Биылғы Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына іс сапарымен барып, тұрғындарға 72 пәтердің кілтін табыстады. Іс-шараға Қызылорда облысының Құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы қатысты.
Аймақ басшысы қоныс той иелерін құттықтап, халықты баспанамен қамту мемлекеттің басым бағытының бірі болып қала беретінін жеткізді.
– «Бүгін Конституция күні қарсаңында аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының баспаналы болған қуанышын бөлісіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», – деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында 2023 жылдың тамыз айындағы облыс бюджетінің көлемі 604 млрд. 100 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тамызындағы көрсеткішпен салыстырғанда 157 млрд. 600 млн. теңгеге немесе 55,3 пайызға ұлғайды. Оның ішінде Шиелі ауданының бюджеті 13 млрд. 444 млн. теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймағымыздың ең өзекті саналатын мәселелерін шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
72 пәтерлік тұрғын үй “Көкшоқы” шағын ауданында салынған. Пәтерлер комиссия шешімімен заң аясында барлық санатқа бөлінді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 480 млн. теңге қаржы қаралып, 50 тұрғын үй құрылысы басталған. Жыл соңында бұл үйлер де халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілмек.
Мамыр айында Шиелі ауданындағы көпбалалы отбасыларға 20 тұрғын үйдің кілті табысталған еді. Оған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 833,2 млн теңге қаржы бөлінген.
Қазір Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Облысымызда соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2 868 пәтерлік 148 тұрғын үй салынды. Биыл 31 млрд. 400 млн. теңгеге 130 мың шаршы метр 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 1430 пәтерлік 30 үй халық игілігіне табысталады. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд. 200 млн. теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн.теңге, барлығы 1 млрд. 700 млн. теңге қаражат бөлінді.
Биыл несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша Қызылорда қаласында 520 пәтерлік 11 тұрғын үйді салып, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды.