Судья өз қызметін атқару барысында тәуелсіз әрі Конституция мен заңдарға бағынады. Заңды сақтау әрбір судья үшін ерекше талаптардың бірі. Судьялар тек қана кәсіби заң маманы болу емес, мінезімен, жүріс-тұрысымен, айрықша көзқарасымен ерекшеленіп отыруы тиіс. Осы мақсатта судьялық кадрларды жақсартуға және соттардың тәуелсіздігін күшейтуге заман талабына сай түрлі шаралар қабылданып, реформалар жасалып келеді.
Оған дәлел 2018 жылы қабылданған «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы. Жобада «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Smart-сот», «Коммуникациялық стратегия» және «Сотқа дейін, сотта татуласу» сияқты жеті бағдарлама қамтылған. Осы бағдарламаларды іске асыру үшін әр түйін сайып келгенде судьяның мінсіз болуымен ұштасып жатады.
Сонымен «Мінсіз судья» түйінін тарқатып көрсем.
«Театр киім ілгіштен басталады» демекші соттың халыққа сапалы қызмет көрсетуі – сот төрлегін іске асыратын судьялар корпусын іріктеуден басталады. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талап бұрыңғыдан анағұрлым қиындатылған. Конституция мен нормативтік актілерден құралған біліктілік емтиханы, тақырыпқа сай эссе жазу, кейс тапсырмаларын орындау – болашақ судьяның қарым-қабілетін, ойлау деңгейін анық көрсетіп береді. Бұл тек мінсіз кандидаттар ғана судьялық лауазымға өте алады деген келеді.
Судьялардың істі қарау барысында рөлі күшейді. Бұрын судья істі талаптың мәнімен қарайтын болса, қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтау үшін бастама көтеру өкілеттігі берілген. Мысалы тараптарды татуластыру барысында судья шешім қабылдауға шығып кеткенше тараптарды барынша бір бітімге келуге шақырады немесе уақыт белгілейді. Яғни төрешілерге бітімгершілік міндеті қоса беріліп отыр.
Сонымен қатар, былтыр қолданысқа енген әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте судьяның белсенді рөлі қағидаты іске қосылды.
Судьяның белсенді рөлінің маңызы сол – істі қарау барысында талаптан немесе тараптар ұсынған дәлелдемелерден бөлек, өз бетінше дәлелдемелерді зерттеп, қосымша құжаттар сұрата алады. Осының негізінде бір істі қарау барысында мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғалар жіберген қателікті әрі заңсыздықты әшкерелей алады.
Судьяның мінсіздігінің тағы бір белгісі – оның қабылдаған сот актілерінде. Республика атынан шығаратын, мемлекеттік бүкіл аумағына орындауға жататын әрбір сот актісі көпшілікке түсінікті, заңды, негізді болуы үшін жаңа ереже қолданысқа енгізілді. Онда судьялар сот актісін шығаруға негіз болған жайларды тараптарға түсіндіруден бастап, сот актісін жасақтауға қойылатын нақты техникалық талаптар, әріптер мен сөздердің орналасуы, әрбір ой ықшам әрі бір ғана сөйлеммен түсінікті етеуге дейін қамтылған. Судья өзі қабылдаған сот актісін қарапайым тілде түсіндіріп беруі міндетті.
Аталған жобаның міндеті – халықтың ой-пікірін ескере отырып, сұрыптылып жасалған деп ойлаймын. Себебі судьяның әрбір істі әділ қарауы, сапалы әрі заңды шешім қабылдауы – заң үстемдігін орнатуға бағытталған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі хәм халықтың конституциялық құқығын қорғаудың кепілі.
Осы мақсатқа қол жеткізгенде ғана «Мінсіз судья» жобасы түбегейлі орындалды деуге негіз бар.
Әбілқайысқызы Айнұр
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы