Бүгін қала әкімі Серік Қожаниязов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады.
Ең алдымен шаһар басшысы бұрынғы «Целлюлоза картон зауыты» ескі ғимаратының аумағына барып, зауыт қаңқасын жедел сүру бойынша қажетті шараларды пысықтады. Өйткені, ескі зауыттың қаңқасы тұрғындарға қауіп төндіріп, қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіруде.
Халық арасында «ЦКЗ» аталып кеткен зауыттың жерін құрылыс нысанын салу мақсатында 2004 жылы жалға алу құқығымен жеке кәсіпкер иемденген. Дегенмен, осы уақыт аралығында кәсіпкер жерді нысаналы мақсатында пайдаланбай, құрылыс алаңын қоршауға бағытталған қандай да бір шараларды қабылдамаған. Осыған байланысты кәсіп иесіне ескерту жасалды.
Қала әкімі Серік Салауатұлы: «Бұл мәселе менің бақылауымда болады. Алдағы күндері жер иесімен зауыт қаңқасын сүру бойынша жұмыстар жүргізіледі» деді.