– Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды.
– Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын.
– Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу мәселесін қарастырған жөн. Аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз. Шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы кең мүмкіндікке жол ашады. Оны дамыту аясында жоғары технологиялық жобаларды іске қосуға баса назар аударған жөн.
– Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз.
– Жасанды интеллект саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту үшін аталған технологияны қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу керек. Орталық Азия мемлекеттерінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы декларацияның жобасын дайындауды ұсынамын. Құжат бірлескен цифрлық жобалар аясында мәлімет алмасқан кезде ашықтықты, сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, барлық қатысушының құқығы қорғалатынына кепіл болады.
– Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін.
(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзінен)