Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің  аясында «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Алқалы жиынға «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова,  Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және отандық  белгілі ғалымдар, зерттеушілер мен мәдениет майталмандары қатысты.

Аймақ басшысы Президент бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты аясында ортақ құндылықтарды дәріптеу маңызды басымдық екенін атап айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенім мен бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау», – деген болатын.

Қорқыт ата – түбі бір түркі халықтарына ортақ рухани тұлға, ел бірлігі мен мәңгілік өмір идеясының символы. Оның даналығы, мұрасы, тағылымы ғасырлар бойы рухани тірегімізге айналып, ұлт пен ұрпақтың жадында сақталып келеді. Бүгінде Қорқыт мұрасын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашағымызға бағытталған рухани миссия. Осы мақсаттағы ғылыми ізденістер мен халықаралық байланыстар түркі халықтарының мәдени тұтастығын нығайтуға, рухани үндестігін арттыруға зор үлес қосты», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Конференцияда «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы фольклор институтының директоры Хикмет Кулиев, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Жылдыз Орозобекова, Қажы Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры Мехмет Чевик, Түркияның белгілі этномузыкатанушысы, ғалым Фикрет Каракая, Өзбекстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жоппор Эшонкұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау, ұстаз Алмас Алматов, филология ғылымдарының кандидаты Рақыш Жұмашай, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті  Ұлжан Байбосынова пікір білдірді.

Айта кетейік, 2018 жылы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бүгінде ұлы ойшылдың рухына тағзым ету, мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.

Бүгінде Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалы – туристердің рухани демалыс орны, кешен басында келушілерге барлық жағдай жасалған. Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына» арналған аллея жаңғыртылып, тұрғындардың саялы орнына айналды. Қорқыт ата  халықаралық әуежайының жаңа терминалы іске қосылды.

Ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды халықаралық деңгейде таныту үшін Ұлттық музей, ТҮРКСОЙ ұйымы және Түркияның Мәдениет және туризм министрлігімен бірлескен шаралар өткізілуде. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі»  мүсіндері жаңғыртылып, ғылыми айналымға енгізілді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған