“Апам да аң-таң, мен де аң-таңмын дегендей”, бір кездері “үлкен деревня” атанған, одан қалды жазы аптап ыстық, қысы қарсыз, желі жынды, өндірісі жоқ, ауыл шаруашылығы да шалқып жатпаған, мұнайы бар дегенменен, баяғыдан оның бәрінің иесі бар Қызылорда соңғы кездері қай жағынан болса да қалай алға шығып кетті деп, өзгелер де, өзіміз де аң-таңбыз…
Бір жылдары Қызылорда Шымкентке қосылады деген сыбыс шықты. Одан Ақтөбеге қосылып қалады-ау дегенде ел қысыла бастады. Ауылдағыларға көктемде қаржы беріп, күзде қара күріштен қарызын жинап алып жүргендер амал жоқ, елде қалуға мәжбүр болған болар, әйтпесе құрылыс, сауда, мейрамхана бизнесіндегі талай жұрт қалтасындағысының қамымен Астанаға ауысты. Сөз ретінде айта кеткен жөн шығар, бүгінде дарияның сол жағалауында құрылыс салып, қала көтеріп жатқан құрылысшылар, расында да елге болсын дейтін жанашыр азаматтар, Сол жақ игеріле бастаған алғашқы тұста Қызылордада құрылыстың бір шаршы метрі басқа жақтан анағұрлым төмен екендігіне қарамастан, сол кездегі қала әкімі Н.Нәлібаевтың “ақадал еңбектерін жемейтін адалдығына, мәрттігіне сеніп қалған” жанкештілер, жоқтан бар жасаған, шеңгел мен жиде мекенінен қала салған оларға қандай да марапат артықтық етпейді…
Сөз басына қайта оралайық. Расында да, соңғы жылдары Қызылорда көп жұрттың “көзайымына” айналды. Қазір мұнда келушілер “расында да тап-таза қала екен” дейді. Енді бұлары Мемлекет басшысы бастамасымен өтіп жатқан “Таза Қазақстан – Таза қала” науқанында жеңімпаз болып жүрген Қызылорданы көзбен көргеннен кейін Таза Қызылорданы мойындағандары. Тағы да тақырыптан шығып кетуге тура келеді, өткенде осы тазалық аясында елімізде экомарафон өтіп, Қызылорда қаласына келген экомарафоншыларды бастап жүрген Мәжіліс депутаты М.Әбенов “Терейік десек, қоқыс таппай жүрміз. Қызылорда – таза аймақ, өйткені тазалық дегеніміз – қоқысты жинаудан бөлек, айналаны бүлдірмеу, қоқыс тастамау. Қызылордалықтар осы тәртіпке үйренген” деп әлеуметтік желіден өзгелерге өзімізді үлгі етті.
Үкімет үйінде өтетін Үкімет жиынында да Қызылорда өзгелерге үлгі болып жатады. Үкімет басшысы Үкіметтің талай жиынында “Қызылордадан үйреніңдер, үлгі алыңдар” дегенінен кейін, Қызылордаға басқа өңірден келушілер көбейді. Сөзіміздің бір мысалы: өткенде бюджет қаражатын үнемдеу жөнінде республикалық жиын өтіп, жиынға келгендер облыс әкімі Н.Нәлібаевтың әлеуметтік, білім, мәдениет, спорт салаларында үнемделген қаржыны қалай жаратып жатқанын біліп қайтты. Жалпы облыста бюджет қаражатын үнемдеу расында да бұдан үш жыл бұрын құрылыс материалдары қымбаттағанда құрылысшылар сұранысымен бюджеттен бөлінейін деп тұрған 3 млрд.-қа жуық қаржының бюджетке кері қайтқанынан басталған еді. Содан бері біраз қаржы үнем болды. Үнем жұртқа үлгі болды.
Жалпы көптің көкейіндегі көп сұрақпенен “Хабар 24” арнасы Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаевты “Бетпе-бет” хабарына шақырыпты. Облыс әкімі Н.Нәлібаев хабар жүргізушісі Арман Балтабайұлының сұрақтарына жауап беру арқылы жалпы жұрт көкейіндегі сұрақтарға жауап берді десе болады. Әттең, эфир уақыты шектеулі болып айтары көп әкімнің көп айтарына уақыт жетпей қалды…
– Мемлекет басшысы аймақтарда инвестициялық климатты жақсарту жұмыстары күн тәртібінен түспеу керектігін үнемі айтып келе жатыр. Осы ретте өңірде бизнеске қолайлы қандай жағдай жасалған, жалпы өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығы қаншалықты?
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа инвестжобалар жүзеге асуда. Өңірде 2022 жылдың басында тартылған инвестициямен есептесек, биыл 720 млрд. теңгенің үстінде инвестиция тартылады. Өсім 233%-ды құрайды. Қазір инвестиция саламын деген азаматтарға барлық өңірлерде жағдай жасалуда, жер телімдері берілуде, оған қажетті инфрақұрылым тартылуда. Одан бөлек Үкімет тарапынан да жеңілдетілген несиелер берілуде. Сол жұмыстар біздің өңірде де атқарылуда.
Қазір жаңа өндіріс орнын ашамын деген кісілерге “Бәйтерек” арқылы 2,5 – 4 %-дан несие берілуде. Сонымен қатар бізге қажетті ауыл шаруашылығы саласына өткен жылдан бастап “Кең дала-2” бағдарламасы арқылы 5 %-бен жеңілдетілген несие берілуде. Мемлекет басшысы жақында өңірде іс сапармен болды. Сол кезде Мемлекет басшысы елімізде биылғы жылы 1 трлн.-нан астам қаражат ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінді деді. Бұл қамқорлықты Сыр өңірінің шаруашылықтары ерекше сезінуде. Бұрын екінші деңгейлі банктерден 20%-дың үстінде несие берілсе, өткен жылы, биыл “Кең дала-2” арқылы 5%-бен жеңілдетілген несие шаруашылықтар үшін үлкен қолдау болды. Бұл арада негізінен 85% кепілдікті “Даму” институты беріп жатыр. Ал, шаруашылықтар 15%-ға өз кепілдіктерін қойса, сол жеткілікті. Біздің көп шаруашылықтар осы мүмкіндікті пайдаланды. Қазір егінін жинап, өнімін өткізгеннен кейін, несиелерін уақытылы қайтаруда.
Шет елден келетін инвесторларға да үлкен жағдай жасалуда. Бізде түркиялық инвестор “Aksa Energy” 500 млн. долларға жылу электр орталығын салды. Бірінші жер телімін бердік, инфрақұрылымын қамтамасыз еттік. 15 млрд. теңгеге көгілдір отын жеткізіп бердік. Қалған қаражаттың барлығын компания өзі салды. Ауыл шаруашылықты өңір болғандықтан ауыл шаруашылығын дамытуға, оны әртараптандыруға да ерекше көңіл бөлудеміз. Негізгі дақыл – күріш дақылы. Суды көп қажет етеді. Орын алып отырған су тапшылығына орай суды аз қажет ететін дақылдарға көңіл бөлудеміз. Осы салаға да инвестор шақырудамыз. Жаңа жобаларымыз да бар. Өйткені су тапшылығы біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша сезілуде. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен осы қиындықты еңсерудеміз. Мемлекет, Үкімет басшылары көрші елдермен сөйлесіп, Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оңтүстік өңірлерді аралап, су тапшылығын болдырмаудың жолдарын бірлесе іздеп, биыл біз ол қиындықты да еңсердік. Еккен дақылымыз сумен қамтамасыз етілді. Жақсы өнім алдық. Әрине суды барынша үнемдеу керек. Сол үшін де Мемлекет басшысының тапсырмасымен суды аз қажет ететін дақылдарды өсіруге, су жүйелерін тазалап, ретке келтіріп, цифрландырып, күріш алқаптарын лазерлік тегістеп жатырмыз. Биыл 81 мың гектар жерге күріш ексек, соның 60 мың гектарға жуығын лазерлі тегістедік. Нәтижесінде суды 30%-ға үнемдедік, өнімділікті де 25-30%-ға дейін көбейтудеміз. Бұл өте тиімді. Инвесторларды бұл тұсқа да шақырудамыз. Қазір 15 мың гектар жерге жүгері ексек дейміз. Жүгері күрішке қарағанда 7-8 есе суды аз қажет етеді. Әрі біздің жерге жерсінеді. Бір қиыны біздің жеріміз солтүстік өңірлерге, Петропавл, Қостанай, Павлодармен салыстырғанда құнарлығы өте төмен. Көп дақыл жерсіне бермейді. Біз мамандармен ақылдасып, жан-жақты зерттеп, қазір жүгері егісін көбейтсек, оны терең өңдесек деп жатырмыз. Әрине бұл іске инвесторлар тарттық. Олар 30 млрд.-тан астам қаржы саламыз деп отыр. Тағы бір шетелдік инвестор жүгері, соя егеміз дейді. Қазір жер телімі берілді, өз тарапымыздан мүмкіндігіне қарай басқа да қолдау көрсетілуде. Енді оған қажетті жарық, су сияқты қажеттіліктерді инфрақұрылымды қамтамасыз ететін боламыз.
“Байқоңыр” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бар. Сол арқылы да инвесторларға қолдау жасалуда. Кейде біз оларға қаражат бөліп, серіктес болып бірге жұмыс істеудеміз.
2022 жылы қазан айында Қызылордада шыны зауыты іске қосылды. 190 мың тонна шыны табақшалары шығуда. Қазір зауыт жанынан жаңа өндіріс орындары ашылуда. Өткен жылы 6 млрд. 700 млн. теңгеге энергияны үнемдейтін көлегейлегіш әйнек шығаратын өндірісті іске қостық. Алдағы екі жылда тағы да 27 млрд. теңгеге 2 өндірісті іске қосамыз деп жобалаудамыз. Одан бөлек 60 млрд. теңгенің үстіндегі қаржыға шыныдан бөтелке шығаратын зауыт құрылысы жақын күндері басталады. Қазір жобалау жұмыстары аяқталды, жер телімдері берілді. Біз осы шыны зауытының айналасында шыны кластерін құрсақ па деп отырмыз. Жақында ғана айна шығаратын кіші өндіріс орны іске қосылды. Бірінші кезеңі 1,5 млрд. теңге. Алдағы уақытта оны үлкейтетін боламыз. Осындай бірнеше өндіріс орнын, негізі 8 ірі өндіріс орнын осы шыны зауыты айналасында ашсақ деп ойлаймыз. Тағы да бір ірі жоба – Шиелі ауданында әк шығаратын жаңа өндіріс орны келер жылы іске қосылады. Жоба құны – 17 млрд. теңге. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталды. Келер жылдың ортасында іске қоссақ деп отырмыз. Ірі жобалар көп. Сондай ірі жобаның бірі Үкіметтің, “Бәйтеректің” қолдауымен Арал ауданында кальцийленген сода зауыты құрылысын бастаймыз. Оның құны 150 млрд. теңгеден асады. Оған да бастапқы қажетті инфрақұрылым апарылды. Жер телімі берілді. Осындай жаңа жобаларды іске қоссақ, өңірдің дамуына жаңа серпін болары анық. Бұл арада жүзеге асатын жобалардың ең ірілерін айттым. Әйтпесе ашылатын шағын өндіріс орындары көп. Жақында Мемлекет басшысы өңірде болды. Нан-тоқаш, макарон өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылды. Құны – 5 млрд. 200 млн. теңге. Одан бөлек жылына 90 млн. кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылды. Құны – 5 млрд.-тан астам. Бұл зауыт өңірге қажетті кірпіштің 90% шығарады.
Қазір құрылысқа қатты көңіл бөлінуде, әрі құрылыс та қарқынды дамуда. Өңірге қажетті құрылыс материалдарының 90%-ы өзімізден шығады. Шыны, кірпіш, одан бөлек Шиелі ауданында жылына миллион тонна цемент шығады. Енді бізге ең қажеттісі термогранит плиткалар. Оны да шығаратын зауыттың құрылысын бастаймыз деп, инвестормен жұмыс жасап жатырмыз. Құны – 27 млрд. теңге. Одан кейінгі бір мәселе санфаянс шығару. Ол бойынша біз Үкіметпен бірге жұмыс жасадық. Жақында ғана Үкімет басшысы алдында келісімге қол қойдық. Қазір инвесторға жер телімдері берілді. Жоба жасалып жатыр. Келер жыл басында құрылысы басталады. Бірінші кезеңі – 70 млн. еуро. Санфаянстың 500-ге жуық түрі шығады. Демек, қазір сырттан әкеліп отырған асхана, дәретхана, жуынатын бөлмеге қажетті барлық унитаз, қолжуғыш, душ сияқты қажеттіліктерді өзімізден шығаратын боламыз. Әзірге бұндай өндіріс елімізде жоқ. Бәрі сырттан келіп жатыр. Испаниялық компаниямен келісім шарттың нәтижесінде осы зауыт құрылысын келер жылы бастаймыз. Жақында ғана компаниямен кездесіп, зауыттарының бәрін көрдік. Айналымы өте үлкен, 2 млрд. еуро үстінде. Алдағы екі жыл ішінде іске қосамыз. Ол кезде еліміздің басқа қалаларына, жақын елдерге де сатуға шығарамыз.
– Біздің білуімізше еліміздегі 10-ға жуық жылу электр орталықтары күрделі жөндеуді қажет етеді. Өзге өңірлердің шамасы келмей жатқанда Қызылорда өңірі жаңа жылу электр орталығын іске қоспақшы. Сіздің өңір бұны қалай іске асырды? Оның үстіне Президент таяуда ғана Сыр өңіріне барған кезде заманауи әуежайды, стадионды көрсеттіңіздер. Мұның бәрі қалай жүзеге асып жатыр?
– Мемлекет басшысы Павлодарға іс сапары кезінде еліміздегі жылу электр орталықтарының 80%-ға жуығы тозған деді. Шынында да солай. Еліміздегі 10 апаттық жағдайдағы орталықтардың біреуі біздікі. Естеріңізде болса, 2022 жылы Мемлекет басшысы Туркия еліне арнайы іссапармен барды. Сол сапарда түрік инвесторларын біздің елге инвестиция салуға шақырды. Мемлекет басшысының шақыруын қабыл алып, Түркияның “Aksa Energy” компаниясы келді. Біз олармен 2022 жылдың аяғынан келіссөздер жүргіздік. Нәтижелі болды. 2023 жылдың жаз айларында жаңа орталықтың құрылысы басталды. Бұл Мемлекет башысының бақылауында тұрған нысан болғандықтан, “Aksa Energy” күндіз-түні тынбай жұмыс жасады. Сол арқылы біз орталықтың құрылысын мерзімінен бұрын аяқтадық. Негізінен құрылысы 2026 жылдың тамыз айында аяқталуы керек болатын. Қазір пайдалануға берілуге жақын. Мемлекет басшысы кешегі Қызылорда өңіріне сапары барысында осы орталықта болды. Біз құрылыс жұмыстарымен таныстырдық. Қазір 176 МВт электр энергиясын шығаратын 2 қондырғы іске қосылды. Қалаға жылу беруге де дайын. Енді үшінші 95 МВт электр энергиясын шығаратын бу-газ қондырғысы келер жылдың басында іске қосылады.
Басында орталық 240 МВт электр энергиясын шығарады деп есептелген еді. Қазір 270 МВт электр энергиясын өндіреді, оның 20 МВт-ын сол “Aksa Energy” компаниясы өз мұқтаждықтарына пайдаланады, 203 МВт-ын біз өңірдің қажеттілігіне жұмсаймыз, қалған 47 МВт-ты басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік алатын боламыз.
– Яғни өңірде электр тапшылығы толығымен шешіледі ғой…
– Ия, бұған дейін электр энергиясы мәселесінде біз сыртқа тәуелді болып келсек, енді сол сыртқа өзіміз сата аламыз. Қала жылумен толық қамтамасыз етіледі. Бұл орталық 500 млн. долларға салынды. Біз 15 млрд. теңгеге көгілдір отын апарып бердік деп айттық. Қалған жұмыстың барлығын компания өздері жасады. Олардың алдында біздің ешқандай міндеттемеміз жоқ. Өздері қаражаттарын салды, енді өндірген электр энергиясы, жылуды сату арқылы алдағы жылдары өз шығындарын өтейтін болады. Орталық ең соңғы жаңа технологиямен салынды, барлық қондырғылары Еуропадан әкелінген. Көп жыл бойы ел игілігіне қызмет жасайды деп есептейміз. Қазір пайдаланып отырған ЖЭО 1964 жылы салынған, әбден тозығы жеткен. Жаңағы айтқандай 10 апаттының біреуі болғандықтан кез-келген уақытта тоқтап, қала жылусыз қалуы әбден мүмкін. Мемлекет басшысына рахмет, түркия инвесторын шақырып, соның арқасында жаңа жылу электр орталығы салынды. Нәтижесінде Қызылорда электр энергиясына тәуелсіз болады, әрі тарихта бірінші рет оны сыртқа сатуға мүмкіндік алады.
Тағы бір үлкен мәселе: Қызылорда осы уақытқа дейін ыстық су тұтынбай келген бірден-бір облыс орталығы еді. Күн көргені – Аристон. 2023 жылдың 10 қазанында Мемлекет басшысының өңірге іс сапары барысында мен оған жерлестерімнің өтінішін жеткіздім. Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма берді. 2024-2025 жылдарға екі кезеңге тиісті қаражат бөлініп, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 2024 жылды 11 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қаладағы көпқабатты үйлердің 50%-ға жуығы ыстық сумен қамтылды. Биылғы жылы сол жұмысты аяқтау үшін тағы да 15 млрд. 200 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазір жұмыс жүруде. Жыл аяғына дейін Қызылорда қаласының көпқабатты үйлері толықтай ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Барлық жоба құны – 26 млрд. 200 млн. теңге. Тағы да бір айта кететін үлкен жаңалық: Мемлекет басшысы Катар мемлекетіне арнайы іс сапармен барды. Сол кездері де инвесторларды біздің елге инвестиция салуға шақырған болатын. Қазіргі таңда “Самұрық Энерго” компаниясы Катар елінің үлкен компаниясымен бірге біздің өңірде 892 млрд. теңгеге 1100 МВт электр энергиясын өндіретін үлкен электр орталығы құрылысын салуға шешім қабылдады. Қазір 250 гектар жер телімі берілді. Жоба жасалып жатыр, келер жылы құрылысы басталады. Бұл – газ арқылы электр энергиясын өндіретін газ қондырғы. Бұл жоба аясында біздің өңірімізге 3 трлн.-ға жуық инвестиция тартылады. Өйткені бұған “Бейнеу-Шымкент” екінші желісі тартылатын болады. Оның құны – 2,8 трлн. теңге. Соның 55%-ы біздің өңірден өтеді. Бұл арқылы өңірге 1 трлн. 700 млрд. инвестиция тартылады. Ұлытау облысымен екі ортада 220 млрд. теңгеге электр желісі тартылады. Ал газ қондырғының құны – 882 млрд. теңге. Барлығын қосқанда 3 трлн. қаражат біздің өңірге тартылады. Сонда қаншама жұмыс орны ашылады, қаншама салық түсетін болады. Бір ғана мүлік салығының өзі 45 млрд. теңгедей екен. Әрине мұның барлығы біздің өңірдің дамуына үлкен серпін береді.
Біздің өңіріміз қазір мұнайға тәуелді болса, ауыл шаруашылығына бейім өңір болса, алдағы уақытта осындай жаңа жобалар жүзеге асқанда мұнай мен ауыл шаруашылығына тәуелді болып отыра бермейміз. Оның үстіне бізде қазір мұнай азайып жатыр. Осыдан он жыл бұрын 12 млн. тонна мұнай өндірілетін болса, қазір мұнай өндіру көлемі 3 млн.300-ге дейін төмен түсті. Оның орнын толтыруымыз керек. Соған байланысты үлкен жобалар Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде жүзеге асуда.
– Өңір халқының тұрмыстық сапасы жөнінде айтып жатырсыз. Ыстық сумен, электр энгергиясымен қамтамасыз етілуде. Ендігі мәселе – газ бен сапалы ауыз су. Қалай шешілуде?
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Барлық өңірлердегі барлық елді мекендер биылғы жылы толық сапалы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек. Осы тапсырма бойынша біздің өңірімізде де үлкен жұмыс атқарылды. Соңғы 2-3 жылда 16 млрд. 200 млн. теңге қаржы жұмсалды. Биыл өңіріміздегі барлық елді мекендерді толық сапалы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етеміз. Алдағы 1 желтоқсанға дейін барлық елді мекен 100% таза сумен қамтамасыз етіледі. Біз жақында ғана Арал ауданынан 117 шақырым қашықтықта орналасқан “Ақбасты” деген ауылға 3 млрд. теңгеге су апардық. Ел ерекше қуанышын білдірді. Ел ішінде қаншама қаражат қайтып жатыр, ол қайда жұмсалуда деген сұрақтар болатыны рас. Міне, су келіп жатыр, сондай-ақ 10 “Келешек” мектеп салынды. Қазір ауруханалар жанынан қосымша құрылыстар салынуда, жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, 28 амбулатория салынды. Осының бәрі негізінен қайтарылған қаражат есебінен.
Бюджеттен ғана емес, бюджеттен тыс осындай көздерден де қаражаттар келіп, өңірде көптен қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етті. Көгілдір отынға келетін болсақ, 2022 жыл басында елді көгілдір отынмен қамтамасыз ету 67%-ды құраса, бүгінде 83%-ға жетті. Жақсы көрсеткіш. Бұл ауылдық жерлер ғана. Әйтпесе облыс орталығы 100% қамтамасыз етілген. Халыққа қажетті жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жетті. Бұл да жақсы көрсеткіш. Соңғы 3 жылда 150 млрд. теңге үстінде қаржы осы жолдарды жаңадан салуға, қайта жаңғыртуға, жаяу жүргіншілер жолын салуға жұмсалды. Қаланың өзінде 280 көше осы жылы жаңадан салынды. Бұл жұмыстар елді мекендерде, ауылдарда өз жалғасын табуда.
– Жақсы жобалар жүзеге асып жатыр екен. Мұның бәрі қаражат талап етеді. Мемлекет қаражаты талан-таражға ұшырамай, оны үнемдеп жұмсау үшін қандай іс-шаралар жасалып жатыр? Қазір өзіңіз де білесіз, жасанды интеллект, цифрлық теңге дейді, неше түрлі жаңа технологиялар ендіріліп жатыр. Өңірде не істеліп жатыр?
– Қаражатты үнемдеудің басын 2022 жылы бастадық. Әсіресе әлеуметтік салада, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт саласында көп қаражат үнемдедік. Ол бойынша Мемлекет басшысының кешегі іс сапарында толық баяндадым. Біз осы 3 жыл ішінде 108 млрд. теңгедей қаражат үнемдеппіз. 2022 жылы 63 мыңдай отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, қазір олардың саны 19 мыңға дейін азайды. Олардың көпшілігін жұмысқа тұрғыздық, заңсыз алып отырғандарға түсіндіріп, заң жүзінде алу керектігін жеткіздік. Нәтижесінде 8,5 млрд.-тай қаражат үнемдедік. “Art спорт” бағдарламасы арқылы да соңғы 3 жылда 13,5 млрд. теңгедей қаражат үнемделді. Цифрландырудың мүмкіндігі әрине мол. Қандай мекеме, кәсіпкер айналысып жатыр, соның барлығына фейсайди орнаттық. Сол арқылы нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, балабақшаларда бұрын 100 бала келсе, есепті 200 бала деп толтырып, 2 есе ақша алып келген, өкінішке орай. Жасалған жұмыстар нәтижесінде мемлекеттің көп қаражаты кейін қайтарылды. Егер біз қаражаттың мақсатты, нақты жұмсалуын зерделемесек, мемлекет қаржысы әрі қарай да талан-таражға түсе берер еді. Соңғы 3 жылда балабақша, мектеп, колледждері бар, жалпы 60 млрд. үстінде ақша үнемделді. Бұл – үлкен қаражат. Осы қаражаттарға халыққа, елге қажетті мектеп қасынан қосымша ғимараттар салып, 3 маусымдық мектептер мәселесін шештік. Балабақша жетпей жатқан жерге балабақша салдық. Мәдениет үйлерін, спорт нысандарын салдық. Аудандарда 11 млрд.700 млн. теңгеге “Руханият” орталықтарын салдық. Керемет орталық. Көпке ұнап жатыр. 7 мекеме біріктірілген. Мемлекет басшысы айтып жүрген тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана, мұражай, архив, ардагерлер, аналар, жастар үйлері, Үкіметтік емес ұйымдар барлығы бір ғимаратқа шоғырланған. Бұл арқылы да біраз қаражат үнемделді. Өйткені әр мекемені бөлек салсақ, көп қаражат кететіні сөзсіз. Үнемделген қаражат есебінен 26 млрд. 500 млн. теңгеге 11 мың орындық үлкен стадион салып, Мемлекет басшысының осы тараптағы тапсырмасын алғашқы болып орындадық. Стадион УЕФА стандарттарына сай. Тиісті сертификаттарын алды. “Қазақстан кубогі” финалы осы стадионда өтті. “Ордабасы – Тобыл” командаларының ойынын да осы стадионда тамашаладық. Стадион көпсалалы, бокс, күрес, гимнастика сияқты әралуан секциялар орналасқан. Бұдан бөлек 11 млрд. теңгеге “Сыр жұлдыздары” шығармашылық академиясы, 3,5 млрд. теңгеге көп салалы, 1000 орындық “Өнер орталығын”, 1,5 млрд. теңгеге “Отбасы орталығын” үнемделген қаражат есебінен ел игілігіне жараттық. Қазір Қызылорда “Арена” спорт кешені салынып жатыр. Ол – 20 млрд. 500 млн. теңге.
– Эфир уақытылы шектеулі. Жыл қорытындысын айтып бердіңіз. Келер жылға қандай жоспар?
– Жақсы жолдар үлесін 95%-дан асырып, 100%-ға жеткізу, көгілдір отынды 83%-дан асыру деген сияқты, халыққа ең қажетті деген жобаларды ең бірінші кезекте жүргізетін боламыз. Үлкен жобалар да бар. Мемлекет басшысы жариялаған “Таза Қазақстан” акциясы аясында көп жұмыс жасалуда. Президент паркі қайта жаңғыртудан өтуде. Жоба құны – 15 млрд. теңге. Парк ішінде балаларға қысы-жазы жұмыс жасайтын жазғы-қысқы тынығу лагері салынуда 10 млрд.теңгеге. 5 млрд. теңгеге ботаникалық бақ салынуда, үлкен бес жұлдызды қонақ үй салынып жатыр. Бұдан бөлек 48 млрд. 500 млн. теңгеге Ана мен бала орталығы құрылысы жақын күндері басталады. Үлкен 9 қабатты 15 әдемі қазіргі заманауи үйлер бой көтеруде. Осындай үлкен жобалар бар. Әлеуметтік салада да. 36 млрд. 500 млн. теңгеге көпсалалы аурухана салынуда. Онкологиялық бөлімшесі бар. Қалада 500 орындық емхана құрылысы жақын күндері басталады. Ең негізгісі айтылған инвестжобаларды бастап, оларды тезірек аяқтап, ел, халық игілігіне жарату.
P.S. Сұхбат ықшамдалды. Биылғы жылға өкпе жоқ, келер жылы да жаңалық көп…