Былайынша байқалмайды, әйтпесе жыл сайын 1000-ның шамасында орман өрті болып тұрады екен. Бір қарағанда соншалықты орманды ел емеспіз, дегенменен сол өрттен кемінде 100, әйтпесе 1000 гектарға дейін орман алқабы өртенеді дейді.

Деректерге көз жүгіртсек, Экология, геология, табиғи ресурстар Министрлігінің мәліметі бойынша жеріміздің бар болғаны 5%-ы ғана, яғни 13,6 млн. гектары орман. Онда да тек жартысы сексеуіл, аржағында біздің шеңгел, жиде, жыңғыл да бар болса керек. Әйтпесе орманды құрайтын ақ балтырлы ақ қайыңдар, төбесі көкке жететін қарағайлар көп емес екені белгілі. Өкініштісі, осы аздың өзін қорғай алмай, жыл сайын қайта-қайта өртеп алып отырмыз…

Айтпақшы 60 мың гектар нағыз орманды алқап өртенген “Абай” өртінен кейін орманымыз 5 гектардан да азайғаны белгілі. Айта кететін жәйт орман ағашы қаулап шыға беретін қамыс емес. Азайғанның орнын толтыру үшін кемінде оншақты жыл керек болатыны анық.

Оның үстіне БҰҰ-ның болжамы бойынша 2030-шы жылға қарай төтеннен тұтанатын өрт 14%-ға, 2050 жылға қарай 30%, ал 2100 жылға қарай 50%-ға көбейеді дейді. Себеп белгілі: қуаңшылық, күннің ысуы, жаңбырдың болмауы дегендей. БҰҰ бұны текке болжап, әншейінге жариялап отырған жоқ. “Орманын қорғауға қайсыбір ел болмасын дайын болсын” дегені. Өкінішке орай, біздегі орманды қорғайтындардың, өртті сөндіретіндердің, қателіктерден сабақ алып, болашаққа қадам жасайтын Үкіметтегілердің дәл қазіргі жағдайда 2100-ді айтпағанда, 2050-ге жетпей-ақ бүкіл орман, тоғайдың ағашын айтпағанда, шеңгел, жиделерді қосып, түгел өртеп бітіріп, орман алқаптарын таздың басы етер түрі бар.

Кешегі “Абайдағы” өрттің салдарын зерттеп анықтағандар “барлық техника 1970-ші жылғы деп жылап отыр. Әбден салдақысы шыққан темір-терсек жетер жеріне жетпей, әлсін-әлсін өкпесі өшіп қалған. Өртке қарсы ұмтылғандар арнайы киімі жоқ болғандықтан жалаңбас, көшеге киетін топылайымен, құрал-жабдығы да жоқ жалаңқол отқа қарсы жүгірген. Өлмеген несі қалды? Қызыл тілі жалмаңдаған от аясын ба?..

Бүгін орман өртін бірінші рет көргендейміз… Алғашқы сәтте өз бастарын өлімге тіккен 14 орманшының қазасы көп жайға көзімізді ашқандай.

Жылдарменен кейiн жылжыр болсақ 2017-ші жылы 563 орман өрті болып, 23,5 млн теңге зардап келген. 2018-ші жылы 358 орман өрті болып 209,8 млн теңге зардап, 2019-шы жылы 628 орман өрті болып, 563,5 млн теңге зардап, 2020-шы жылы 401 оман өрті болып, 41,8 мың гектар алқап өртеніп 2,1 млрд. теңге зардап болған. 2021-ші жылы 749 өрт болып, 167 мың гектар өртеніп, зардап 6 млрд. теңге болған. Ал, өткен жылы 801 өрт болып, 104,5 мың гектар алқап өртеніп, 20,6 млрд. теңге зардап болған. Демек, жыл сайын өрт саны да, өртенетін аумақ та, зардап та көбейіп отыр. Заңды сұрақ туындайды. Неге азаймайды? Аз ғана орманымызды өрттен қорғап қалуға неге әрекет етпейміз?..

Өткен жылы Қостанайдағы “Аманқарағайда” 43 мың гектар орман өртенген. Қыркүйектің екісі күні басталған өрт елді мекендерге тез жетіп 12 адам күйік алып, бір адам қаза болған. 108 нысан өртенген, “Аманқарағайдың” өзінде 81 үйді, Озерноеда (Өзендіде) 6 үйді жалын жұтқан.

Енді өртшілердің ақпаратына сенсек 207 техника, 5 әуе кемесі, 5 өрт пойызы, 1785 адам қамтып, тағы да ІІМ-нің 300 адам қосылғанда, арада 5 күн өткенде барып, қыркүйектің 7-інде өртті оқшаулап, 10- шы қыркүйекте барып толық өшіргенбіз. Зардаптың орнын толтыру, өртпен күресу үшін Үкімет бюджеттен 42,6 млрд теңге қаражат бөлген. Бір қызығы сол жылы 104,5 мың гектарды қамтыған 801 орман өрті болып, зардабы 20,6 млрд теңге болған. Ресми ақпарат: Енді бір “Аманқарағайдағы” бір аптаға созылған өрттің зардабын жоюға, өртпен күресуге бюджеттен 42 млрд теңге ақша жұмсалған.

Демек, өрттің болғаны, оның созылғаны бюджеттен ақша шығару үшін тиімді болып отырған жоқ па?..

2021-ші жылдың 10-шы мамырында Риддерде 300 гектарға жақын орман өртенген. Екі күн дегенде сөндірілген өрт салдарынан 31 тұрғын үй, 16 сарай, 6 машина, басқа да техникалар өртенген. Екі адам қаза болған, 6 адам күйік алған.

Айтпақшы “Семей орманында” өрт бірінші рет болып тұрған жоқ. 2020-шы жылы да сәуірдің 23-інде өрт болып, үш күн дегенде 100- ден астам техника, 400 төтеншеліктер, 100 тонна суды төбеден құйған тікұшақ көмегімен әрең сөндірілген.

2018-ші жылы да “Семей орманының” табиғи резервуарында өрт шығып, 260 гектар алқап өртеніп, 78 млн. теңге зиян келген.

Алдымен бір сынап алайын дегендей, кешегі атышулы өрт алдында Абай облысында мамырдың 22-інде 3500 гектар алқап өртеніп, 10 тікұшақтың көмегімен, 52 рет 130 тонна су ағызылып, барлығы 298 рет 745 су себіліп, 200-ден астам техника, 1 өрт сөндіру пойызы, 800-ден астам адам жұмылдырылып мамырдың 25-інде өшірілген.

Ресми ақпараттағы техника, адам санын әдейілеп нақтылап жазып отырмыз. Өйткені, оның бәрі ақша. Кейінгі ақпараттарда өрт үш күнге созылып, зардабы ауыр, зияны көп болып, бюджеттен бәлен миллиардтар бөлінетіні сөзсіз.

Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың бүгінгі күнгі мәліметінше: “2023- 2025 жылдарға арналған бюджетте орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға 121,5 млрд. теңге , осы жылға 52,7 млрд. теңге қаралған». Оның айтуынша бір жылда барлық техниканы жаңарту мүмкін емес. Алайда, 1970-ші жылғы техникаларды орманшылар әлі күнге пайдаланып жүр…

Үшінші рет биыл тұтанған өрт соңы 15 отбасына ажал болып келді. Бір министр орнынан кетіп, тағы бір министр жылап қалды. Әзірге бұл өрттің зардаптарын теңгемен айту ерте болғанмен, мемлекеттің зардаптар орнын толтыру үшін қыруар қаржы бөліп жатқаны анық…

Киімі жоқ, құралы жоқ, айлығы жоқ орманшының ендігі жерде киімі бүтінделер ме? 80 мың айлықпен отбасы құрауға қаймығып жүргендердің жалақысы көбейіп, басы да екеу болар ма екен? Айта берсе әңгіме көп…

Тоқ етері “Абай” орман өртінен сабақ алып, орманшы мен өртшінің өртпен күресер дәрмені жақсарады дегенге ел сеніңкіремей тұр. Бір Министр өзгеріп, Бір Министр жылағанменен кресло мен көз жасы Үкіметтегілердің ар-ожданының, халық алдындағы жауапкершілігінің өлшемі болмай тұр…

С.БИХОЖА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған