Биылғы жыл басында қала басшылығына келген С.Қожаниязовтың қалалықтардың тұрмысын жақсарту бағытында қандай ойлары бар? Сондайақ Қызылорданың қай бағытта бағы жанар деген көпшілік сұрауын аманат етіп, Қоғам TV телеарнасының “Әкім сағаты” хабарында арнайы сұхбат жүргіздік. Сұхбаттың газетте, теледидарда жарияланғанына да бір жетіден астам уақыт өтті. Көрермендер мен оқырмандар әзірге жақсы пікір білдіруде.
“Жасыл Қызылорда” – көгалдандырудағы жалғыз бағыт емес. Қаланың “Бәйтерек” мөлтек ауданынан өтетін үлкен трасса бойынан питомник жасалмақшы. “Астана” жақ кірер жол бойын көгалдандыруда трасса бойы бойлап ағаш отырғызғаннан бөлек, осы тұста сыр талынан бастап Сыр бойына бейім талдардан аллея десек пе екен, әлде парк, әкім айтуынша питомник жасалады. Тұқымбақ қалаға “Астанадан” кірер жолға көрік беріп “Бәйтерек” мөлтек ауданына таза ауа таратқанынан бөлек, көшеттерді де содан алатын боламыз. Негізі, Қожаниязовтың ойға алған әр ісі кемі үш нәрсені қамтиды.