Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023-2024 оқу жылын аяқтау және демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы мәселелер қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.

Биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтайды. Оның ішінде бастауыш сыныпты 374 мың, негізгі мектепті 341 мың бала бітіреді. Ал, 186 мың бала мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 7 704.

Оқу жылы «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқталады. 25 мамырда мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара өткізіледі. Аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі 12-15 маусымға белгіленді. Ал 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырдан 11 маусымға дейін өткізіледі.

Биыл алғаш рет 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ және басқа да оқыту тілдері бар мектептер үшін қазақ тілі бойынша аралық емтихандар өткізіледі.

– «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Олардың ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына және ауылдық жерлерден көп балалы отбасыларға басымдық беріледі», — деді министр.

Биыл оқу жылы аяқталғаннан кейінгі жазғы демалысты ұйымдастыру жергілікті билікке де, білім беру мекемелеріне де сынақ кезеңі десе болады.

Еліміз бойынша 2,9 млн. бала жазғы демалысын 10 743 демалыс орталығында өткізеді. Оның 10 мыңы жыл бойы сауықтыру орталықтарында, 240 мыңы қала сыртындағы орталықтарда, 2,6 млн-ы мектеп жанындағы және 75 мыңы шатырлы және киіз үй лагерьлерінде демалады.

182 демалыс орталығының 150-і маусымның 1-10 аралығында іске қосылады. Қалған 32 нысан 15 маусымнан басталады. Олардың ішінде 7 нысан су тасқыны болған өңірлерде және 25 нысан конкурстық рәсімдер әлі аяқталмаған аймақтарда орналасқан.

Министрдің айтуынша: Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша бірегей жобалар бар. Олар: «Ұлы Дала кереметі» , «Jas galym», «Гастротуризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» және басқа да жобалар.

Министрлік балалардың бос уақытын және демалысын жоғары мәдени деңгейде қамтамасыз ету ұстанымын ұстанады. Бұл бағытта 1-10 сынып оқушылары үшін арнайы «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» атты GUIDEBOOK буклеті әзірленді. Жинақ бос уақытты сапалы ұйымдастыруға және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған.

Осы Үкімет отырысында баяндама жасаған Туризм және Спорт министрі Ермек Маржықпаевтың баяндауынша:

– Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы да жазғы демалыс кезінде жұмысын тоқтатпайды. Бағдарлама аясында 240 мыңнан астам бала 7 мың спорт секциясына тегін қатысады. Бұдан бөлек, «Бурабай-2024» республикалық жартас фестивалі аясында балалар маршруттары ұйымдастырылады. Сондай-ақ 300 бала мен жасөспірімнің қатысуымен «ULY DALA JARYSY» кедергілерді еңсеру жарысы өтеді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқушылардың денсаулығы және балалардың жазғы лагерлеріндегі сауықтыру шаралары мен санитариялық-эпидемиологиялық талаптар жөнінде баяндады.

– Жыл сайын емханалар 17 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруден өткізеді. Былтырғы жылы 5,5 млн-ға жуық мектеп жасындағы бала профилактикалық тексеруден өтіп, олардың 9,3%-ында түрлі аурушаңдық белгісі анықталып, 210 мыңы диспансерлік есепке алынды.

Еліміздегі балалар балабақшаға қабылданарда, мектеп табалдырығын аттар кезде және бала физиологиялық өзгерістерге ұшырайтын 14-15 және 16-17 жастағы жасөспірім кезінде профилактикалық тексеруден өтеді. Анықталып отырғанындай балалар арасында кезігетін аурулардың ішінде асқорыту жүйесінің аурулары (9,7%), жүйке жүйесі аурулары (9,1%) және көз аурулары (8,3%) алдыңғы орында тұр.

Осыған байланысты алдағы маусымда ашылатын 10 мың лагерьде 3 млн-ға жуық баланы сауықтыру жоспарлануда.

– Сауықтыру жұмыстары толыққанды және сапалы жүргізілу үшін лагерь мерзімі басталмай тұрып саяжай лагерлері санэпид талаптарға сәйкестігін растайтын анықтама алулары қажет. Өткен жылғы тәжірибеге сүйенсек, лагерьді ашуға рұқсат алу жұмыстарын уақытылы жүргізу қажеттілігі айқындалады. Мәселен, 2023 жылы рұқсат алуға берілген өтініштердің 10%-ы (21) кемшіліктердің анықталуына байланысты қабылданбады», — дейді Денсаулық министр.

– Жазғы сауықтыру ұйымдарының жұмысына шағым болған жағдайда ауызша немесе жазбаша шағыммен жүгінуге болатындай етіп санэпидбақылау комитеті жанынан жедел желі ұйымдастырылды. Жоғарыда аталып өткен мәселенің маңыздылығын ескере отырып, өңірлерде маусым басталғанға дейін ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, аумақты тазалап, әрі абаттандырып, қызметкерлерді оқыту керек. Балалар демалысқа келгенге дейін санэпид қорытынды алуды қамтамасыз етуі қажет, — дейді А.Әлназарова.

Осы Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде шикізаттық емес экспортты ілгерілету, оқу жылының аяқталуы, каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру туралы мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

– Қазір біздің алдымызда биылғы оқу жылын нәтижелі аяқтау және балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бар. Қорытынды іс-шаралар, салтанатты аттестат табыстау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Ысырапшылдыққа, даңғазалыққа шектеу қоюды, мерекелік кештер ұйымдастыруға қатаң тыйым салуды тапсырамын. Оқу жылының аяқталуына орай атқарылатын жұмыстарға мүдделі облыстық басқармалар, департаменттер, қала және аудан әкімдіктері жұмылуы, арнайы жоспар әзірлеуі қажет. Жазғы тынығу лагерьлерінің дайындығына қатысты анықталған кемшіліктерді 1 апта ішінде шұғыл қалпына келтіріп, 25 мамырға дейін сақадай сай болуын қамтамасыз етіңіздер. Балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруда ешқандай мәселе болмауы тиіс. Лагерьлерге бару-қайту кезіндегі жол қауіпсіздігі назардан тыс қалмасын.

Алдағы күндері студенттер де оқу жылын аяқтап, ауылдарына қайта бастайды. Түнгі уақытта кафе, мейрамхана, компьютерлік клубтарға бақылауды күшейту қажет. Оқыс оқиғалар мен топтық төбелестің алдын алуға учаскелік полиция қызметкерлерін жұмылдырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіздер», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында облыс әкімі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда «Адал адам» рухани-мәдени орталықтарының әлеуеті барынша пайдаланылуы керек екенін атап өтті. Каникул уақытына арналған арнайы жоспар әзірлеп, ондағы шараларды үйлестіруді жүктеді. Сондай-ақ, тынығу лагерьлерінде балаларға берілетін азық-түліктің сапасына, жарамдылығына мониторинг жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін қатаң бақылауда ұстау қажет екенін назарға салды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған