Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі қаралды.
Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін іске қосуға және қайта өңдеу қуаттарына қатысты жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекітті. Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі несие беру мерзімі және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесі қарастырылады.
Бүгінде елімізде 232 млрд теңгеден асатын 94 жоба іріктелді. Оларды іске асыру төсемтастарды, люктерді, қоқыс жәшіктерін, шыны ыдыстарды, стрейч пленкаларын және басқа да халық тұтынатын тауарлар шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлер арқылы 21 жоба пысықталды. Жобаларды іске асыру сұрыптау желілерінің қуатын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі қалалар мен ірі елді мекендерді қамтуға мүмкіндік береді.
Жиын барысында Үкімет басшысы:
– Қызылорда облысының аудандарында қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жобалар көзделуде. Оларды қашан іске қосасыздар? – деп, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа сұрақ қойды.
Қызылорда облысын әкімі Н.Нәлібаев:
– Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5 %-ы өңделді. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынды. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд. 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырамыз. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталды.
Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралды.
Жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылады, жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтеді. Нәтижесінде құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны өнімдері шығарылады.
Қалдықтарды басқаруда біз Қызылорда қаласына аса мән берудеміз. Қызылорда қаласында құны 33 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылады. Оның бірі – 4 млрд. теңгені құрайтын қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Жоба аясында қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері, жалпы 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Осылайша полигонның қалдықтарды қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды.
Бұдан бөлек шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады, жоба құны 29 млрд.теңге, қуаттылығы жылына 220 млн шыны ыдыс шығарады. Зауытқа шикізат ретінде республика бойынша жиналған шыны қалдықтары қолданылады. Жалпы жобалардың барлығы өзімнің тікелей бақылауымда – деп жауап берді.
Үкімет басшысы О.Бектенов:
– Жобалардың бәрін аяғына дейін жеткізу керек. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал, қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз. Қызылорда облысында әрбір ауданда қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда. Осындай оң тәжірибелер әр өңірде болуға тиіс, инвесторлармен жақсы жұмыс жасаған нақты жобалар бар. Қызылорда облысының осы оң тәжірибесін өзге өңірлерге де тарату керек – деп Экология және Табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаевқа тапсырма берді.