасады.
Өкінішке орай соңғы кездері осы Парламенттің ел арасында беделі түсіп барады. Әлде бекітетін заңдарының әлсіздігінен бе? Болмаса, партия лық тізіммен өткен кей депутаттардың айтар ойы, көтеретін мәселелері елді қанағаттандырмайды? Әйтеуір, ай сайын бюджет есебінен бәлен мың айлық алып, тегін көлік мініп, тегін үйде тұрып, құр босқа ел аралап жүргендей, жұрт ел ішінен Парламент депутаттарын көрсе “бұлар неғып жүр?” деп зар қақсайтын болды… Әрі-беріден соң жұрт арасында “екі палаталы Парламент ұстап, бюджет қаржысын текке шығындамай, қысқартып-ақ жіберсек қайтеді?” деген ұсыныстар да жоқ емес.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында:
– Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын, дегені жоғарыдағылардың төмендегілердің пікірімен санаса бастағанының айқын көрінісі екені анық.
Мемлекет басшысының Жолдауының жарияланғанына да көп уақыт өткен жоқ. Парламентте реформа болатынын қуана қабылдаған көп жұрт Қ.Тоқаевтың Жолдаудағы Парламенттік реформалаудағы Сенат туралы:
– Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді.
Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес, – деп айтқанын іліп алып, тезірек Сенатты таратқанша асық. Содан да кешегі отырыста:
– Қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Басым көпшілігі мұны «әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіпті, «Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар.
Әрине, азаматтардың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны жақсы үрдіс. Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным.
Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек, деді Қ.Тоқаев.
Расымен де, жұрт айтты екен деп, аяқасты қалыптасқан жүйені жаңарту оңай жұмыс емес. Тоқаевтың әрбір сөзінен, қадамынан қайсыбір мәселеде болмасын қоғам үніне мән беріп, ел ойындағыдай жасап жатқаны байқалады. Бірақ “Ақылмен істелінбеген іс, бойға салмақ”, әрі “Келіспей пішкен тон келте”, “Асығыстық жарға жығады”.
Қазір Парламентті реформалаудың дайындығы басталды. Бұл ретте мемлекет басшысы:
– Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді.
Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді.
Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында біз Мәжілістің құзыретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды. Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз.
Екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды.
Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау, бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады.
Үшіншіден, алдағы реформа экономика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салалардағы жанжақты жаңғырулармен үйлесім табады. Мысалы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. Бірқатар елде қазірдің өзінде «электрондық немесе цифрлық парламент» элементтері сынақтан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады.
Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта eParlament қазіргі электрондық үкімет – eGov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, eParlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды. Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр, деп отыр.
Жұрт көкейінде тағы бір сұрақ бар: сонша реформа жасап жатқанымызда жаңа Парламентке өткен депутаттарымыз тағы да популизмге бой алдырып, төменгі елдің хабарын төбеге тура жеткізбей, елдік мүдде орнына “поле чудес” ойнап жатса не істейміз? Үндемейтін, үндесе елге жақпайтынды айтып “үйдей бәлеге қалатын”, “ұйықтап отыратын”, ұйқысы нан оянса, “бір ауыз сөзімен” елді жік-жікке бөлетін депутаттар тағдыры мызға тағы кез болса, онда Парламенттік реформаның не қажеттілігі бар?
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кешегі отырыстағы өз сөзінде бұл мәселені де қамтып кетіпті.
– Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі.
“Үмітсіз – шайтан”. Үміттенейік. Әзірге Жолдауда айтылғандай:
– Әзірге Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады.