Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық «Peng Sheng Group» компаниясы өкілдерімен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырды.
Аймақ басшысы қызылордалықтар жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді.
«Қызылорда облысына қош келдіңіздер! Біздің өңірге қызығушылық танытып, арнайы сапармен келгендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Облыс аумағында қытайлық компаниялардың қатысуымен бірқатар ірі индустриялық жобалар тиімді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылына 197 мың тонна шыны өндіретін еліміздегі алғашқы «Орда Гласс» шыны зауыты және жылына 1 млн тонна цемент өндіретін «Гежуба Шиели Цемент» зауыты жұмыс жасауда. Бүгінгі күні аталған компания өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, сыртқы нарықтарға кеңінен экспортталуда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз сөзінде облыс әкімі ауыл шаруашылығы және оның өнімдерін терең өндеуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар егін шаруашылығы техникаларын құрастыруға бағытталған өндіріс ашу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
«Peng Sheng Group» компаниясы Өзбекстан Республикасында өз инвестициялары есебінен индустриялық кешен құрып, бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Қазіргі таңда компания Қазақстан Республикасында мақта өсіру үшін заманауи қытайлық ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу, былғары шикізатын қайта өңдеу және ірі қара мал өнімдерінен желатин өндірісін ұйымдастыруды жоспарлауда.