Өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес аймақтың бас қаласын көркейтуге ерекше маңыз беріліп, орталық алаңды жаңарту бастау алған болатын. Жоба бойынша алаңға субұрқақтар, қиыршық тас, жол жиек тас төселіп, жарық диодты шамдар қойылып, газон, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар шағын архитектуралық пішімдемелер қойылды. Мұнда жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары және балалар ойын алаңы да бар. Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылуда. Жоба аясында қала келбеті, орталықтағы негізгі көшенің бірінің бойы ажарлана түсті. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқандықтан көптен бері жабық болған алаң жаздың бірінші айының соңғы онкүндігінде ел игілігіне табысталды. Бұл жоба кәсіпкердің демеушілігімен жүзеге асырылды.
Қызылорда қаласындағы орталық алаң ашылып, жұртшылықтың кешкі демалыс уақытында серуендеуіне қолайлы жағдай туды. Алаңдағы өзгешеліктерге қала тұрғындары мен қонақтары ризашылық білдіруде.