Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Өнер орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазір ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстары 99% аяқталған. Іші әрленіп, сырланып, құрал-жабдықтары орнатылуда. Нысан айдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Еске салсақ, 2022 жылдың қыркүйек айында Қызылордада 1000 келушіге арналған Өнер орталығының іргетасы қаланды. Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын екі қабатты сарайда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Аймақ басшысы жаңа ғимаратты аралап, жұмысты тиянақты жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін симфония оркестрі құрылды. Ұжымның салтанатты тұсаукесер рәсімі жаңа орталықта өтеді.

Ғимарат заманауи сәулет үлгісімен жобаланған, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Мың адамға арналған көрермен залы, үйірме бөлмелері жұмыс істейді. Әсем ғимарат қаладағы көрікті нысандардың біріне айналып үлгерді. Алдағы уақытта жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне арналған өнеге ордасы болмақ. Мұнда бұрын теміржолшылар клубында қызмет көрсеткен Қызылорда облыстық филармониясы орналасады. Клубтың жылу жүйесі соңғы 15 жылдың көлемінде күрделі жөндеуден өтпеген, еденінің, электр желілерінің тозығы жеткен. Шатырына және іші-сыртына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, желдету жүйесі де қарастырылмаған. Сахналық құрылғылар техникалық қауіпсіздік талаптарына сай емес. Акустикалық тұрғыдан да осал әрі аумағы өте тар. Сондықтан Қызылорда облыстық филармониясына заманауи талаптарға сай және жаңа үлгідегі Өнер орталығын салу қолға алынды.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған