Енді екі аптадан астам уақыттан кейін жер-жаһандағы үздіктер Париж Олимпиадасына ағылады. Әлемнің барлық тәуелсіз елі дүбірлі дода да өз саңлақтарының тілеуін тілейді. Олардың қатарында біздің еліміздің спортшылары да бар. Биыл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде сегізінші мәрте үкілеген үздіктерін қосуға мүмкіндік алып отыр. Қуаныштысы, қазірге дейін талай спортшымыз жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды биікте желбіретті. Олардың қатарында қызылордалық спортшылардың да болуы бізді қуантады.

ҚАМШЫБЕК ҚАМШЫНЫ БАСАДЫ

Қызылордалық спортшылар 2008 жылдан бері Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Қазірге дейін қазақстандықтар барлығы 71 медаль еншілеген. Оның 14-і – алтын, 21-і – күміс, 36-сы – қола. Олардың арасынан былғары қолғап шеберлерінің жеңіс тұғырынан көрінгені көп жайды айғақтайды. 2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлдеге қол созды. Ал 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді. Оған қоса 2016 жылы ауыр атлетикадан жерлесіміз Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлдесіне қуана қол соққан едік. Сондай-ақ облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан Ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Олардың көпшілігі қазір үлкен спорттан қол үзіп кетті. Кейінгі жылдары Қазақстан боксында өз орнын еншілеп үлгерген гүрзі жұдырықты Қамшыбек Қоңқабаев алдағы аламанда да сынға түсуге тастүйін дайындығын жасап отыр. Олимпиада жолдамасына былтыр Азия ойындарында қол жеткізіп үлгерген ол бұдан бұрынғы олқылықтың орнын толтырып, жеңіс тұғырынан көрінуге күш салмақшы.

Әрине, қазір әлемде бокс ерекше дамып келеді. Бұрын тек ұпай таратып келген мемлекеттердің өзі ешкімнен қаймықпайтын тәжірибелі былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеп шықты. Қай салмақта да жүлдеге талас қарқынды жүреді. 2020 жылы біз Қамшыбек финалға дейін қиналмай жетеді деп болжам жасаған едік. Ол ойламаған жерден жартылай финалда АҚШ спортшысы Ричард Торреске есе жіберіп қойды.

Ендігі кезекте жерлесіміз сол олқылықтың орнын толтырып, жанкүйерлерді жоғары жетістігімен қуантады деген сенімдеміз. Оған барлық мүмкіндігі бар. Тәжірибесі толысқан Қамшыбекті білікті мамандар өз салмағында чемпиондықтан үміткер ретінде санайды. Әрине Олимпиадаға шеберлігі шыңдалған спортшылар қатысатынын ескерсек, оған әрбірі жоғары дайындықпен келгені жөн. Қазір Қамшыбектің сол мақсатта тынбай тер төгіп жүрген жайы бар.

ЖОЛДАМА АЛҒАНДАРДАН КІМ ЖҮЛДЕЛІ БОЛАДЫ?

Кейінгі жылдары грек-рим күресінен қызылордалық балуандар жоғары нәтижесімен қуантып жүр. Олардың қатарында Олжас Сырлыбай (97 келі) және Айдос Сұлтанғали (60 келі) бар. Екеуі ұлттық құрама сапында талай бәсекеде бақ сынап, ел мерейін тасытты. Білікті мамандар қос балуанның алдағы жазда Париж төрінде Қазақстан намысын қорғауына барлық мүмкіндігі бар екенін айтады. Сондықтан олар мамыр айында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Азия құрлығы бойынша лицензиялық турнирде өз салмағы бойынша жолдамаға таласты.

Жарыс барысында Айдос Сұлтанғали көздеген мақсатына жетті. Бұл жерлесіміздің өз мансабындағы тұңғыш Олимпиадасы болмақ. Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.

ДЗЮДОШЫЛАР ДОДАҒА ДАЙЫН БА?

Кейінгі жылдары аймақта дзюдо спорты қанатын кең жайып келеді. Ұлттық құрама сапында қызылордалық екі балуан бар. Сыр өңірінің намысын абыроймен қорғап жүрген, Абылайхан Жұбаназар (81 келі) және Нұрлыхан Шархан (100 келі) әлемдік сайыстарда жеңіс тұғырынан табылып жүр. Үкілі үмітті екі үздігіміз де Парижде өздерінің бақтарын сынайтын болады.

Олимпиадаға көп спортшы жіберетін өңірлер көшін Астана (13 спортшы), Алматы (13 спортшы), Шымкент (13 спорт шы) қалалары және Шығыс Қазақстан облысы бастап тұр. Олимпиадаға Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарынан 5 спортшыдан, Қызылорда облысынан-4, Атырау, Ақтөбе, Ақмола облыстарынан-2 спортшыдан және СҚО, БҚО, Абай және Павлодар облыстарынан-1 спортшы аттанады. Ал Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарынан биыл бірде-бір спортшы Олимпиада лицензиясына ие болмады. Айта кету керек 92 лицензия Қазақстан құрамасының Олимпиадаға қатысу тарихындағы ең аз көрсеткіш.

Мұхаммедшах КАюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған